Осы орайда «Еңбек кодексін көзіне ілгісі келмейтін жұмыс берушілерден азаматтар өз құқығын қалай қорғауы тиіс?» деген заңды сұрақ туындайды. Жұмыс беруші тарапынан жұмысшы не қызметкердің еңбек құқықтары бұзылса, жалақы уақытылы төленбесе, қауіпсіздік жайы еңбек шарттарымен қамтамасыз етілмесе, жұмыстан заңсыз шығару және басқа да мәселелер бойынша әрбір Қазақстанның азаматы облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы еңбек инспекцияларына өтініш бере алады.
Аталған заң шеңберінде өңірімізде жұмысшылардың құқығы қалай қорғалып жатқанын білу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовқа хабарласқан едік.
Айта кету керек, бұған дейін облыс әкімдігіне бағынысты болған еңбек инспекциясы басқармасы жергілікті атқарушы органдардан орталық мемлекеттік органның қарамағына өтіп, департамент мәртебесін иеленген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментіне өткен. Десе де халықаралық конвенциялар нормаларына сәйкес еңбек заңнамасының сақталуына және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілуіне мемлекеттік бақылау жүргізуді осы департамент әрі қарай жалғастыратын болады.
Жыл басынан бері еңбек қатынастарын реттеу саласындағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсек, мемлекеттік еңбек инспекторлары осы жылдың 9 айында жоспардан тыс 95 тексеру жүргізіп, 133 бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 125-і еңбек қатынастарына, үшеуі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және бесеуі халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 41 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 18 ескерту және 14 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылған. Нәтижесінде 2,1 миллион теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынып, олар толығымен өндіріліп, еңбек заңнамасының бұзушылықтары түгел жойылыпты.
– 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарға сәйкес 22 кәсіпорында профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, 185 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 104 еңбек қатынасы, 79 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 2 халықты жұмыспен қамтуға қатысты 22 нұсқама берілді. Қазіргі уақытта профилактикалық бақылау жұмыстары бойынша анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылды. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардан 647 арыз-шағым түсіп, оның 543-і қаралып, 104-і тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында 145 еңбек ұжымында 1 856 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында 120 тұрғынға еңбек заңнамаларына қатысты консультативтік кеңестер берілді. Одан бөлек «Ашық есік» күндері, семинар-кеңестер, еңбек ұжымдарымен кездесу секілді 145 іс-шара ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы 218 ақпараттық мақала жарық көрді, – деген Жарылқасын Айтақов есепті кезеңде облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде 39 жазатайым оқиға орын алғанын жеткізді.
Салдарынан 42 адам зардап шегіп, 17 адам ауыр, 18 адам жеңіл, орта жарақат алса, 7 жұмысшы қаза болған. Өкініштісі, қайтыс болғандардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 1 адамға артқан. Орын алған жазатайым оқиғаларда 6 адам 3 топтық оқыс оқиғадан зардап шеккен. Барлық жағдайлар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданған.
Әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге орын алған оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алыныпты. Тергеу материалдары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес оқыс оқиғалардың негізгі себептері айқындалған. Нақтылап айтсақ, жұмыс берушілердің еңбекті қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруының салдарынан – 20, оның ішінде жол-көлік оқиғалары бойынша 3 жағдай, жұмыскерлермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын өрескел бұзу салдарынан 14 жағдай, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің тең кінәсінен 5 жағдай орын алыпты.
Сол сияқты қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктер салдарынан – 1, жеке қорғаныс құралдарының қамтамасыз етілмеуі немесе қолданылмауы салдарынан – 1, тағы да басқа себептермен 3 оқыс оқиғаға жол берілген. Орын алған жазатайым оқиғалардың 35 пайызына жәбірленушінің биіктен құлауы, 15 пайызына қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері және 50 пайызына жазатайым оқиғалардың басқа түрлері себеп болған.
– Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны ауыр өнеркәсіпке тән тау-кен металлургия (18,7 пайыз), химия (15,6 пайыз), энергетика (9,3 пайыз) кәсіпорындарында және шағын бизнес орындарында (28,1 пайыз) байқалады. Жалпы өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайларында зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – «Vision Zero» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге облысымызда «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясын 18 кәсіпорын және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізді. Жұмыс орындарында еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 119 өндірістік нысанда 485 жұмыс орны аттестаттаудан өткізілді. Облыстағы кәсіпорындарда 971 кеңес құрылып, онда 1 333 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор жұмыс атқарады. Былтыр жазатайым оқиғалардың өсуіне орай әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында өңірдегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және азайтуға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданып, басшылыққа алынды. Жұмысшы міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша өткен жылы 4 001 кәсіпорынға хабарлама жолданып, нәтижесінде 1 595 мекемеде сақтандыру шарттары жасалып, 33,5 пайызды құраған. Ал биыл хабарлама 3 876 кәсіпорынға қайтадан жолданып, нәтижесінде 2 272 мекемеде сақтандыру шарттары жасалды. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бұл бағытта тізім жолданған. Сол тізім бойынша жұмысшы еңбек міндеттерін атқарған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес міндетті сақтандыру қажет екені туралы ескерту берілді, – деді Жарылқасын Әбдіғапарұлы.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмысшы не қызметкерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету. Департамент тарапынан бұл бағытта атқарылар жұмыстар да жүйелі деп айтуға негіз бар.
Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпарат бойынша, жыл басынан облыстағы 10 ірі, 48 орта, 2 561 шағын, барлығы 2 619 кәсіпорын 23 680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайызға көтеріпті. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары арқылы облыстағы 9 кәсіпорындағы 378,9 миллион теңгенің еңбекақы қарызы анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылған. Нәтижесінде 2 011 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Осы жылдың 1 шілдесіне облыс бойынша 3 мекемеде, атап айтқанда, «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Луговой жылқы зауыты» және «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 241 жұмысшының алдында 102,5 миллион теңге жалақы қарызы қалыптасқан. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша 87 жұмысшыға берешек 29 миллион теңге қарыз толығымен жабылған. Десе де 2 мекемеде, яғни «Меркі асылтұқымды зауыты» АҚ және «Шу-Сервис» ЖШС қарамағындағы 89 жұмысшының 56 миллион теңге қарызы өтелмей отыр.
– «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамының шілде айында 74 жұмысшыға төлеуі керек еңбекақы қарызы 42 миллион теңгені құраған. Сот орындаушылары жүргізген жұмыс нәтижесінде 7,7 миллион теңге көлемінде 16 жұмысшыға 2023 жылдың қарызы төленді. Оның ішінде 13 жұмысшыға толық және 3 жұмысшыға жартылай айлықақысы төленіп, бүгінгі күні 61 жұмысшының 34 миллион теңге қаражаты қалып отыр. Меркі аудандық соты арқылы қалыптасқан айлықақы берешегін өндіріп алу туралы шешімдері шығарылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар жеке сот орындаушылары «Меркі асылтұқымды зауытының» иелігінен тәркіленген 13 техниканы сатып, қарыздарды толық жабу бойынша жұмыстар жүргізуде. Сол секілді «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 28 жұмыскерге 22 миллион теңге жалақы қарызы орын алып отыр. Анықталған бұзушылық бойынша заң талаптарына сәйкес жұмыс беруші серіктестікке 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 221 520 теңге айыппұл салынып, Еңбек кодексінің 193-бабының 4-тармақшасына сәйкеc 2024 жылғы 16 мамырына дейін жалақыны төлеу туралы нұсқама берілді. Нұсқаманы мәжбүрлі түрде орындау үшін іске сот орындаушылары кірісті. Аталған іс бойынша биыл 19 шілде күні Шу аудандық сотында отырыс өтті. Нәтижесінде «Шу Сервис» ЖШС мекемесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау бойынша 258 440 айыппұл салынып, оны 30 күн ішінде төлеу міндеттелді. Сондай-ақ жалақысыз қалған 28 жұмысшыны Шу ауданы әкімдігі басқа жұмыстарға тартты. Тарқатып айтсақ, Төле би мамандандырылған көпсалалы мемлекеттік колледжіне – 6, «Ауыз су – Шу» коммуналдық мекемесіне – 5, «Tumar Gold Service» ЖШС-на 10 адам жұмысқа орналасса, 7 жұмысшы жекеменшік қызметте жұмыстарын атқаруда. Осыған байланысты бүгінгі күнге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында облыстың тәуекелді кәсіпорындары ретінде жоғарыда аталған 2 кәсіпорын мониторингте тұр, – деген Ж.Айтақов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен еңбек жанжалдарының алдын алу үшін кәсіпорындардың цифрлық картасы әзірленгенін жеткізді.
Биыл цифрлық карта шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде кәсіпорындардағы ахуалды қаржылық, еңбек және әлеуметтік тәуекелдер бойынша талдауға және әрбір кәсіпорынның жиынтық тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін скорингтік модель енгізіліпті. Осы модельді енгізудің арқасында инспекция еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары, орташа және төмен кәсіпорындарды анықтай алады.
Мәселен, бүгінгі күні скорингтік модель негізінде облыс бойынша еңбек тәуекелдерінің картасына 3 168 кәсіпорын енгізіліп, кәсіпорынның тәуекел деңгейі төмен 2 926, орташа деңгейдегі 173 кәсіпорын және тәуекел деңгейі жоғары 69 кәсіпорын айқындалған. Тәуекел деңгейі жоғары 69 кәсіпорынның 33-і жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтар, 9-ы мемлекеттік мекемелер болса, 27-сі өзге де мекемелер. Сол сияқты 69 кәсіпорын басшыларына және аудан әкімдеріне хаттар жолданған. Әрбір тармақ бойынша кәсіпорын басшыларымен және аудан әкімдерімен бірге тәуекел деңгейін төмендету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар соңғы алты айда тұрақты кешігіп төленген немесе міндетті зейнетақы жарналарымен әлеуметтік төлемдер төлемеген 93 кәсіпорын анықталыпты. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне осы кәсіпорындардың тізімі жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Нәтижесінде бүгінгі таңда 93 кәсіпорынның 14-інде 32,7 миллион теңге мөлшерінде берешек бар екені анықталды. Ал әлеуметтік аударымдар бойынша 12 кәсіпорынның 8,8 миллион теңге сомасында берешегі бар болып шыққан. Бұл қарыздардың басым бөлігі 3 кәсіпорынға тиесілі. Тарқатып айтсақ, «Шу-сервис» серіктестігінің қарызына кәсіпорынның жұмысын тоқтатуы себеп болса, «Луговой жылқы зауыты» айлықақыны кешіктіріп төлеген, ал «Айя-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шоты бұғатталған. Кәсіпорын тарапынан оңалту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың қараша айында міндетті зейнетақы жарналары және сақтандыру объектісі бойынша берешек толығымен өтелетін болады. Жалпы облыс аумағында орналасқан еңбек ұжымдарындағы ахуалды бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және облыс әкімінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №47-өкімімен еңбек жанжалдарының алдын алу мен болдырмауға бағытталған алгоритм әзірленіп, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің назарына жеткізілген. Одан бөлек әрбір аудан мен Тараз қаласында еңбек жанжалдары мен наразылықтары туындай қалған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықпен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізетін белсенді, беделді, танымал азаматтардың пулы бекітілген. Облыстағы еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатынд а ауд анд ар мен Тараз қаласы әкімдіктерінде әлеуметтік-еңбек жағдайларын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтар құрылып, олармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде, – деген Жарылқасын Әбдіғапарұлы облыс аумағында шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорындарда еңбек шарттарын «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» бағдарламасына енгізу бойынша да атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.
Өңір бойынша 26 ұйымға шетелдік жұмыс күшін тартуға 1 195 рұқсат беріліпті. Қазіргі уақытта 659 еңбек шарты жүйеге еңгізілген. Қалған 536 рұқсат бойынша еңбек шарттары келесі себептермен жасалмаған. Тарқатып айтсақ, 423 шетелдік қызметкер ҚР-ға келмеген, 88 қызметкер бойынша еңбек шарты рәсімдеу процесінде, жеке сәйкестендіру нөмірі күтілуде, 25 қызметкермен еңбек шарты бұзылған.
Сонымен қатар бейресми жұмыс көзі барын да ұмытпауымыз керек. Бейресми жұмысшылар – ресми түрде еңбек қатынасын рәсімдемей, өз беттерінше табыс тауып, сол арқылы күндерін көріп жатқандар. Олар міндетті әлеуметтік төлемақы мен зейнетақы аударымдарын жасамайды. Биыл департамент тарапынан облыстағы бейресми жұмыспен қамтылған 2 031 жұмыс берушідегі 4 526 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, «көлеңкелі» экономикадан шығарылған. Басқармамен 2022 жылдың басынан бейресми жұмыспен қамтылған тұлғаларды «көлеңкелі» экономикадан шығаруға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде барлығы 5 984 жұмыс берушідегі 15 941 жұмыскердің еңбек қатынасы заңдастырылып отыр.
Айта кетер жайт, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың өзара мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қатынастар әлеуметтік әріптестік арқылы реттеледі. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын шарттық реттеу ұжымдық шарт жасасу арқылы жүзеге асырылады. Ұжымдық шарт әдетте еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қорғауды арттыру мақсатында қызметкерлердің бастамасы бойынша жасалады. Жұмыс беруші үшін мұндай шарт жасасу да пайдалы болуы мүмкін. Сонымен ұжымдық шарт жасасу кезінде жұмыс беруші ондағы заңнаманы нақтылауға және қызметкерлердің болжанбайтын талаптары мен мінез-құлқынан өзін қорғауға мүмкіндік алады.
ҚР Еңбек кодексінде көрсетілген еңбек ұжымдарында ұжымдық шартты әзірлеу және қабылдау – жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы тең құқықтар мен тараптардың мүдделерін құрметтеу, ұжымдық келісімнің мазмұнын құрайтын мәселелерді демократиялық және еркін талқылау, тараптардың міндеттерін ерік ті түрде қабылдау, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау.
Жарылқасын Әбдіғапарұлының айтуынша, осы жылдың 1 наурызындағы Ұлттық статистика бюросының статистикалық есебінше, облыс бойынша тіркелген заңды түлғалардың саны 12 079-ды құраған. Биыл 1 қыркүйекте облыс бойынша 11 758 ұжымдық шарт департамент тарапынан зерделеуден өткізілді немесе 97,1 пайызды құрап отыр.
– Кәсіпорындардың үшжақты меморандуммен қамтылуы жайында да айтып өтсем, өңірлік кәсіпорындармен өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек заңнамаларын сақтау, жұмысшыларды қысқартпау мәселелері бойынша облыс әкімдігі (аудан, қала), жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында меморандумның жасалуы бойынша жұмыстар толық орындалып отыр. Тараз қаласымен аудан әкімдіктері ұсынған ресми ақпаратқа сүйенсек, облыста жұмыс істеп тұрған 12 079 кәсіпорын 100 пайыз жоғарыда аталған үшжақты меморандуммен қамтылып отыр. Облыста еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жағдайлар жүйелі түрде облыс, аудан әкімдері басқаратын өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында қаралып келеді. Жыл басынан бері облыста барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың 74 отырысы өтті. Жауапты мемлекеттік органдардың, кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалды. Жалпы еңбек қатынастарына байланысты мәселелер тұрақты бақылауда, – дейді Ж.Айтақов.
Қарапайым еңбек адамының құқығы мемлекет тарапынан қорғалады. Бұл бағытта облыстық еңбек инспекциясы департаменті өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ