Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Салғырттықтың салдарынан сан соғып қалмайық

Салғырттықтың салдарынан сан соғып қалмайық
А.Қартабай
Биыл жылыту маусымы 15 қазанда басталғаны белгілі. Өкініштісі, маусым басталған нәбәрі екі күн ішінде үш газбен улану фактісі тіркеліпті. Бұл – профилактикалық жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатыр деген сөз емес. Құтқарушылар да, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де науқан қарсаңында әр тұрғынның үйіне кіріп түсіндірме жұмыстарып жүргізіп, ескерту қағаздарын таратып-ақ жатыр. Алайда кей адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы осындай қайғылы жағдайға әкеліп соғады.

Кеше Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ГРЭС» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде, атап айтқанда, «Шөлдала» тұрғын алқабында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту маусымында қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтардың мұржаларын уақытында тазарту қажеттілігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Рейдке өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары және еріктілер қатысты.

Маңызы зор іс-шара №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастау алды. Рейдке шықпастан бұрын сапқа тұрған құтқарушыларға Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров тапсырма берді.

– Жылыту маусымы – өрт шығу ықтималдығы әдеттегіден әлдеқайда көп болатын кезең. Облысымызда маңызды науқан басталған екі күннің ішінде үш қайғылы жағдай орын алды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, екі адам ауыр халде ауруханаға түсті. Сондықтан қала тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Газ құбырларынан ақау шықса, дұрыстап, кемшіліктер орын алса, ескертіңіздер. Егер тұрғындар өрт қауіпсіздігінен, газбен уланудың қатерінен хабардар болып, қауіпсіздік ережелері жүйелі түрде орындалса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады, – деді Ербол Шалқарұлы.

Мұнан соң өрт сөндіру қызметкерлері мен рейдке қатысушылар межелі жерге аттанды. Келген бетте белсенді қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, қауіпсіздік ережесі жазылған қағазды қолдарына ұстап, көше-көшені аралауға кірісті. Біз келген аумақ «Шөлдала» тұрғын алқабының Арна көшесі. Мұнда барлығы шамамен 50 шақты түтін бар екен. Өрт сөндіру қызметкерлері мен газ саласының мамандары әр шаңыраққа кіріп, газдың қандай жағдайда тұрғанын бақылап, үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Керек болған кезде қауіпті жағдайда тұрған мұржалар мен газ құбырларын қалпына келтіруді де ескертті.

– Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, тұрмыстық электр техникасы мен электр сымдарын пайдалану қауіпсіздігінің бұзылуы, пеш мұржаларының ақауы, балалардың отпен ойнауы секілді салғырттықтар – өрттің басты себептері. Сондай-ақ кейде адамдардың мас күйінде темекі шегуінен де от тұтанады. Статистикалық мәлімет бойынша, әр 3 өрттің бірі пештің ақауынан шығады. Ал төтенше жағдайдың салдары адамдардың денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкеледі. Сондықтан осындай профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Біз бүгін «Шөлдала» тұрғын алқабындағы Арна көшесін араладық. Шамамен елуге жуық үйге бас сұқтық. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынама тараттық. Сонымен қатар мұржаларының, пеш құбырларының жағдайын тексеріп көріп шықтық. Рейд барысында пеш қондырғысы мұржаларының шірігенін байқап, мұржаның астында толып жатқан қоқыстарды тазартуды сұрадық. Сондай-ақ іштегі улы газ шығатын арнайы тетікті бекітіп тастамауын ескерттік, – дейді Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Бақытжан Өтешов.

Өз кезегінде ерікті жастар да рейд шараларына белсене қатысып, тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Волонтер Аида Шәріптің айтуынша, белсенді жастар бұған дейін де жатақхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты рейдке қатысқан екен.

Байқағанымыздай, жауапты мамандар өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруда. Тек тұрғындар «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы назарға алып, қауіпсіздік ережелеріне мән берсе дейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар