Талдырмаш қыз бізге небәрі 7 жасында желім иіскеп, ішімдіктің дәмін татқанын айтты. 7 жас – баланың бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып үлгермейтін шағы. Бірақ қаршадай қыздың мына ерсі қылығы баланың есі кіре қоймаған шағы екенін айғақтап тұр. Басынан өт кенін баяндаған балғын қыз: «Бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан әке-шешем бетімнен қаққан емес. Қалағанымды алып, қаламағанымды жолда лақтырып жүре бердім. Үлкендердің үнемі жұмыстан қолы тимеді. Оларға менің ішкі жандүниемде не болып жатқаны емес, киімім көк, тамағымның тоқ болғаны ғана керек еді. Ал менің жүрегім жалғыз болатын. Не бірге ойнайтын бауырым жоқ, әңгіме-дүкен құратын әке-шешем үнемі сыртта болды. Сөйтіп, қатты жалғызсырайтынмын. Бірде көршінің ересек балаларына қосылып темекі тартып, арақтың дәмін татып көрдім. Желім иіскедім. Уақыт өте келе, желім иіскеуді күнделікті әдетке айналдырдым. Тіпті өз еркіме ие бола алмай, күнде иіскемесем тұра алмайтын дәрежеге жеттім. Әке-шешем көз алдарында масаң күйде жүргенімді байқап, ренішін білдіре бастады. Психологтарға апарды, қалай айтса да қойдыра алмаған соң арнайы мектепке тапсырды. Мұнда келгелі ата-анамның қадірін біліп, өз қателіктерімнен сабақ ала бастадым», – деді.
Жасөспірімнің арнайы мектеп деп отырғаны қабырғасы қайғы арқалап, бойына мұң сіңірген, талай сырды ішіне бүккен мекеме еді. Ол – облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебі. Мұнда ат басын бұрып, тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайымен танысуға келгенде жеткіншектердің өз аузынан естіген әңгімеміздің сиқы осы еді.
Мекеме – оқу ғимараты, шеберхана, жатақхана, асханамен қамтылған. Мұнда 18 ұстаз, 19 тәрбиеші қызмет етеді. Ата-анасының шаңырағында жүріп тәртіп бұзып, бұзақылық пен ұрлық жасаған 11-18 жас аралығындағы 44 жеткіншек тәрбиеленуде. Оның 24-і қыз, 20-сы ұл.
– Арнайы мектепке балалар сабаққа бармай, үй бетін көрмей көше кезіп жүрген жерінен, одан бөлек таксикомания мен нашақорлыққа салынғанда түседі. Жасөспірімдердің көбісі үйінде жылылық жетіспегендіктен осындай халге жеткен. Ата-аналары ішімдікке салынғандар өте көп. Олар осында 1 ай мен 1 жыл арасындағы мерзімде болады. Тек Жамбыл облысы ғана емес, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы сынды Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеткізілетін жеткіншектер бар. Балалардың қателік жіберуіне ең алдымен ата-анасы кінәлі. Отбасындағы жағдайы мәз болмағандықтан оқушылар оларды кемсітеді, сондықтан балалар сабаққа барғысы келмей, оқу үлгерімдері нашарлап, ақыры түрлі жағдайға ұрынады. Киімі, жүріс-тұрысы, тазалығы тым төмен күйде болғандықтан оларды өзі құралпы балалар менсінбейді. Сондықтан кемсітушілік, тағы басқа да келеңсіз оқиға орын алған соң сабаққа баруды сиретіп, соңында тіпті мұғалімнің бетін көрмей кетеді. Мұның барлығы бала қадағалаусыз қалғандықтан орын алған. Қазіргі таңда оқушылар ата-анасынан көрмеген мейірімді ұстаздар мен тәрбиешілердің тарапынан алып жатыр. Оған осындағы қызметкерлерді «мама», «папа» деп, құшағына еркелей кіріп жүргендері дәлел болып тұр. Оқушылар түстен кейін домбыра, вокал, тігін, сурет, спорттық бағыттағы үйірмелерге қатысады. Қыз балалар өз киімдерімен қатар «Үміт» бөбектер үйіне көрпе, төсек жапқыш, сәбиге қажет құрал-жабдықтар тігіп үйренуде. Қаратау қаласынан жаттықтырушы Асан Сейдалиев келіп, біздің бұрымдылардың ішінен шымыр қыздарды таңдап алып, жаттығу жасатып, спортқа дайындап жатыр. София Мукаева есімді қызымыз екі апта дайындықтан соң-ақ жарысқа қатысып, бірінші орынға қол жеткізді. Қазір София мен Аяна Шакумова жаттықтырушыларымен бірге республикалық сайысқа дайындалуда. Бұл қыздардың мінезі бұзық, тәртіпке бағына қоймайтын еді. Енді міне, спорттан жетістікке қол жеткізіп, алдағы өмірге деген қызығушылықтары оянды. Спорт осындай пайдалы іспен айналысуға үлкен сеп болып тұр, – дейді аталған мектеп директоры орынбасарының міндетін атқарушы Нұрдәулет Қолаханов.
Осы орайда Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны, бокс жаттықтырушысы Асан Сейдалиевпен де тілдесудің сәті түсті. Ол бір жолы әлеуметтік желіде арнайы мектепте тәрбиеленіп жатқан София есімді қыз туралы репортаж көріп қалады. Содан кейін қатты әсерленіп, бейнетаспаны түсірген журналиске хабарласады.
– Мен жалпы қыз балаларды спортқа бейімдеп, чемпион шығарып жүрген жайым бар. Бірде ұялы телефон қарап отырып, роликте шымыр денелі София есімді қыздың еш қиындықсыз турникке тартылып, спортпен шұғылданып жүргенін көзім шалды. Соңында көз жасы көл болып: «Папам мен мамам ішпесе екен. Үйде береке болмаған соң қашып жүріп, ақыры арнайы мектепке түстім. Енді менің болашағым не болады? Қай арнаға бет бұрсам да ата-анамның ішкілікке салынғаны жаныма батады. Барлығы соны бетіме басады», – деп жылады. Әлі де қуыршақ ойнап жүретін қырмызы қыздың ауыр жағдайы мені бейжай қалдырмады. Оның мығым дене бітімі, сөз саптауы, қайсар да өжет көрінген болмысы спортқа арналғандай көрінді. Сөйтіп, Тараз қаласындағы арнайы мектепке барып, бір емес, бірнеше қызды спортқа баули бастадым. Бүгінде София Мукаева бірінші орын биігінен көрініп, дұрыс таңдау жасағаныма дәлел болды. Софияның анасы тек өз айтқанымен жүріп, түрлі теріс мінезімен танылған қызының дұрыс бағытқа түскенін көргенде көзіне жас алып, алғысын білдірді. Әрине, еңбегімнің еш кетпегеніне мен де қуандым. Мұндағы балалардың да түзу жолға түсіп, жетістікке жетуге мүмкіндігі бар. Оларға тек дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстаз ғана қажет. Ал қабілет-қарымы жоғары ұстаздан тәрбие алған шәкірттің қашан да айы оңынан туып, жолы болады. Бұл балалардың да көрер қызығы алда, – деді жаттықтырушы.
Ал София бапкерінің таңдауы өзіне түскенін Құдайдың ең үлкен сыйы деп ұққанын жасырмады.
– Жуырда ғана арнайы мектепке Асан ағай келіп, осындағы тәрбиеленушілермен танысқан болатын. Бірнеше қыздың өжеттігі мен қайсарлығын, спортқа бейімділігін танып, алдағы уақытта бокспен шұғылдануға қалай қарайтынымызды сұрады. Бұл таңдау жоғары нәтиже беріп, алғаш рет сайыс алаңына шығып тұрсам да бірінші орын алып, отбасымды, арнайы мектебімді, әсіресе маған үміт артып, сенім білдірген Асан ағайды қуанышқа бөледім. Бұл – менің өмірдегі ең үлкен жетістігім. Спортпен шұғылданғалы бері басқа өмірге, бөлек кезеңге аяқ басқандай, ерекше күндер басталып кетті. Жетістікке жету жолы оңай емес екеніне көзім жетті. Таңалагеуімнен жаттығамыз. Жүгіру, түрлі дене қимылын жасап, дене қозғалысы болса ғана еңбек нәтижелі болатынын ұқтым. Еріншек болсаң, ертеңнің есігін айқара аша алмайсың. Осының барлығын сезіндіріп, ұқтырған Асан ағайға үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Қазіргі таңда менің әр минутым тек жеңіске ұмтылуға арналып жатыр. Тереңдетілген режимде, бар күш-қуатымды, уақытымды сарп етіп, республикалық сайысқа дайындалып жатырмын. Әлдебір жаман ойға уақыт та жоқ. Бұрынғыдай есіріп, еркелеп жүрсең, өмірдің кешірмейтінін ұқтым. Тек қана алға ұмтылу жолында аянбай тер төгіп жүрмін. Ең алдымен анамның алдындағы қателіктерімді түзеу мақсатында барымды салып бағамын. Елім мен жеріме деген патриоттық сезімнің ұшқыны жүрегімде жалындап тұрғанын сезініп келемін. Сондықтан шаршамай, шалдықпай бар ынтамды, ыстық ықыласымды боксқа арнап жүрмін. Ойым, миым, жүрегім мен жанымның қалауы тек жеңісті күндерді қалап тұр. Сондықтан мен жеңуге тиіспін, – дейді София Мукаева.
Мекемеден қайтарда балалар қолыма үшбу хат ұсынды. Онда олардың балаң пейілмен жазған өкініштері мен өмір өткелдері, жүріп өткен жолдары тізбектеліп тұрды.
Мәселен, Жұматай Жақсылық бір жапырақ қағазға: «Мен балалықпен дос таңдай алмадым. Ортам дұрыс болмады. Желім иіскеп, түрлі теріс әрекеттер жасадым. Мектепке барудың орнына балалармен төбелесіп, сабақтан қаштым. Арнайы мектеп өмір жолымдағы ең үлкен орта, ал ұстаздары туған ата-анамдай қамқор. Бұл ортада мен «Адам өзін қалай дұрыс қалыптастыруға болады? Тәрбие деген не? Нағыз адам қандай болуы керек?» деген сұрақтарға жауап таптым. Алдағы уақытта мен үшін туыстарымның жылағанын қаламаймын. Өз қателіктерімді мойындап, түзелуге тырысып жүрмін. Бәрінен де отбасы деген ұғымның ең қымбат екенін ұқтыратын орта бұл. Мен өмірімді түзеткім келеді», – деп жазыпты.
Арнайы мектепте жүргендеріне бірнеше айдың жүзі болған Ералы мен Артур да балалық шақтарының көңілсіз өткенін айтып, толқыған. Түзелуге тырысып жүргендерін жеткізген. Себебі олар өз балаларына үлгілі әке болғысы келетінін айтыпты. Олар да мектептен қашып, ата-анасын тыңдамай, төбелескенін жасырмаған. Қазіргі таңда үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетуге үйреткен арнайы мектепке алғыс білдіріпті. Ортасының дұрыс болмағанын мойындап, алдағы уақытта түзелуге ниет етіп жүргенін тәпсірлепті. Ал ең бастысы, хатта балалардың ыстық ықыласы мен өткен күннен сабақ алғандары анық сезілді.
Иә, баласының тағдырын жел өтіне тастағандар ішімдікке құмар жандар. Оларды балаларының қайда, не істеп жүргені қызықтырмайды. Біз осы мектепке барғанда 11 жасар Әлияның анасын сағынып жылаған сәтте етегі жасқа толғанына куә болған едік. Кішкентай қыздың көз жасы арнайы мектеп қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Олар көлікке отырғызып, қаршадай қыздың анасымен қауышуына ықпал етуге асықты. Осы оқиғаны өз көзіммен көргенде көңілім семіп, жаным жабырқады.
Үлкен темір қақпадан өтіп, үйдің есігін ашқанда бөлмедегі көк түтіннен көзіміз ашыды. Әлияның анасы ортаға бір шөлмекті қойып, достарымен бірге темекі шегіп, ащы су ұрттап отыр екен. Қызын көре сала аялай қарап, аймалай сүйген жас ана тізерлеп отыра қалып, шынашақтай баладан кешірім сұрап ботадай боздады, бордай егілді. «Арақтың кесірі бәрі. Қоя алмай жүрмін. Кеш мені, қызым, кешіре гөр» деп солқылдады.
Ал 15 жастағы Назерке бұл мекеме табалдырығын үшінші рет аттап отыр екен.
– Мен атамның тәрбиесін алдым. Барлық ата-аналардан өтінерім, балаларыңызды тіпті туған ана немесе әкеңіздің тәрбиесіне бермеңіз. Себебі бауыр етіңізді өзіңізден алшақтатып аласыз. Не ата-әжесіне толық беріле алмайды, не туған ата-анасына толық жақындай алмай, жалтақ ғұмыр кешеді. Мені бауырына басып, шаң жуытпай өсірген атам дүниеден өткен соң әкем бауырларымнан бөлектей бастады. Басқа балаларын жақсы көреді, ал мені шеттетеді. Мүмкін олай болмаған да шығар, бірақ менің жаралы жаныма бұл үлкен сызат түірді. Онсыз да атам өмірден озған соң дүние қызықсыз болып қалып еді, енді тіпті ешкімді көргім келмеді. Сондықтан үйден қашып кеттім. Оның үстіне атамның көзі тірісінде бетіме қарап сөйлей алмайтын әкем қатал мінез таныта бастады. Ең жақын адамын жоғалтып, қайғыдан қан жұтып отырған маған жылы сөзін айтып, арқамнан қақпады. Қайта сәл нәрсеге ұрсып, жанымды шығаратын. Міне, ең үлкен себеп сол, әкем мені «қызым» деп аялай алмады, қайта жылатып, сағымды сындырып тастады. Үйдегі ұрыс-керіс бірнеше рет қайталана берген соң қоғамдық көлік жүргізушілеріне ала кетуін сұрап, жалынып мініп аламын. Олар кішкентай қыз болғандықтан жаны ашып, діттеген жеріме апарып тастайды. Бірақ әке-шешем тәртіп сақшыларына хабарлап, тауып ала береді. Қазір үшінші рет осы мекемеге түсіп отырмын. Алдағы уақытта өмірімнің қай арнадан жол табары белгісіз. Бірақ дұрыс бағыт, түзу жолды таңдауды мақсат тұттым, – дейді Назерке.
Ал атын айтқысы келмей, жүзін төмен салып әңгіме бастаған, тілі қазақша шыққан орыс ұлтының қызы: «Оқушылар ата-анамның ішімдікке салынғанын бетіме баса берген соң мектептің терезесінен секірмекші болдым. Бірақ өмір тәтті, мына жарық әлемді қимай, райымнан қайттым. Одан кейін әртүрлі жұмыс істеп, табыс тауып жүрдім. Бірақ түрлі бұзақылық жасап, үйден қашуды әдетке айналдырдым. Үйде береке жоқ. Қашан көрсең ішіп жүретін әке-шешені көру балаға өте ауыр. Егер маған өмір сыйлаған жандар арақ ішуін қойса, менің бар тілегім орындалар еді», – дейді.
Жалғастың анасы да жұмысбасты болған. Жалғыз ұлын көше тәрбиелеген. Жалғас: «Әкем ішіп кетті. Үйде анаммен бірге тұрып жаттым. Бірақ анамның маған көңіл бөлуге уақыты болмайтын. Сондықтан маған көше қызық көрінді. Достарымның үйіне қонып, үй бетін апталап көрмейтінмін. Бір күн аш, бір күн тоқ жүрсем де көшенің өмірі қызық көрінді. Еркіндік ұнады. Осы мекемеге түскелі анамның қадірін біліп, үйімді сағына бастадым. Анамның «Айналайынын» сағынған сәтте осындағы тәрбиеші апайларға еркелеп, мауқымызды басамыз», – дейді.
Арнайы мектепте 15 жылға жуық еңбек еткен Оспанбек Күнтубаев қазіргі таңда зейнеткер. Алайда тәрбиеленушілер «Әке» деп атап кеткен Оспанбек Оразбекұлы мұндағы балаларға жиі келіп тұрады.
– Жасөспірімдер бұл мекемеге ұрлық жасап, ішімдік ішіп, желім иіскеп, қаңғыбастыққа салынып жүріп түседі. Балалардың 90 пайызының әкесі жоқ. Алғашында әріп танымай келеді. Жеке бас гигиенасы дегеннің не екенін білмей, кір-қожалақ болып келген бүлдіршіндерді тазалыққа баулып, ақ төсекке жатқызып, барынша қолдау білдіретінбіз. Бұлар сағы сынған балалар. Үлкеннен қолдау таппаған соң тура жолға түсе алмай, бағыт-бағдар беретін адам таппай күйзеледі. Негізі арнайы мектепке түскен балалардың өзінен бұрын, ең бірінші, қоғам олардың ата-анасын тәрбиелеуі керек сияқты. Себебі қателік үлкендерден кеткен. Олар балаға мейірімін төкпеген, баламен сөйлеспеген. Енді балалар өз уақытында арнайы мектептен кеткенімен бәрібір ішіп, балаға көңіл бөлгісі келмейтін әке-шешесіне оралады. «Баяғы жартас – сол жартас» демекші, бәз-баяғы қалпына түседі. «Балық басынан шіриді» дегендей, анасы баласына құшақ ашпағандықтан бала жылылықты көшеден іздейді, – дейді Оспанбек Оразбекұлы.
12 жасында ары тапталып, абыройы аяқ асты болған қыздың тағдыры тіпті жан түршіктірді. Ол 12 жасында ішкілікке құмар әке-шешесінен қашып, көшеде түнеп жүргенін мұңайып есіне алды.
– Сонда анам емес, маған қараңғы түнде көше шамдары жол көрсетті. Көше балаларына қосылып, жалғыз-жарым жүргендерді тонадым. Өзім құралпы ұл-қыздарды жек көрдім. Себебі олар мұнтаздай болып киініп, тамағы тоқ, көйлегі көк болып жүретін. Оларды үнемі үйінде ақ дастарқан жайып күтіп отыратын ата-анасы болды. Ал астың ыстық болатынын арнайы мектепке келгенде бір-ақ білдім. Себебі менің ата-анам астың орнына бізге бір үзім нан, қалған-құтқан тамақ беретін. Ақ көйлек киіп, ақ төсекте ұйықтап көрмедім. Көшенің баласы болдық. Сөйтіп жүргенде арым аяққа тапталды. Небәрі 13 жасымда түзу жолдан тайып, ақша таба бастадым. Ал ең сорақысы, ата-анама бәрібір еді, – дейді Юля.
Бұл орталыққа шаңырағы шаттыққа толы, берекелі отбасының балалары келмейді. Керісінше шаңырағы шайқалып, өгей әке мен өгей ананың зардабын тартып, қиындығын көргендер, арманы аласарып, аяқ асты қалғандар, адасқан ата мен сүрінген ананың қателігінен баз кешкендердің балалары да қателікпен осы табалдырықты аттайды. «Алма ағашынан алысқа түспейдінің» кері ме, әлде қысылтаяң кезде жан-жақтан көрген қысымның салдарынан ба, жеткіншектердің де болашағы бұлыңғыр тұманға айналып барып, әйтеуір, сот шешімімен осы мектептің табалдырығын аттайды.
– Арнайы мектепке төрт дүниесі түгел бала келген емес. Бәрінің бір-бір мұңы бар, ішкі өкініш пен қайғысы астасып жатқан балалар. Аналары бір емес, 2-3 рет тұрмысқа шығады. Көбіне осы кезеңде баланың жасөспірімдік өтпелі уақытымен анасының отбасы құруы тұспа-тұс келеді. Міне, осы кезде баланың жүрегіне салмақ түседі. Үйден жылылық таппаған бала көше кезіп кетеді. Яғни олар өзіне тиесілі жылылықты бөтендерден іздейді. Сөйтіп жүріп адасады, сүрінеді, қателеседі. Балалардың өміріне бейжай қарау – олардың болашағына балта шабумен тең. Одан бөлек ішкілікке салынғандардың балаларына обал. Олардың мектепке киіп баратын киімі, не оқуға қажет құралдары, тіпті тамағы да жоқ болғандықтан сырттан қолдау іздеп кетеді. Ал оны ойлайтын ата-анасының ішкіліктен қолы босамайды. Олар да өзге балалар секілді ұялы телефон ұстап, дәмді тамақ жегісі келеді. Содан соң ұрлыққа түседі. Орталыққа түскен баланың мінез-құлқына тоқталып, бағыт-бағдар беріп, терең жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Балаға қандай жағдай, қай кезде де мейірім берсең, міндетті түрде жақсылықпен қайтады. Сондықтан жер бетіндегі барлық балаға қажеті мейірім ғана. Оны сезініп өскен бала жаман болмайды. Әлемді мейірім ұстап тұрғанын ұмытпайық, – деді мектеп психологі Эльмира Бижасарова.
Қыз қылықты, ұл ардақты болсын десек, бесікті түзейік, бесіктен бұрын өзімізді түзейік!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ