Қоғамда жастығына қарамастан жұрт үшін жанын беріп, ел үшін еміреніп еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Тілсіз жаумен күресіп жүрген өртсөндірушілердің ерлігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгінгі кейіпкеріміздің көзсіз батырлығы да сөзсіз алғысқа лайық.
2024 жылдың 6 қазан күні сағат 10:52- де Тараз қаласы, Жамбыл даңғылының бойында «Газель» автокөлігі өртенгендігі жөнінде хабарлама түседі. №4 өрт сөндіру бөлімінде Қуандық Жұмағалиевпен бір ауысымға түсетін диспетчер Мадина Қуатбекова мән-жайды толыққанды баяндап, жедел жұмылдыру тобына хабарлаған. Оқиға орнына 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 7 өртсөндіруші-құтқарушы шығып, автокөлікті шарпыған өртті сөндіруге кіріседі.
– Бізге хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына жедел бардық. Бар ойымыз оттың күшейіп, айналаға жайылмауы үшін ертерек сөндіру керек болды. Себебі «Газель» автокөлігі газ құю мақсатында кезекке тұрған. Газ құю бекетіне жақын тұрғандықтан өрттің жалыны оны да шарпып өтетін болса, басқа да адамдардың өміріне қауіп төнетін еді. Көліктен шыққан өртті сөндіру барысында астындағы газ толтыру багына көзім түсіп, дереу сөндіру керек деген ойда болдым. Көлік астындағы газ багын сөндіріп жатып, екінші газ толтыру баллонын байқамадым. Біреуін сөндіріп жатқанда екіншісіне от тиіп, жарылғанын сол кезде аңғардым, – дейді Қуандық.
Өрт сағат 11:00-де толық сөндіріледі. Жалындаған оттан жалтармай, өз жұмысын женкештілікпен жалғастырған Қуандықтың әрекетін адамдар видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге таратады. Қара басын ғана ойламай, қарашаның қамын жеген бүгінгінің батырына халық алғысын білдіруде.
Қуандық Жұмағалиев – үш жылға жуық уақытта бірнеше өрт оқиғасына қатысып, ұжымда сый-құрметке бөленіп жүрген азамат. Қуандықтың айтуынша, бір күнде 8 өрт оқиғасына қатысқан кездер де болған екен.
– Өртсөндіруші мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Біздің әулетте бұл саланың маманы болмаса да осы қызметке бала күнімнен қызықтым. Киім үлгісін, жұмыс барысын бала кезімнен зерттедім, – дейді Қуандық Жұмағалиев.
Бүгінде Қуандық шеберлігін шыңдау мақсатында Қырғыз мемлекеттік құрылыс, көлік және сәулет университетінде «Өрт қауіпсіздігі» мамандығында білім алуда.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ