Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасөспірімдерге пайдалы демалыс ұйымдастырылды

Жасөспірімдерге пайдалы демалыс ұйымдастырылды
Ашық Дереккөз
Негізі жасөспірімдер жастық максимализмін, бойындағы күш-қуатын дұрыс арнаға бағыттаса, қандай да бір шаруамен айналысып, тиімді тірлік істесе, олардың қылмыс жасамақ тұрмақ, теріс әрекет жайлы ойлануға да мұршасы болмас еді. Сол үшін баланы бос уақытында түрлі үйірмеге беріп, әсіресе денінің саулығын ойлап, спортқа бейімдеген абзал.

Жуырда кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері және басқа да мүдделі ведомстволар Тараз қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде полицияда есепте тұрған 46 жасөспірім мен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілер үшін спорттық іс-шаралар ұйымдастырды.

«Динамо» спортзалының базасында барлығы 13 секция қызмет көрсетеді. Онда 278 жасөспірім спортпен айналысады. Ал оның ішінде 31 бала полицияда есепте тұр.

– Спортпен шұғылдану өте қатты ұнайды. Бұрын достарымызбен жиналғанда бұзықшылық жасап, балалармен төбелесіп жүретінбіз. Ал спортпен шұғылдана бастағалы барлық уақытымыз пайдалы іске жұмсалып жатыр. Денеміздің шымыр болып өскені, деніміздің сау болғаны болашағымыз үшін қажет. Бұрын әлсіз болатынмын. Қазір күннен-күнге күш-қуатым артып келеді, – деді іс-шараға қатысушы Мұрат Арыстанбеков.

Спорттық іс-шара барысында жасөспірімдерге өзін-өзі қорғау мақсатында қолданылатын жауынгерлік күрес әдістерін және басқа да жаттығу түрлерін үйренуге мүмкіндік туды.

– Біз ата-анасы бас тартқан және полиция қызметкерлерінің назарына түскен балалармен тұрақты жұмыс жүргіземіз. Біздің басты міндетіміз – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және сабақтан тыс уақыттарын пайдалы өткізуіне көмектесу. Балалар үшін секциялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Бұл жасөспірімнің көшеде бос жүруіне жол бермеу үшін жасалады. Бала біздің болашағымыз екенін ескеріп, перзентінің денінің саулығын ойлаған әрбір ата-ана баласына толыққанды көңіл бөліп, спортпен шұғылдануына атсалысуы тиіс. Ертеңіміз еңселі болсын десек, ұрпағымыздың денсаулығына назар аударайық, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар