Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаржы пирамидасына тосқауыл – «көлеңкелі» экономикаға соққы

Қаржы пирамидасына тосқауыл – «көлеңкелі» экономикаға соққы
Ашық Дереккөз
Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті биылғы 9 айда өңірдегі экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл жұмыстардың басым бағыттарының бірі – «көлеңкелі» экономикамен күрес. Соның ішінде акцизделетін және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына, заңсыз ойын бизнесіне, қаржы пирамидаларына қарсы іс-шаралар белсенді түрде жүргізілді.

«Көлеңкелі» экономика – әлемнің көптеген елінде кездесетін құбылыс. Ол заңсыз экономикалық қызметтерден тұрады және елдің экономикалық жүйесіне зиян келтіреді. «Көлеңкелі» экономиканың көлемі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым заңсыз қызметтердің дамуына мүмкіндік туып, экономикаға бақылау жасау қиындай түседі. Бұл тұрғыда мемлекет салықтан, ал халық денсаулық пен құқықтық қорғаныстан айырылады.

«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес тек қылмыстарды анықтау мен оның жолын кесуден тұрмайды. Бұл күрестің ауқымы кеңірек және ол қоғамның әрбір мүшесіне қатысты маңызды мәселе. «Көлеңкелі» экономикаға байланысты экономикалық қылмыстар елдегі қаржылық тұрақтылыққа, кәсіпкерлердің адал бәсекелестігіне, халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етеді.

– Мемлекет «көлеңкелі» экономиканы қысқарту үшін тұрақты түрде тиісті шаралар қабылдап отырады. Мысалы, 2023 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2023-2025 жылдарға арналған «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұл жоспар «көлеңкелі» экономиканың барлық салаларында төлем және қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған. Осы шаралар арқылы елдің саудасаттық, құрылыс, көлік, қаржы және басқа да секторларында экономикалық процестердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыстағы «көлеңкелі» экономиканың үлесі 25,2 пайызды құраған. Бұл аймақтағы заңсыз экономикалық әрекеттердің елеулі үлесін көрсетеді. Дегенмен 2023 жылы бұл көрсеткіш 23,1 пайызға дейін азайған. Мұндай оң өзгерістер, ең алдымен, қаржылық мониторинг департаменті мен басқа да мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі екені белгілі. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес тек мемлекеттік деңгейде ғана атқарылатын шаруа емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің де міндеті. Заңды қызмет атқаратын кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар барлығы заңсыз әрекеттерге қарсы күресте бірігіп жұмыс атқаруы тиіс, – дейді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Руслан Касимов.

Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы – «көлеңкелі» экономиканың ең зиянды түрлерінің бірі. Мұндай өнімдерге әсіресе контрафактілі шылым және алкоголь өнімдері жатады. Бұл тауарлар заңсыз жолмен айналымға түсу арқылы адал кәсіпкерлерге зор экономикалық шығын келтіреді. Сонымен қатар халықтың денсаулығына төнетін қауіп те орасан зор. Сапасыз немесе заңсыз өндірілген өнімдерден пайда көрген кәсіпкерлер ел экономикасына да залал келтіреді, себебі олар салық төлемей, заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпорындарға бәсекелес болады.

Руслан Мұратұлының айтуынша, биылғы 9 айда қаржы мониторингі департаменті акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қатысты 21 қылмыстық істі тіркеген. Бұл істердің жалпы құны 5,1 миллиард теңгеден асқан. Мұндай көлемді заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп, «көлеңкелі» айналымдағы өнімдерді тәркілеу жұмыстарын атқарады. Мысалы, тек 9 айда заңсыз айналымнан 6,6 миллион қорап шылым тәркіленген.

Қаржы пирамидалары – қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Олар заңсыз қаржылық схемалар арқылы азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, олардың ақшасын иемденеді. Қаржы пирамидаларының зардаптары көбінесе халықтың әлсіз топтарына тиіп, олардың қаржылық жағдайына елеулі зиян келтіреді.

 – Есепті кезеңде департамент қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық істі тіркеген. Бұл істердің нәтижесінде 45 миллион теңгеден астам азаматтардың шығыны өтелген. Пирамида ұйымдастырушыларына қарсы күрес тек қылмыстық істермен шектелмей, алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асады. Мысалы, 2024 жылы қаржы пирамидасына қатысты 1 821 сілтеме бұғатталған. Заңсыз ойын бизнесі қоғамның әлеуметтік және психологиялық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік адамдардың қаржылық жағдайын қиындатып қана қоймай, отбасылық қарым-қатынастарды бұзады, қылмысқа баруға итермелейді. 2024 жылдың 9 айында Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесінің 2 дерегі анықталып, қылмыстық істер тіркелді. Бұл істердің нәтижесінде 607 заңсыз сайт сілтемесі бұғатталған. Заңсыз ойын бизнесін жою мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. «Көлеңкелі» экономикаға, қаржы пирамидаларына және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес – бұл мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылы. Әрбір азамат заңды түрде жұмыс істеп, салықты адал төлеуге, заңсыз әрекеттерге қарсы белсенді күрес жүргізуге міндетті. Экономикалық құқықбұзушылық фактілерін анықтау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлау мүмкіндігі бар екенін еске сала отырып, барлық азаматтарды экономикалық қауіпсіздікке өз үлестерін қосуға шақырамыз, – деді Руслан Касимов.

 Облыс бойынша экономикалық тергептексеру департаментінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде «көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес шаралары оң нәтиже беріп, өңірдегі экономикалық құқықбұзушылықтардың деңгейі біршама төмендеді. Бұл қоғамның қауіпсіздігі мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар