Еркебұлан Талғатұлы қазіргі таңда қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде еңбек етеді.
Нейрохирургия ми мен жұлын, омыртқа ауруларын емдейтін медицинаның негізгі бағыты саналады. Нейрохирургия дамыған сайын бұрын күрделі саналған операциялар қолжетімді болып, емі жоқ аурулардың дәруі табылып жатыр.
Жалпы нейрохирург мамандарға артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Себебі орталық және шеткі жүйке жүйесіне қатысты кез келген операция өте күрделі. Нейрохирург Еркебұлан Талғатұлы да артылған жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген еліміздегі, өңіріміздегі білікті мамандардың бірі. Сегіз жылдық тәжірибесі бар дәрігер күніне кем дегенде үш операция жасайды. Еңбек жолында 2000-нан астам күрделі ота жасап, көптеген науқастың өмірін сақтап қалған. Еркебұланның ерекше ептілігі мен жауапкершілігі науқастары мен әріптестері тарапынан жоғары бағалануда.
– Адамның дене мүшелерінің ішіндегі ең нәзік орган – ми. Сондықтан миға ота жасау өте қиын. Бірнеше сағатқа созылатын ота аса ұқыптылық пен ыждағаттылықты, төзімділік пен шыдамдылықты, салқынқандылық пен сабырлықты талап етеді. Ауруына ем іздеп, дәрігер алдына келетін қаншама отандастарымыздың өміріне араша болып жүргеніме қуанамын. Етіміз үйреніп қалды десек те орталық жүйке жүйесіне ота жасау оңай емес. Негізінен мойын, бас ми тамырларына, жедел және созылмалы ауруларға ота жасаймын. Бізге көбіне инсульт алған науқастар келеді. Бұрындары инсульт деген тылсым дүние секілді еді. Осыдан жиырма жыл бұрын инсульт жайлы мәлімет аз болатын. Күрделі ағза болғандықтан ми сол кездері әлі толыққанды тексерілмеген еді. Қазіргі уақытта медицина дамып, ми тамырларына бипланды ангиограф аппаратын қолданып, рентгенге түсіре аламыз. Шағын инвазивті әдіспен оталар жасай аламыз. Бұл отадан соң науқас ертесіне-ақ аяққа тұрып кетеді. Негізі отбасымызда дәрігер мамандығын таңдаған ешкім жоқ. Біздің де әулеттен дәрігер шықсыншы деп өз қалауыммен №29 мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Еңбек жолымды Қалқаман ауданындағы №7 емханада нейрохирург болып бастадым, – дейді Е.Меркібеков.
Еркебұлан Талғатұлы – шын мәнінде төзімділік пен сабырдың үлгісі. Дәрігер біздің әр сұрағымызға байыппен әрі нақты жауап беріп отырды. Сұхбат барысында Еркебұлан инсульттің бүгінде күрделі медициналық мәселеге айналғанын жеткізді.
– Инсульт дегеніміз – бас ми тамырларының күрделі бұзылуы. Егер науқасты инсультке жеткізбей, ертерек әкелсе, ота жасау арқылы өмірін сақтап қалуға болады. Бауыр мен бүйректі трансплантациялауға болады. Қазіргі кезде нейрохирургиялық аурулар жастар арасында да жиі кездеседі. Бұрын ми ісіктері көбіне егде жастағы адамдарда анықталатын, ал қазір жастар арасында да жиі кездесетінін көріп отырмыз. Мұндай жағдайлар өте көп. Нейрохирургияның басты мақсаты – науқастың өмірін сақтау. Ми бірегей орган болғандықтан ауыстыру мүмкін емес. Сіз жүректі ауыстыра аласыз, донор таба аласыз, тіпті басқа біреудің бүйрегін немесе бауырын трансплантациялауға болады. Бірақ миды алмастыра алмайсыз. Біз халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейміз. Медицина бір орында тұрмайды. Қазақстандағы әрбір нейрохирург бұл саланың дамуына үлес қосуда. Елге жаңа, заманауи технологиялар әкелініп жатыр. Нейрохирургия әлі толық зерттелмеген, оны зерттеу және дамыту қажет. Мен дәрігерлердің пациенттер шетелге бармай-ақ, өз елімізде сапалы ем алу үшін тер төккенін қалаймын, – деп ойымен бөлісті Еркебұлан Талғатұлы.
Сөз басында Еркебұлан Меркібековтің басшылығымен тарихта болмаған үлкен операция жасалғанын айттық. Ота барысында Еркебұлан операторы болса, ассистент ретінде Болат Кеңшілік, анестезиолог Батырбек Медетов және резидент Нұрлан Қахар қатысты. Олар ми менингиомасына ота жасады.
Ми менингиомасы – ми қабықтарының тіндерінен пайда болатын қатерсіз ісік. Оның өсуі ми құрылымдары мен жүйке талшықтарына қысым жасап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Еркебұлан Талғатұлының айтуынша, менингиоманың нақты себептері толық зерттелмеген, бірақ белгілері біртіндеп пайда болып, науқасты мазалауы мүмкін.
53 жастағы әйелге жасалған операция – осындай күрделі жағдайлардың бірі. Оның миындағы негізгі сүйек қанаты аймағындағы үлкен ісік алынып, науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдай жойылды. Пациент ауруханаға бас ауруы, құрысу ұстамалары, есте сақтау қабілетінің төмендеуі және жалпы әлсіздік белгілерімен түскен.
Операцияның күрделілігі ісіктің үлкен мөлшерінде ғана емес, оның анатомиялық орналасуында және қантамырларының мол болуымен де байланысты еді. Үлкен ми тамырларын зақымдау қаупі өте жоғары болды. Бірінші кезеңде менингиоманы қоректендіретін қан тамырлары эмболизациясы жүргізіліп, операция барысында қан кету қаупін азайтты. Екінші кезеңде ісікті алып тастау 6 сағатқа созылды. Білікті мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында операция сәтті аяқталды, ал науқас денсаулығы жақсарған соң үйіне шығарылды.
Ибн Синаның «Дәрігердің үш қаруы – өткір пышақ, жылы сөз және шөп» деген нақыл сөзін Еркебұлан Талғатұлы жиі қолданады. Оның айтуынша, науқастарға жанашырлық танытып, оларға жылы сөздер айтатын дәрігерлер – ең мейірімді және адал жанашырлар. Операция жасаумен қатар, дәрігердің науқастың жандүниесіне демеу болып, жылы сөз айтуы да оның тезірек сауығуына ықпал етеді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА