БҰҰ сарапшыларының ақпараты бойынша кейінгі бес жылда табиғи апат құрбандарының саны өскен. Мамандар мұндай табиғат апаттары енді толастамайтынын айтып, мемлекеттерді сақ болуға шақырады . БҰҰ-ның болжамынша, 2030 жылға қарай әлемдегі табиғи апаттар 40 пайызға көбейеді. Ғалымдардың айтуынша, аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық, дауылдардың жиілеп кетуі – қазба отындардың салдары. Олар парник газды ұлғайтып, жер шарын қыздырып жатыр.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде су тасқынынан 300 мыңға жуық адам, жер сілкінісінен 200 мыңға жуық адам зардап шегеді. Еліміздің ішкі жалпы өніміне зілзаланың тигізетін зияны – жылына шамамен 1 миллиард доллар.
«Табиғи апаттар экономикаға орасан зиян келтірумен қатар, азаматтардың өзін-өзі қаржылық қамтамасыз ету қабілетіне де кері әсерін тигізеді.
Өткен отыз жылда Қазақстанда орын алған апаттардан 10 миллионнан астам адам зардап шекті. Мұның экономикаға тигізген зияны шамамен 2,5 миллиард доллар. Жыл сайын зілзаланың салдары ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын, ал су тасқынының зардабы 1,6 пайызын құрайды», – дейді Дүниежүзілік банктің Дүлей апат тәуекелдерін басқару ісінің аға маманы Ко Такеучи.
Биыл да түрлі табиғи апаттар елімізді айтарлықтай әбігерге салып, көптеген қиындық туындатты. Әсіресе көктемгі су тасқынынан еліміз көп зардап шекті. Мамандардың айтуынша, бұл – елімізде кейінгі 30 жылда болған ең ірі табиғи апат. Су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер етіпті. Бүгінде мемлекет тарапынан зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіліп, баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған. Айта кетерлігі, 34 мыңнан астам отбасы жалпы сомасы 12,6 миллиард теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған. Сонымен қатар зардап шеккен 21 880 отбасы үшін жалпы сомасы 10 миллиард теңгеге 150 АЕК мөлшерінде келтірілген материалдық залал өтелген.
Сондай-ақ су тасқыны салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүлік шығындарының өтемақысы ретінде мақұлданған 615 өтініш бойынша 10,2 миллиард теңгеден астам қаражат төленген.
Көктемде қалалар, елді мекендер су тасқынымен сыналса, жаз шыға дала өрті өршіді. Мәселен, соңғы бір аптадағы деректерге сүйенсек, еліміздің аумағында бірнеше өрт оқиғасы орын алды. Жақында термалды нүктелерді мониторингілеу барысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қостанай облысы Жітіқара ауданымен шекараға жақын Ресей аумағында өрт ошағын тіркеген.
«Өрт тез таралып, Қазақстан аумағына өтті. Жағдайға ден қойып, Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары дереу оқиға орнына бет алды. Өрт сөндіру жұмыстары өрттің шекара аумағында қашықтықта орналасуымен, сондай-ақ желді ауа райы жағдайымен қиындап, өрттің тез таралуына себеп болды», – деп түсіндірді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Құтқарушылар мен шекара қызметі және басқа да органдардың бірігіп әрекет етуінің арқасында Қазақстан аумағында 1 400 шаршы метр аумақтағы өрт жедел оқшауланып, сөндірілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні Ақмола облысының Зеренді ауданында да құрғақ шөп пен орман төсемі өртенгенін хабарлады. Өртенген аумаққа мамандар мен техника дереу жұмылдырылған. Жел екпіні қатты болғанына қарамастан, нақты қабылданған шаралардың арқасында өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Сол секілді 6 қазан күні Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп жанған. Өрт орнына орманшаруашылығының, төтенше жағдайлар қызметінің күштері мен құралдары, ерікті өртке қарсы құрылымдар дереу жіберілген.
« Күндіз дала ө рт і П а вл од а р облысының шекарасынан «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына ауысқан. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары барды. Тікұшақтар суды Шалқаркөл көлінен алып, өрт ошақтарына 6 рет, жалпы көлемі 18 тонна су төккен . Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау ауылының тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам (8-і бала) эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында штаб жұмыс істеп тұр. Өрт орнына 183 адам, 56 техника, 4 тікұшақ жұмылдырылды. Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты», – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тілсіз жаудың оқшауланғанын жеткізді. Өрттің зардаптарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт шалған жердің аумағы шамамен 10 мың гектарға жетіп қалған. Жағдай қалың өскен шөптің, секундына 12-15 метр болатын екпінді желдің салдарынан күрделенген.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 8 қазан күні Павлодар, Қарағанды облыстарының шекарасындағы дала өртіне қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті. Министрдің айтуынша, өрттің жалпы аумағы 45 мың гектарға жеткен.
– Министрлік тің бүкіл штабы жұмылдырылды. Сондай-ақ Павлодар облысында жедел штаб құрылды. Министрліктен, сонымен қатар Абай облысынан, басқа да өңірлерден қосымша көмек тартылды. Қазіргі уақытта дала өрті толығымен оқшауланды, жағдай бақылауда, – деді Ш.Әрінов Үкімет отырысында.
Жалпы соңғы он жылдағы ең ірі өрт оқиғаларына тоқталсақ, 2015 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында табиғи өрт орын алып, 500 гектарды шарпып, 10 гектар орманды алқап өртенген болатын. Осы жылы Марқакөл орманшаруашылығының 700 гектарын өрт шалған. 2018 жылы «Семей орманы» резерватының аумағында орман өрті орын алып, 300 гектардан астам аумақты қамтыды. 2021 жылы Риддерде ірі өрт болды. Тілсіз жаудың кесірінен 300 гектарға жуық орманшаруашылығын өрт шалып, 51 учаске зардап шекті. 31 тұрғын үй толығымен өртеніп, 37 қосалқы ғимарат, 6 автомобиль және автокөлік шеберханасы жарамсыз күйге түскен. 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Қостанайда алапат өрт оқиғасы тіркелді. 5 қыркүйекке дейін жалын 43 мың гектар аумақты шарпыды. Бірнеше ауылдан 1 800-дей адам эвакуацияланды. Аманқарағай ауылында кемі 85 үй өртке оранып, бір адам қаза тапты. 12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат алып, күйік шалып, уланды.
Жыл басынан бері облысымызда да табиғи апаттар аз орын алған жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің дерегінше, жыл басынан бері 623 өрт оқиғасы тіркеліп, 291 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Өрт сөндіру барысында 117 адам құтқарылып, 558 адам басқа орындарға көшірілген. Сондай-ақ 9 адам жарақат алып, 158 автокөлік өртенген. Облыс бойынша соңғы өрт шығу оқиғасы 4,6 қазан күндері тіркелген. 4 қазан күні Тараз қаласындағы «Думан-Шырын» мейрамханасының бір қабатты ғимаратынан өрт шығу оқиғасы анықталса, 6 қазан күні Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы №2/3 мекенжайында «Газель» автокөлігінің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түскен.
Ал жер сілкінісі бойынша 2 балдан жоғары 4 оқиға тіркелген. Сонымен қатар Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында жаңбырдың толастап жаууы су тасу оқиғасына себеп болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше , облысымызда су тасу кезеңі жыл сайын ақпанның онкүндігінен маусымның онкүндігіне дейін орын алады. Осы кезеңде су тасқыны тау бөктерінде қатты жаңбыр мен қардың тез еруі салдарынан болады.
– Сонымен қатар ұзақ қарқынды жауын-шашын, температураның күрт жоғарылауы кезінде су ағындарының ұлғаюы, суқойманың толып кетуі және соның салдарынан су ағындарының тасқынға ұласуы мүмкін. Нәтижесінде қоймалардан судың тасып шығуы көбейіп, Шу, Талас және Аса өзендерінің бойында орналасқан аумақтарды, елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі туындайды. Облыс аумағында су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда 42 елді мекен орналасқан. Облыс аумағының су тасқыны мен еріген сулардан қорғану деңгейін арттыру жұмыстары су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы және су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспары сынды бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылуда. Жоба бойынша жағалауды нығайту жұмыстарының жалпы ұзындығы 25,02 шаршы метрді құрап отыр. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында 2024 жылғы 11 маусымда облыс әкімінің орынбасарымен су тасқынына қарсы 36 іс-шараны қамтитын 2025 жылға арналған инженерлік жұмыстар жоспары бекітілді. Жоспарда каналдарды, арықтарды, автомобиль жолдарының астындағы су өткізу құрылыстарын, су бұру арналарын тазалау, көпірлерді, дренаждық арналарды жөндеу және су өткізу құрылыстарын орнату жөніндегі іс-шараларды жүргізу көзделген, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау майоры Дархан Рашидұлы.
Сонымен қатар биылғы жылы су тасқынының қауіпті кезеңіне дайындық негізінде 6 900 тонна инертті материалдар дайындалып, 16 140 тонна жанар-жағармай қолдану көзделіп, 31 200 қап сатып алынған. Су тасқыны жағдайының асқынуларына жедел ден қою мақсатында облыста төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылған.
Облыс көлемінде жылыту маусымында орын алатын қауіпті оқиғалардың алдын алу шаралары қолға алынып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенсек, жылыту маусымының алдында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптары орындалған көпқабатты тұрғын үйлерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ жылыту маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен 2024 жылдың 15 тамызынан 15 қыркүйекке дейін облыс көлемінде өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу, бұқаралық ақпарат құралдарына тарату мен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар орындалған. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 12 586 тұрғын үй иелерімен кездесу өткізіліп, жылыту маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 27 689 азаматқа нұсқаулық берілген.
Елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу, онымен күресу жолындағы дайындықтарын пысықтау мақсатында «Бекет», «Жер», «Көктем», «Өрт» сынды оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады. Мұндай оқу-жаттығу жиындарының басты мақсаты – жер сілкінісі, өрт, су тасқыны кезінде орын алған төтенше жағдайларды бақылауға алып, жедел жұмылдыру тобымен оқиғаның ұлғаюына жол бермей, алдын алу.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ