Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық киімдер экспозициясы ашылды

Ұлттық киімдер экспозициясы ашылды
Ашық Дереккөз
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасы аясында Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Ұлттық киім құндылықтары – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық баскиімдер әлемі» атты этнос өкілдерінің ұлттық киімдер экспозияциясы ашылды.

Ашылу салтанатына «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан қатысып, баянды бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева экспозиция жайлы мол мағлұмат берді. Ж.Шілдебаеваның айтуынша, этнос өкілдерінің ұлттық киімдері жайлы QR код арқылы танысып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпарат алуға болады.

Экспозицияның ашылу салтанаты Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс шараға ұласты. Жиынға облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірлік «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді жастары және ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

– Егемендігімізді дәріптеп, тәуелсіздігімізді паш етуде Республика күнінің тарихи маңызы зор. Бұл күні егемендігіміз ең алғаш жария етіліп, тәуелсіз ел ретінде танылдық. Осынау ұлттық мерекеміздің мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру, патриотизмді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматына артылған қасиетті борыш. Айтулы мереке қарсаңында баршаңызға амандық, татулық, бақ-береке тілеймін! – деді мерекелік іс шараны құттықтау сөзбен ашқан Дәурен Тайлеев.

Сондай-ақ жиын барысында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосып, этносаралық келісімді қамтамасыз етуге белсене атсалысып жүрген облыстық ҚХА мүшелері марапатталып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар