Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мектеп директорлары неге тапшы?

Мектеп директорлары неге тапшы?
Ашық дереккөз
Ұрпақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ұлт болашағының кепілі. Әсіресе қазіргі кезде жасөспірімдердің тәрбиені ғаламтордан алуы ойландырмай қоймайды. Онда баланы дұрыс бағытта тәрбиелейтін кілең пайдалы ақпараттар болса мейлі екен. Кейде жас ұрпақтың ұлттық және рухани иммунитеті әлсіреуіне ғаламтордың да тигізіп жатқан залалы бар ма деген ойға қаласың.

Не десек те бала болашағы, тәрбиесі күдік пен күмәнға шырмалған қазіргі уақытта бұл мәселе қоғамды бейжай қалдырмауы тиіс. Өйткені бүгінде жасөспірімдер қолымен жасалатын қылмыс пен түрлі құқықбұзушылық деректері көпшілікті алаңдатып отырған күрделі мәселе. Ал жасөспірімдер арасында жасалатын ірілі-ұсақты кез келген қылмыс білім беру жүйесіне, ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай зиян келтіретіні анық.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері өңірдегі білім беру мекемелерінде жиі болып, жол қозғалысының қауіпсіздігі, балалардың жарақат алуы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен буллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Себебі осындай түсіндіру жұмыстары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін қажет. Сонымен қатар буллинг пен жолкөлік оқиғаларының алдын алып, жасөспірімдердің жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай іс-шаралар балаларды қорғау және оларды зиянды әрекеттерден сақтандыру мақсатында жүзеге асырылып келеді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың 8 айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,78 пайызға төмендепті. Қылмыс түрлері бойынша, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлау, алаяқтық, тонау және автокөліктерді ұрлап әкету сияқты фактілер азайған. Алайда жыл басынан құқық қорғау органдарына түрлі құқықбұзушылық үшін 7 055 кәмелетке толмаған бала жеткізіліп, 393 жасөспірім және 170 тұрмысы нашар отбасы есепке алыныпты. Кәмелетке толмаған балалардың тәртібі үшін ата-аналарының жауапты екенін ескерсек, есепті кезеңде 51 ата-ана өз құқықтарынан айырылып, тағы да бірқатар ата-ана жауапқа тартылған. Атап айтқанда, түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырғаны үшін – 5 952, баланың оқудан жалтарғаны, қаңғыбастық пен қайыршылықпен айналысқаны үшін – 670, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 115 ата-ана мен заңды өкілі жазаланған.

Жыл басында Байзақ пен Меркі аудандарында болған әлімжеттік оқиғалары қоғамда үлкен дүрбелең тудырған еді. Жақында облыс орталығындағы балалар арасындағы төбелеске байланысты Тараз қаласындағы №21 мектептің директорына сөгіс жарияланып, №2 және №35 мектеп директорларын қызметінен босатқан болатын. Тараз қалалық білім бөлімінің осындай тәртіп мәселесіне келгенде қоғам тарапынан жағымсыз бейнесі қалыптасқанын жасырып қайтеміз? Аталған білім бөлімінің тәрбие бағытында атқарған жұмысына айтылар сын-пікір көп-ақ.

Жалпы «Жасөспірімдер арасында қылмыс саны неге көбейді?» және «Балалар арасында қылмыссыз қоғам құру үшін не істей аламыз?» Міне, бүгінгі қоғамды ойландыруы тиіс сұрақтар осы болуы керек.

Ел ішінде «кейбір мектеп басшылары өз абыройына нұқсан келтірмеу үшін заңбұзушылықтарды жасыруға тырысады» деген де пікір бар. Бұл аңдағанға жел сөз емес. Оның үстіне облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің мамыр айында өткен балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңесте айтқан сөзі осы ойымызды нақтылай түседі. Сол кезде аймақ басшысы: «Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына, керісінше жасыруға тырысады. Оларды жұмыстан босатып, жауапқа тарту – шешім емес. Мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырамын. Енді мектеп рейтингі құқықбұзушылықтардың төмендігімен емес, қылмысты жасырмай, уақытылы хабарлап, мәселелерді шешу жылдамдығымен бағаланатын болады», – деген еді.

Десе де балалар қылмысы туралы тиісті орынға уақытылы хабарланса да әрекетсіздік көрсеткені үшін мектеп басшыларының жауапкершілігін қарау сол күйінде қалып отыр. Мұндай жауапкершілік жүгін арқалау кез келгенге оңай соқпайтыны анық. Сол себепті облыс мектептерінде директорлар тапшылығы күрделі мәселе айналды. Жыл басында өңірде 59 мектеп директорсыз қалса, наурыз айында облыстық білім басқармасына Рауан Садырқұлов тағайындалғаннан кейін бұл көрсеткіш 17-ге қысқарыпты. Жаңа оқу жылының қарсаңында Рауан Садырқұлов: «Басқармаға басшы болып келгенімде 59 мектепте директор болмады. Төрт рет конкурс өткізіп, 17 мектеп директоры тағайындалды. Директорсыз қалған білім ошақтарының саны бастауыш мектептер есебінен артты. Ол жерде директор емес, әдіскер деп аталады, бірақ жалақы айырмашылығы аз болғандықтан мамандар бұл қызметке қызықпайды. Жақында бесінші мәрте конкурс жарияладық, – деп мәлімдеген болатын.

Жаңа оқу жылы басталарда 42 мектеп директорының орны бос тұрса, конкурс нәтижесі бойынша бұл көрсеткіш тек 41-ге дейін қысқарған. Яғни бір тоқсанда тек бір мектепке ғана директор тағайындалған. Ұзақ жылдар бойы мектепте директорлық қызмет атқарған ардагер Мұхаммеділдә Байшонов құқықбұзушылық орын алған жағдайда, ең алдымен, мектеп директорына жүктелетін жауапкершілік жайын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мектеп басшыларына қойылатын талаптар өте жоғары, ал ата-аналардың балаларына деген жауапкершілігі ұмытылған. Анығын айтқанда, ата-ана бала тәрбиесіне мектеп полицейі мен мұғалімдер жауапты деген ұғыммен күн кешуде. Шын мәнінде, ата-ана өз баласына ие болуы қажет. Жалпы балалар арасындағы қылмыс азайғанымен мектеп басшыларының тапшылығы бүгінде маңызды мәселе күйінде қалуда. Жыл сайын жер-жерде жаңа мектептер бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашуда. Халық саны өсіп, мектептердегі оқушылар жүктемесі артуын жаңа мектептер салу арқылы шешу, оған қаржы қарастыру үлкен мәселе. Осындай қиындықпен құрылысы жүріп, ел игілігіне ұсынылған мектептер мен бұрыннан бар білім ошақтары басшысыз қала беретін болса, бұл кімге опа береді? Сондықтан да директор болуға лайықты азаматтардың ат-тонын ала қашатын үрдісін жою үшін балалар арасында бұзақылыққа жол берілмеуі тиіс.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар