Бағаны тұрақтандыру саясатының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік маңызы бар тауарларды қолжетімді ету. Бұл саясат аясында Үкімет экономикалық тұрақтылықты сақтау, инфляция деңгейін бақылауда ұстау және халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін түрлі шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы аймақ экономикасының дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыруды назарда ұстайтыны белгілі. Аталған басқарма азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін тұрақтандыру қорларын қалыптастыра отырып, маусымаралық кезеңде немесе нарықта тапшылық пайда болғанда және баға өскенде қажетті азық-түліктерді әлеуметтік дүкендерге, коммуналдық базарларға, ірі сауда орындарындағы әлеуметтік сөрелерге саудаға шығаруды ұйымдастырады. Сондай-ақ өнім өндірушілерге қолдау көрсетіп, тауардың ішкі нарықта саудалануын, делдалдардың жойылуын, өнімнің түпкілікті бағадан ауытқымауын қамтамасыз етумен айналысады. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аймақ бойынша 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы инфляция 4,5 пайызды құрапты. Оның ішінде азық-түлік тауарларының инфляциясы – 2,9, азық-түлік емес тауарлар – 4, ақылы көрсетілетін қызметтер 10,8 пайыз деңгейінде болған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2,7 пайызды көрсеткен.
– 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың негізгі тетіктерінің бірі – өңірлік тұрақтандыру қорынан интервенция жүргізу. Бүгінгі күнде тұрақтандыру қорынан 7 тауар түрі бойынша 93,2 тонна және 700,6 мың дана тауарға интервенция жүргізілді. Атап айтсақ, қарақұмық жармасына, күрішке, қырыққабатқа, тауық жұмыртқасына, картопқа, ұнға, өсімдік майына, сәбізге интервенция жүргізілді. Сондай-ақ алқаптан сөреге дейін қағидаты бойынша Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы №18 мекенжайында әлеуметтік базар жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік базарда облыстың тауар өндірушілері өнімдерін делдалдарсыз халыққа тікелей ұсынады. Бұл ретте ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге өтеусіз негізде, яғни тегін сауда орындары берілуде. Жалпы Тараз қаласында 16 әлеуметтік дүкен бар. Әлеуметтік дүкендегі негізгі азық-түліктің бағасы басқа дүкендерге қарағанда біршама төмен. Көкөніс тауарлары бойынша 2024-2025 қысқы маусымаралық қажеттілікті қамту мақсатында 6 800 тонна көлемінде форвардтық келісімшарт қоры қалыптасты. Қалыптасқан қорға қысқы маусымаралық кезеңде интервенция жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың тағы бір тетігі – артық делдалдық буынды жою. Бүгінгі таңда артық делдалдық буынды жою комиссиясының 69 отырысы өтіп, 73 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Фактілердің басым бөлігі жарма және көкөніс тауарлары бойынша анықталды, – дейді Аспандияр Мұратәліұлы.
Бағаны тұрақтандыруда мемлекет тарапынан субсидиялар бөлу, жеңілдіктер жасау және арнайы бағдарламаларды іске асыру, кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетілетінін айта кетуіміз керек. Біз осы тақырыпты қаузағанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін тұрақтандыру мақсатында бағаны бақылау, нарыққа ықпал ету және жергілікті тауар өндірушілерге, әлеуметтік дүкен иелеріне қолдау көрсету қай деңгейде жүргізіліп жатқанын білуді мақсат тұтқан едік. Бұл тұрғыда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жүргізіп жатқан жұмысы да ауқымды. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын төмендету үшін маңызды бірнеше тетікті іске қосты дейтін болсақ, оның ішінде ең өзектісі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы азық-түлік қорының құрылуы. Осы жүйе арқылы мемлекетке тиесілі ресурстар сақталып, өңірлік тұрақтандыру қорында азық-түлік арзан бағамен сатып алынып, белгілі бір көлемде сақталып, халық қажетіне жұмсалуда. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдері алдын ала сатып алынып, оны қоймаларда сақтау арқылы нарықта тапшылық туындаған кезде азық-түліктің бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға ықпал жасалуда. Жергілікті нарыққа ықпал ету үшін спекуляциялық, яғни тұтынушылардың сұранысына орай туындайтын баға өсімдерін тежеп, халықтың негізгі азық-түлік тауарларына қолжетімділігі қамтамасыз етілуде.
Осы орайда біз «Тараз «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өңірлік дамуды басқару және тұрақтандыру қоры департаментінің басшысы Жарқын Әбдіжапарға жолығып, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұраған едік.
– Былтыр «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорына арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілерден сатып алу жұмыстарын жүргізді. Сол кездегі алынған өнімдердің жалпы көлемі мен сатып алу бағаларына келсек, 8 500 тонна бірінші сортты бидай ұны сатып алынды. Бұл ұнның бір келісі 180 теңгеден бағаланды. Сонымен қатар 42 тонна қарақұмықтың бір келісі 250 теңгені, 600 тонна күнбағыс майының бір литрі 590 теңгені құрады. 1 060 тонна күріш сатып алу да маңызды орын алды. Күріштің бағасы 400-460 теңге аралығында болды. 300 тонна сүт (майлылығы – 2,5 пайыз) сатып алынды. Сүттің әр литріне 270 теңгеден жұмсалды. 3 000 тонна картоп 100 теңгеден, 600 тонна сәбіз 80 теңгеден сатып алынды. 1 000 тонна пияздың бағасы 90 теңгені, 500 тонна қырыққабаттың бағасы 100 теңгені құрады. 5 000 дана бірінші санаттағы тауық жұмыртқасының бір данасының сатып алу бағасы 46 теңге болып белгіленді, – дейді Жарқын Әбдіжапарұлы.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 104,6 тонна күріш, 2693,75 тонна қант, 223,8 мың литр өсімдік майы бар екен. Сонымен қатар 588,7 тонна бірінші сортты ұн, 3,2 тонна тұз, 5 455,9 мың тонна бірінші санаттағы тауық жұмыртқасы, 170 тонна қарақұмық жармасы және 226,4 тонна майлылығы 2,5 пайыз пастерленген сүт қорда сақталған екен. Офтейк және форвардтық келісімдер бойынша тауар өндірушілерден келген 32 тонна қарақұмық (Павлодар), 497 465 литр өсімдік майы (Өскемен) қор есебінде тұр. Сонымен қатар 910 тонна күріш («Қызылорда Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Омарбеков» шаруа қожалығының өнімі), 398 тонна картоп, 788,3 тонна сәбіз, 1000 тонна пияз (Жуалы ауданы), 499,35 тонна қырыққабат (Алматы облысы) қорда бар.
– Биыл үлгілік ережеге және тұрақтандыру қоры комиссиясының шешіміне сәйкес көкөністер, яғни картоп, пияз, сәбіз және орамжапырақ үшін «Злиха» шаруа қожалығы, «ТRZ Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жақан» жеке кәсіпкерлігі және «Шәріпов» шаруа қожалығы сияқты өндірушілермен қосымша келісімдер жасалды. Қосымша келісімшарт бойынша жоғарыда аталған көкөністер 2024 жылдың жиын-терінінде жаңартылып, 2025 жылға дейін сақталады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында келіссөздер нәтижесінде өткен жылға арналған келісімшарттар бойынша тауарларға бағалар қайта қаралып, төмендетілген бағалар бойынша қосымша келісімдер жасалды. Тарқатып айтсақ, 1 килограмм күріштің бағасы 460 теңгеден 400 теңгеге (510 тонна), 1 литр өсімдік майының бағасы 590 теңгеден 450 теңгеге, 1 килограмм қарақұмықтың бағасы 250 теңгеден 180 теңгеге (32 тонна) төмендетілді. Негізгі азық-түлік тауарларына, азық-түлік емес тауарларға және ақылы қызметтерге бағаларды тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін өңірлік штаб бар. Осы штаб отырысының хаттамасы негізінде бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тапшылығын болдырмау және баға тұрақтылығын сақтау үшін Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда желілерінде тауарлық интервенция жүргізілуде. Осы мақсатта біздің мекеме «Әлеуметтік павильондар» ЖШС-ның 19 сауда нүктесі бойынша, «Дәмді себет» ЖШС-ның – 33, «Танирберген Б» жеке кәсіпкерлігінің («Нұрислам») – 3, «KAAN» ЖШС-ның («Фиркан») – 18, және «OPTOVIK №1» ЖШС-ның 2 сауда нүктесі бойынша келісімшарт жасасты. Тұрақтандыру қоры тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасының өсуіне және сауда үстемесінің 15 пайыздан асуына жол бермеу мақсатында әр апта сайын мониторинг жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Былтыр штаб хаттамасы негізінде күрішті тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенция жүргізіліп, оның 1 килограмын 410 теңгеден сатып алып, бұл өнім дүкен сөрелерінде 420 теңгеден саудаланды. Ал базардағы күріштің бағасы 1 килограмм үшін 450-490 теңге аралығында. Сонымен қатар тұрақтандыру қорынан өсімдік майының 1 литрі 460 теңгеден тауарлық интервенция жасалып, дүкен сөрелерінде 1 литрі 480 теңгеден сатылуда. Осы өнімнің нарықтағы бағасы 1 литр үшін 518-600 теңге аралығында. Сол сияқты тұрақтандыру қорынан 1-санаттағы тауық жұмыртқасының 1 данасына 37 теңгеден тауарлық интервенция жүргізіліп, дүкен сөрелеріне 1 данасы 40 теңгеден шығарылды, – дейді Ж.Әбдіжапар.
Биыл Тараз қаласындағы сауда желілеріне тұрақтандыру қорынан бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бойынша «Әлеуметтік павильондар» ЖШС, «Нұрислам», «Дәмді себет», «Фиркан», «Оптовик №1» дүкендеріне интервенция жүргізіліпті. Атап айтқанда, 1,2 тонна қарақұмыққа, 0,65 тонна қырыққабатқа, 13,6 тонна картопқа, 11,6 тонна сәбізге, 3,3 тонна 1 сұрыпты ұнға, 1 810 тонна наубайхана өнімдеріне, 56,4 тонна күрішке, 1 040 440 дана жұмыртқаға, 34 410 литр өсімдік майына тауарлық инвертация жасалған.
Көктемде көкөніспен елді ерте қамтамасыз ету үшін облыстық тұрақтандыру қоры мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер арасындағы келіссөздер нәтижесінде мамыр айында «Шәріпов» шаруа қожалығы қаладағы ірі сауда желілерін 3,6 тонна пияз және 0,5 тонна картоппен қамтамасыз етіпті.
Сонымен қатар тамыз айында Тараз қаласындағы сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерге 360 тонна қырыққабат, 50 тонна картоп, 40 тонна сәбіз және 50 тонна пияз өнімдерін жеткізу туралы «Шәріпов» шаруа қожалығымен келісім жасалған екен. Оның ішінде 1,5 тонна орамжапырақ, 0,6 тонна картоп, 2,4 тонна сәбіз жеткізіліпті.
Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағаларын тұрақтандыру ісі аудандарда да жүргізілуде. Мысалы, жыл басынан осы күнге дейін Жамбыл ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 1 түрі бойынша өсім қалыптасқан екен. Нақты айтқанда, тауық еті 7,4 пайызға немесе 100 теңгеге көтерілген. Десе де 3 тауар түрі бойынша бағаның төмендеуі қалыптасқан.
– Күріш 3,7 пайыз немесе 20 теңгеге төмендеді. Оның 1 килограмы бұрын 560 теңгеден болса, қазір 540 теңгеден сатылуда. Тауық жұмыртқасы 8,3 пайызға, яғни 50 теңгеге арзандады. Бұрын жұмыртқаның 10 данасы 650 теңгеден болған. Қазір жұмыртқа 600 теңге. Пияз бағасы да 42,8 пайызға немесе 30 теңгеге түсті, оның бір килограмы бұған дейін 100 теңгеден сатылса, пияздың 1 килограмын тұрғындар қазір 70 теңгеден сатып алып отыр. Негізгі азық-түлік, азық-түлік емес және ақылы қызмет көрсету бағаларын тұрақтандыру, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында аудан әкімдігінде тұрақты жұмыс істейтін штаб құрылған. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында барлық ауылдық округте мониторингтік топтар құрылып, жұмыс атқаруда. Аудан аумағындағы сауда орындарында бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында жыл басында 140 меморандумға қол қойылды. Мониторинг топтары сауда орындарында тауарларға қойылатын үстемені 10-15 пайыздан асырмау жөнінде тұрақты түрде рейдтер жүргізуде. Жыл басынан бері 1 082 рейд жүргізілді. Мысалы, рейд нәтижесі бойынша төрт сауда орнына ресми түрде ескерту беріліп, олар кәсіпорындардың жоспарлау жүйесіне тіркелді. Аталған сауда нысандары – Жалпақтөбе ауылындағы жеке кәсіпкер Н.Маюфидің «Достар», Сұлутөр ауылындағы жеке кәсіпкер М.Даврушевтің «Рамин», Қызылшарық ауылындағы жеке кәсіпкер П.Шохаеваның «Береке», Айшабибі ауылында жеке кәсіпкер С.Райымбекованың «Айзере» дүкені. Жалпақтөбе ауылдық округіндегі «Достар» дүкенінің иесі Н.Маюфиге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабының 2-тармағына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Жалпақтөбе ауылы, Жалпақтөбе көшесі №322В мекенжайында орналасқан жеке кәсіпкер «Илханов М-А.П»-ның «Тянь-Шань» супермаркетіне «ҚР Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Жоспардан тыс тексеріс қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар ішінде «Лидер» сауда белгісіндегі 1 килограмм күріш 495 теңгеге сатып алынып, 14,1 пайыз сауда үстемесімен 565 теңгеге, «Арал тұз» сауда белгісіндегі ас тұзының 1 данасы 70 теңгеге сатып алынып, 14,2 пайыз үстемесімен 80 теңгеге сатылғаны белгілі болды. Бұл жерде «ҚР Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес тауардың сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау бойынша талаптары сақталып отыр, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұржігіт Архабеков.
Ауданда тіркелген 2 наубайхана және 8 күлше нан шығаратын шағын цех жұмыс істеп тұр екен. Наубайханалар І сұрыпты ұнның 1 келісін 130 теңгеден сатып алыпты. Аталған екі наубайхананың бір күндік өнім шығарылымы – 2 000 бөлке нан. Аудандағы елді мекендерге Тараз қаласының «Хлебный Дар» нан зауытынан бір бөлке нанның бағасы 115 теңгеден жеткізіліп жатыр екен. Дүкендердегі сатылым бағасы – 120 теңге. Аудан халқының бір күндік тұтыну көлемі 12 мың бөлке нанды құрайды.
– Гродеково ауылдық округінен жеке кәсіпкер М.Сүлейменова тұрақтандыру қорынан айналым қаражатына 0,01 пайызбен 15 миллион теңге несие алған. Кәсіпкер қаражатты Гродеково ауылындағы әлеуметтік дүкеннің айналым қаражатына пайдалануда. Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес белгіленген стационарлы емес сауда орындарынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне жер телімдері ұсынылуда. Ауданда 4 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Аса ауылында жеке кәсіпкер Б.Нүпбаевтың иелігінде әлеуметтік дүкен жұмыс атқаруда. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар тауардың 16 түрі бар. Аумағы – 35 шаршы метр. Аса ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Т.Төлегеновтің келісімімен ауылдық округ аумағынан «Арна» әлеуметтік дүкені ашылған. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар 14 түрлі азық-түлік түрі қамтамасыз етілген. Айша бибі ауылдық округінен жеке кәсіпкер Ұ.Байқонысова «Заңғар» әлеуметтік дүкенін ашқан. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар тауардың 14 түрі бар. Гродеково ауылдық округінен ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер «Сулейменова М» басшысы Т.Аманжоловтың келісімімен пайда болған аумағы 60 шаршы метр дүкенге әлеуметтік маңызы бар тауардың 15 түрі қойылған. Барлық әлеуметтік дүкендер облыстық тиісті мекеме тарапынан әлеуметтік дүкендер тізіліміне енген, – дейді Н.Архабеков.
Жамбыл ауданында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау және тұрақтандыру бағытында осы тектес маңызды шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Әрбір атқарылған шара халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау және нарықтағы бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді. Мұндағы басты жұмыстардың бірі – тұрақты мониторинг жүргізу. Біз Нұржан Архабаевпен тілдесу барысында аудандық әкімдік пен басқа да тиісті мекемелер тарапынан арнайы құрылған топтар апта сайын жергілікті дүкендер мен базарларда бағаны қадағалап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының негізсіз көтерілуін болдырмауға тырысып жатқанын аңғардық. Мониторинг қорытындысы бойынша шұғыл әрекеттер қабылданып, қажет болған жағдайда сатушыларға ескерту немесе айыппұл салынатынын білдік.
Аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен және сауда желілері мен арнайы келісімшарттар жасасып, тұрақтандыру қорынан қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізіп отырады. Бұл әсіресе бағаның күрт өсуіне жол бермей, халыққа қолжетімді өнімдерді ұсынуға ықпал етуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты баға саясатын түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп отырады екен. Сатушылар мен кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндіріліп, бағаның 15 пайыздан артық көтерілмеуі қатаң бақылауда тұр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ