Егеменді мемлекеттің қауіпсіздігіне жауапты, оның ажырамас бөлігінің бірі – өзінің Қарулы Күштері екені анық. Өткен ғасырларда да жауынгерлер елдің тірегі бола білді. Тәуелсіз елде халықтың бейбіт, бақытты өмір сүруі әскерінің өз жерін жауларынан қорғай алуына байланысты.
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап бүгінгі күнге дейін үздіксіз дамып келеді. Ең алдымен тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілді. Егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай, 1992 жылдың 10 қаңтарында елдегі тыныштықты күзету мақсатында ҚР Ұлттық ұланы құрылды. Ал биыл еліміздің қорғаны бола білген ұландықтарға 32 жыл толып отыр.
Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу – кез келген азаматқа беріле бермейтін мүмкіндік. Сайдың тасындай іріктелген ер азаматтар ғана Ұлттық ұлан қатарында сап түзей алады. Ұландықтарға жүктелген басты міндет – ел тыныштығын күзету. Жақында ұлттық мереке қарсаңында ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі атқыштар батальонында болып, қатаң тәртіпті ұстанған жас сарбаздар өздеріне жүктелген тапсырманы қалай орындайтынына куә болған едік.
Айта кетсек, аталған бөлім отырған ғимарат былтыр жыл басында күрделі жөндеуден өткен болатын. Іргетасы 1979 жылы қаланған нысанды 2022 жылы қайта жаңғыртуға облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Бүгінде атқыштар батальонының жеке құрамы жаңғыртудан өткен еңселі ғимаратта қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
ҚЫРАҒЫЛЫҚ – БАСТЫ ҚАРУ
Мереке қарсаңында облыс тұрғындарының тыныштығын күзетіп, қырағы қызметте жүрген жауынгерлердің өмірімен жақынырақ таныспақ ниетпен келген бізді 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрсұлтан Рахымбай күтіп алды. Нұрсұлтан Қайратұлының айтуынша, аталмыш бөлім сарбаздарының негізгі міндеті – түзеу мекемелерін қарауылдау. Батальон сарбаздары Тараз қаласында орналасқан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 3 түзеу мекемесін күзетеді. Бірі – қатаң түрдегі, екіншісі – орташа деңгейлі, үшіншісі – өндірістік аймақ. Сондай-ақ жауынгерлер осы мекемедегі сотталғандардың мінез-құлқын бақылауы қадағалау және айдауылдау бойынша қызметтерді атқарады.
– Әскери бөлімде үш рота, батальон командиріне тікелей қарайтын екі взвод бар. Тарқатып айтсақ, №25 түзеу мекемесін қарайтын бірінші, №58 түзеу мекемесін күзететін екінші және №59 түзеу мекемесін қарауылдайтын үшінші атқыштар роталары қызметте жүреді. Әр ротада 105 сарбаздан болса, мұнда шамамен 278 жауынгер әскери борышын өтеп жүр. Батальон командиріне тікелей бағынысты кинология взводы үш мекемені де күзетуге шығады. Сонымен қатар мекеменің іші жылы болуына, қызметкерлердің ас-суын дайындауға жауапты материалды қамтамасыз ету взводы бар. Материалды-техникалық база толығымен жаңартылған, жауынгерлік тапсырмаларды орындауға арналған қарулардың барлығы бар. Нақтылап өтсем, АК-74, РПК-74 автоматтары, снайперлік винтовкалар, резиналық тапаншалар және тағы да басқа қызметке қажетті қарулар түгел деп айтуға болады. Әскери бөлімнің негізгі мақсаты ішкі тәртіпті сақтау болғандықтан мұнда танк, миналарды кездестіре алмайсыз. Сондай-ақ батальонда сарбаздардан бөлек, келісімшарт бойынша 400-ден астам әскери қызметші де жауынгерлік міндетін өтеуде. Олардың қызметіне түрменің ішіндегі тәртіпсіздіктің алдын алу кіреді. Яғни түзеу мекемелерінің күнделікті өмірін бақылап, қандай да бір құқықбұзушылық орын алса, тосқауыл қойып отырады. Сондықтан оларды «надзор» деп атайды. Біздің сарбаздар жыл басынан бері шамамен 300-ден аса тәртіпсіздіктің алдын алса, осы аптаның өзінде 20 заңбұзушылыққа тосқауыл болды. Бұзықшылық деп отырғанымыз – азаматтардың түрмеге жасырын түрде есірткі не болмаса телефон алып кірмек болған заңсыз әрекеті, – деген Нұрсұлтан Қайратұлы мұндай қызметтегі әскерилер жүрек жұтқан батыл болуы керектігін айтты.
Құқықбұзушылықтың алдын алған үздік әскерилердің суреті ілініп тұрған Құрмет тақтасына назар аударып едік, атқыштар ротасында ең шыдамды, психологиялық тұрғыдан тегеурінді сарбаздар қызмет атқаратынына көзіміз жетті. Айтуға ғана оңай болғанымен қарауыл қызметі ерекше күрделі қызмет түрі саналады. Күрделі с А.Қартабай аумақтарда қызмет атқаратын сарбаздар киімдерін реттеп, қаруларына күтім көрсетіп, әртүрлі нұсқаулықтардан өтіп барып қарауыл қызметіне түседі. Бұл жерде ең бірінші кезекте тәрбие жұмысына мән беріледі. Нұсқамалық сабақтарда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметке дайындығы тексеріледі. Бұл теориялық және практикалық бағытта өрбиді. Теориялық нұсқаулық сабағында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің және ҚР Қылмыстық кодексінің баптары түсіндіріледі. Ал практикалық нұсқаулық сабағында сарбаздар дене шынықтырады. Заң бұзу, қылмыс жасаумен шектелмей, қарсылық білдірген азаматтарды құрықтау кезінде қолданатын әрекеттерді үйренеді. Заң бұзушыны құрықтаған соң құжат рәсімдеу, оны полиция қызметкерлеріне тапсыру сынды жұмыстар төңірегінде де өрбиді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, ең алдымен, сарбаздар медициналық тексерістен, түстен кейін нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жауынгерлік қызметке аттанады. Батылдықты қажет ететін мұндай қызметте жауынгердің ішкі рухы мығым болуы маңызды. Ауырып тұрғандар, қандай да бір себептермен қызмет атқара алмайтын сарбаздар қарауыл қызметінен шеттетіледі. Алайда бөлімде әзірге ондай жағдайлар орын алмаған. Қуантқаны, батальондағы сарбаздардың барлығы да қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленуде. Ең бастысы, жауынгерлердің ішкі рухы мығым.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОРЫШЫН ӨТЕУДЕ
Сіз бен біз жұмысқа барып-келіп, үйде тамақтанып, тынығып, демалыс орындарында серуендеп жүргенде күн-түн демей қала тыныштығын күзетіп тұратын сарбаздарды көргенде «Атаның баласы болмай, адамның баласы бол» деген мақал еріксіз еске түседі. Жауынгерлер – темір тәртіпке бейімделген жандар. Жігіттер ұйқысынан тұра сала жаттығуға кірісіп, шымырлығын арттырады. Таңғы астан кейін жауынгерлер тәрбиелік және нұсқамалық сабақтарға қатысады. Әскери қызметтің құндылығы мен жауапкершілігін сезіндіре отырып, әрбір жауынгерді отансүйгіштікке баулу сағаттары да осында жүреді.
Біз барған уақытта батальон сарбаздары, келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер мен офицерлер арасында волейболдан жарыс өтіп жатты. Нұрсұлтан Қайратұлы сайыстың Республика күніне орай ұйымдастырылғанын жеткізді.
– Бәсекеге барлығы 16 команда қатысып, бақтарын сынауда. Алғашқы күні он тур ойналды. Қазір іріктелген жеңімпаз топтардың арасындағы ширек финал ойындарына куә болып тұрсыздар. Айта кетерлігі, финалда суырылып алға шыққан жеңімпаз команда Республика күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында өңірлік қолбасшылықтар арасында өтетін республикалық ойынға қатысады. Жалпы батальонда спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Жақында ғана шағын футболдан турнир өткен болатын. Сарбаздарды спортқа денешынықтыру даярлығының бастығы Ринат Жетпісбай мен әр ротаға бекітілген нұсқаушылар жаттықтырады. Бөлімге келген жігіттер әскерге дейін қандай спорт түрімен айналысса, батальонда да жалғастыруға барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, жақында ғана Жұмағұл Өсерхан есімді снайпер жігітіміз Қарағанды қаласында өткен республикалық сайыста қоян-қолтық ұрыс спорт түрінен І орын иеленіп қайтты. Жеңімпаз сарбазды бөлім командирі арнайы марапаттап, 10 күнге үйіне демалысқа жіберді. Бөлімде спорттық жарыстар ғана емес, әдеби, мәдени іс-шаралар да жиі ұйымдастырып, тәрбиелік жұмыстарға Р.Ділмұратұлы барынша көңіл бөліп отырамыз. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шерхан Мұртаза сынды біртуар қайраткерлердің құрметіне, өлмес мұраларын насихаттау мақсатында салтанатты жиындар, сабақтар жиі өткіземіз, – деді Н.Рахымбай.
Кейін анықтап білгеніміздей, спорттық бәсекеде үшінші атқыштар ротасы жеңімпаз атаныпты. Енді аталмыш рота Алматы қаласында өңірлік қолбасшылықтар арасында өтетін республикалық сайысқа қатысып, батальон намысын қорғайтын болады.
Бір айта кетер жайт, қазіргі уақытта батальонда қол күрес спорт түрінен әлем чемпоны Рамиль Ғұсманов әскери борышын өтеуде. Спортпен 11 жасынан бері айналысатын ол 2019 жылы небәрі 15 жасында тұңғыш рет әлемдік бәсекеде топ жарып, өзін мойындатқан.
– Алматы облысы, Шонжы ауылынан боламын. Екі дүркін әлем, үш дүркін Қазақстан, екі дүркін Азия чемпионымын. Қазір жасым жиырмада. Әскерге келмес бұрын Спорт және туризм академиясында білім алғанмын. Ең алғашқы қатысқан әлем чемпионатым Румынияның Констанца қаласында өткен. Ол кезде жасым 15-те еді. Алпыс келі салмақта қатысып, финалдық бәсекеде грузин спортшысына қарсы шықтым. Келесі әлем чемпионаты бір жылдан соң, яғни 2020 жылы Түркияның Анталья қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолы түрік азаматымен күш салыстырып, әлем чемпионы атағын қорғап қалдым. Негізінде әлем чепионатында осал спортшы болмайды. Армения, Грузия, Канада секілді әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар сынға түскен додада елімнің атын шығарғаныма қуаныштымын. Болашағымды спорт саласымен байланыстырып, Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбірете беремін, – дейді сарбаз атқыш Рамиль Ділмұратұлы.
Отан алдындағы әскери борышын өтеген сарбаздарға мемлекет тарапынан тегін оқуға білім гранттары қарастырылғаны белгілі. Аталған жеңілдікті Ұлттық ұланның жауынгерлері де ұтымды пайдалануда. Н.Рахымбайдың сөзіне сүйенсек, грант иегерлерін «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы анықтайды екен. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалған жоба. Бағдарламада сарбаздың әскерге келген күнінен бастап қызмет атқару кезіндегі бағасы, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек әскердегі жауынгерлік дағдылары, түрлі іс-шараға белсенді қатысуы ескеріледі. Жақында ғана платформада грантты жеңіп алған жауынгерлердің есімі белгілі болыпты. Бұл жолы бас-аяғы 53 сарбаз білім грантын ұтып алған. Енді олар әскери міндетін аяқтағаннан кейін жоғары оқу орындарына қалаған мамандықтарына түсе алады. Ал былтыр 57 сарбаз грант иегері атаныпты.
ҚЫЗМЕТТІК ИТТЕР – СЕНІМДІ СЕРІК
Кез келген азаматтық қорғау қызметінде сарбаздарға бұзақыларды ұстауға қырағы иттер көмектесетіні белгілі. Қылмыстың ізін суытпай ашатын иісшіл жануар әсіресе Ұлттық ұланда үлкен сұранысқа ие. Осы орайда біз батальонның кинолог мамандарын да әңгімеге тарттық. 5513 әскери бөлімі атқыштар батальонының кинология взводының аға нұсқаушысы Нұрлан Сейдәзімовтің осы салада жүргеніне 20 жылға жуықтаған.
– Әскери борышымды 1996-1997 жылдары Өскемен қаласындағы Зайсан шекара басқармасында өтедім. Кинолог мамандығына деген қызығушылығым әскерде жүргенде ашылды деуге болады. Әскерге бармас бұрын кинология бойынша арнайы білім алдым. Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылында орналасқан «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызметтік кинология басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің алғашқы түлегі екенімді мақтанышпен айта аламын. Алғашқы жаттықтырған итімнің аты – Маркус. Ол итті Зайсанда шекарада жүргенде үйретіп, біраз қылмысты ашқанбыз. Әскери борышымды өтеген Зайсан шекарасы Қытайдың Зимунай ауылымен көршілес жатыр. Маркус екеуміздің шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 3 қытай азаматын ұстағанымыз күні кешегідей есімде. Отан алдындағы азаматтық парызымды өтеген соң 5513 әскери бөліміне қызметке келдім. Мұнда табаны күректей 20 жыл тер төктім. Қызметтік жолымда 4 итті жаттықтырыппын. Зарт атты есірткі табатын қызметтік итім болған. Онымен түрмеде орын алған біраз тәртіпсіздікті тоқтатқанбыз. Қазір қолымда Пикассо деген із кесуші төртінші әрі соңғы үйреткен итім бар. Осыдан екі жыл бұрын Пикассо Шайқорықта жоғалған 6 және 8 жасар екі баланы табуға көмектесті. Бүлдіршіндердің қаңыраған ескі бір үйдің ішінде отырғанын анықтап, аман-есен отбасына табыстадық. Келесі жылы зейнетке шығамын деп отырмын. Білгенімнің бәрін жастарға үйретіп жатырмын, – дейді Нұрлан Әбдуқасымұлы.
Маманның айтуынша, Алматыдан бір жасында келетін иттерді дайындауға небәрі үш ай уақыт кетеді екен. Жалпы мұнда бас-аяғы 30 кинолог маман қызмет етеді. Сақшы иттерді қырағы қызметке баулитын мамандардың да еңбегі ерен. Біліктіліктерін арттыру мақсатында кинологтар өзара сынға түсіп, түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып тұратынын айта кеткен жөн.
ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық әскери қолбасшылықтарында сарбаздарға арналған «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы табысты жүзеге асып жатқанын жазып жүрміз. Бізді Ұлттық ұланда бұл мәселе қалай шешілгені қызықтырды. Нұрсұлтан Қайратұлының айтуынша, ұландық сарбаздар да отбасымен қалаған уақытында ешқандай шектеусіз хабарласа алады. Бөлімде «Jas Tarlan» телекоммуникациялық компаниясының таксафондары орнатылған. Сол таксафондар арқылы жауынгерлер отбасымен бейнеқоңырау түрінде де, жай қоңырау түрінде де байланысқа шыға алады. Жауынгерлердің ата-аналары «Jas Tarlan» бағдарламасы арқылы таксафон карточкасына қаражат салып отырады екен. Сонымен қатар батальонда сарбаздардың күнделікті денсаулығын тексеретін медициналық кабинетте 1 дәрігер, 2 медбике қызмет етеді.
P.S Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өзінің бүкіл армия кеңесінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мемлекетіміздің сенімді тірегі екенін айта келіп: «Отанымыздың аумақтық тұтастығын сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ешкімнің біздің жерімізге қол сұғуын болдырмады және оны сақтауды өсиет етті. Біздің басты міндетіміз – бұл ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау. Біз ұрпақтарымызға біртұтас және мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Тек елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғай отырып, прогрессивті және дамыған мемлекет құра аламыз. Қарулы Күштер осы қасиетті құндылықтарды сенімді қорғауға арналған», – деген еді.
Біз барған бөлімнің әскери қызметшілері де Отанға адал қызмет етіп, жоғары жауынгерлік әзірлікте болудан және қырағылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуден таймай келе жатыр. Қорыта айтқанда, 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны – облысымыздың ішкі қауіпсіздігінің қалқаны дер едік.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ