Қазіргі уақытта зауытқа қажетті жабдықтар орнатылуда. Жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды, ал өндірістің жылдық қуаты 25 мың тонна өнім шығаруды көздейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін 30-дан астам жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Бұл өңірдегі жұмыссыздықты азайт уға айтарлықтай септігін тигізбек. Сонымен қатар жаңа кәсіпорын елдің химия саласындағы импортқа тәуелділігін едәуір төмендетуге бағытталып отыр. Болашақта зауытта аммоний сутегі сульфаты, калий метабисульфиті және жеке күтім өнімдерін өндіру жоспарда бар.
Жақын арада өндіріс аумағында көгалдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар кәсіпорынды іске қосу аясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мониторинг жүргізілуде.
Ал Қордай ауданында «Alacem» сингапурлық компаниясы ірі цемент зауытының құрылысын қарқынды жүргізуде. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз өндірістердің бірі болмақ. Зауыттың жылдық қуаты 1,3 миллион тонна цемент өндіруге жетеді деп күтілуде. Ал жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылғанда 400- ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Зауыттың цехтары 2024 жылдың соңына қарай кезең-кезеңімен іске қосылады, ал келесі жылы кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастайды деп жоспарлануда. Осылайша жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық цементпен қамтамасыз етіп, еліміздің цемент индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Сондай-ақ Сарысу ауданында «Yildirim Holding» компаниясы Қазақстандағы алғашқы кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Бұл ауқымды жобаға 188 миллиард теңге инвестиция бөлініп, зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға жетеді, ал болашақта оны 1 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Зауыт іске қосылғанда 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға және экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын елдің ішкі қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, өнімін экспортқа да шығарады. Жоба аясында зауытқа электр желісі тартылып, сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына қаржы бөлінді. Сонымен қатар теміржол көлігі инфрақұрылымының жобасы әзірленіп жатыр, бұл өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«AR-AI»-ақпарат