ШАҒЫМДАР САНЫ КӨБЕЙГЕН
2024 жылғы 9 айда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен әр облыстардағы департаменттері ел азаматтарынан 42 907 өтінім қабылдапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,4 пайызға артық. Тұтынушылардың құқығын қорғау барысында оларға 1,36 миллиард теңге қайтарылған, бұл да 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Өткен жылмен салыстырғанда өтінім саны мен иесіне қайтарылған қаржы көлемінің ұлғаюы қазақстандықтардың өз құқықтарын қорғауда белсенділік танытып, тиісті мекеме қызметіне жиі жүгіне бастағанын аңғартады.
Еліміз бойынша шағымдардың көп бөлігі бөлшек сауда секторына тиесілі екен. Яғни 17 837 өтінім қабылданса, бұл жалпы шағым санының 43,7 пайызын құрайды. Сатып алушылар тиісті мамандар қызметіне тауар иесінің сапалы немесе ақауы бар тауарларды қайтару не болмаса алмастырудан бас тартуына қатысты жиі жүгінген. Электронды сауда саласындағы шағымдар екінші орында тұрса, оның саны – 9 473 өтінім (23,2 пайыз). Негізгі көтерілген мәселелер тауар сипаттамасының шындыққа сәйкес келмеуіне, сатушы туралы ақпараттың болмауы және ақшаны қайтарудағы қиындықтарға қатысты болған.
Тұрмыстық қызметтер, оның ішінде жөндеу және жиһаз жинау жұмыстары да тұрғындар жиі жасаған шағымның бірі. Бұл бойынша 3 384 шағым тіркеліпті. 2 376 өтініммен қазақстандықтар үшін ең проблемалы салалардың бірі болып тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы назарға іліккен. Оның ішінде тарифтердің өсуі, электр энергиясын өшіру және үй қоңырауы мен газ тарату компанияларының әділетсіз жұмыс істеуі азаматтардың наразылығының негізгі себептері болып танылған. Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру, туризм, білім беру, медициналық қызметтер және тағы да басқа салалар бойынша шағымдар саны да артқан.
2024 жылдың 9 айында аталған комитеттің аумақтық департаменттері мамандары тарапынан 876 тексеру жүргізілсе, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайызға артық. Тексеру қорытындысымен 63 бизнес субъектісіне жалпы сомасы 4,5 миллион теңге болатын айыппұл салыныпты. Өткен жылдың 9 айында айыппұл сомасы 4,2 миллион теңге болған екен. 813 кәсіпкер ескерту алған. Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда ескертулер саны 5 есеге өскен. Бұл бизнес саласында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.
Сондай-ақ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті және оның аумақтық департаменттері талап арыз жұмыстарын да үздіксіз жүргізіп келеді. Соның арқасында жыл басынан бері 30-дан аса іс қозғалыпты.
Еске сала кетейік, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның жаңа редакциясының жобасын әзірлеген болатын. Оның алғашқы қарастыру кезеңі де аяқталды. Құжат ҚР Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті. Қазіргі уақытта екінші оқылымға дайындық барысында құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жалғасуда. Жаңа редакциядағы заң азаматтардың құқықтарын қорғау механизмін жетілдіріп, шағым-талаптармен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін және сатушылар мен қызмет көрсетушілердің тұтынушылар құқығын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейтетін болады.
ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ҚАРЫМДЫ ҚАДАМЫ
Бүгінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау және оларға кеңес беру ісімен қоғамдық ұйымдар да белсене айналысуда. Мәселен, қазіргі уақытта «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігі республика бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Тұтынушылар арасында түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізе отырып, құқықтық сауаттылықты арттыруды, сауда нысандары мен кәсіпорындардағы тауардың сапасына, бағасына зерделеу жүргізуді көздейтін осы қоғамдық бірлестіктің республика деңгейінде шаруа атқаруы оның аймақтық шеңберден шығып, ел көлемінде танылған беделді ұйым екенін айғақтайды. Аталған ұйым мамандары еліміздің бірқатар өңірін аралап, оның ішінде өз облысымызға да ат басын бұрып, осы ұйым өкілі Жанна Биятан мен облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев өңірдегі БАҚ өкілдері алдында баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Сол кезде Жанна Үрметханқызы қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысы, оның ішінде өңірімізде қандай тауарларға зерделеу жүргізілгені туралы кеңінен әңгімелеген еді.
– Осы жылдың 26 наурызынан бастап «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Жамбыл облысында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы ақпараттық қызмет көрсету» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жобаның мақсаты – тұтынушылардың тауарлар, олардың қауіпсіздігі мен сапасы, сондай-ақ тауарлардың сатушыларына (өндірушілеріне) қатысты ақпарат алу құқықтарын жүзеге асыру. Жамбыл облысы тұтынушыларына сатылатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуді жүзеге асыру мақсатында тауарларды аккредиттелген зерттеу орталықтарына өткізу және нәтижелері туралы объективті және шынайы ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату міндетіміз. Зерттеуді жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемесімен, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» ақционерлік қоғамымен келісім жасалды. Осылайша осы облыстағы қазақстандық, ресейлік, қытайлық, кореялық, Біріккен Араб Әмірлігінен келетін өнімдердің 28 үлгісіне зерттеу жүргізілді. Оның ішінде қазақстандық шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткені, ресейлік ұн мен кондитерлік өнімдердің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні, Қытай ойыншықтарының, тұрмыстық техникасы мен косметикасының контрафактілік белгілері бар екені, Корея және Біріккен Араб Әмірліктерінің өнімдерінің ақпараттары қазақ және орыс тілдеріне аударылмай, сәйкестік туралы декларациясыз сатылғаны анықталды. Өнімнің техникалық регламенттерге сәйкес келмеуімен қатар, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында көзделген тұтынушылардың құқықтары бұзылған. Өнімді сатып алу кезінде көптеген сатушы фискалды және сату түбіртектерін бермеген. Бұл ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабын бұзу болып есептеледі. Аталған фактілер бойынша тиісті мемлекеттік кірістер органына өтініштер жолданды. Жобаны жүзеге асыру барысында қарапайым тұтынушыға қауіпті тауарды сатып алу фактісін дәлелдеу өте қиын екені белгілі болды. Ол үшін тұтынушы нақты алгоритмді білуі керек, ал дүкендер фотосы мен «Kaspi Gold» аударымдары, сату мекенжайының көрсетілгеніне қарамастан жеткілікті дәлел бола алмайды. Тағы бір мәселе, егер тұтынушыға фискалды түбіртек берілмесе, онда санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментіне шағымдану арқылы құқықтарын қорғау мүмкін емес. Бұл туралы Кәсіпкерлік кодексінде: «Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы дәлелді негіздер мен айғақтар болғанда ғана шағымдануы – шағымның негізі болып табылады», деп нақты атап көрсетілген, – дейді Ж.Биятан.
Оның айтуынша, нормативтік құқықтық актілердің иерархиясы бойынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға қарағанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі жоғары тұр. Сондықтан оларға Кәсіпкерлік кодекстің талаптары негізінде тексеру ашылады екен.
Сол себепті тұтынушы құқығы қандай жағдайда болмасын бұзылса, онда сатушының аты-жөні, жеке және бизнес сәйкестендіру нөмірі және мекенжайы көрсетілген фискалды немесе сату түбіртегін бермесе, тұрғындар ол өнімді сатып алмауы керек. Тұтынушы сапасы төмен және қауіпті өнімді сатып алған сәттен бастап 2 ай ішінде тиісті органдарға хабарласып үлгеруі тиіс. Бірақ сонымен бірге тұтынушы қай орган қай арызды қарауға құқылы екенін нақты білу қажет. Әйтпесе өтініш беру мерзімін өткізіп алып, қорғаусыз қалу қаупі туындайтын көрінеді. Одан әрі азаматтық талаппен сотқа жүгініп, келтірілген залалды өтеуге болатын алгоритмді орындау маңызды.
Еліміз бойынша халыққа түсіндіру және тауарлар сапасына зерделеу жүргізу мүмкіндігіне ие қоғамдық ұйым Маңғыстау облысынан болғандықтан бұл өңірде тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалып жатқанына, сауда саласында қандай өзгеріс барына да назар аударған едік. Мысалы, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті жақында Маңғыстау облысындағы екі ұйымның қызметін тоқтатқан екен. Ол – «АвтоСертАқтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы филиалының сынақ зертханасы. Жоспардан тыс тексерулер барысында бұл ұйымдар көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерді бұзылған автомобильдерге рәсімдегені анықталған. Бұл «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының тиісті техникалық регламентінің талаптарын бұзады екен. Регламент бойынша, сынақтар мен тексерулерге олардың мақсатына сәйкес пайдалануға жарамды жиынтық көлік құралдары ғана жататын көрінеді. Анықталған бұзушылықтар негізінде аталған екі ұйымға 2 215 200 теңге көлемінде айыппұл салынып, осы зертханаларды аккредиттеу аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылыпты. Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрмыстық үлгідегі ақаулы газ есептегішін орнатуға байланысты тұтынушының құқықтарын бұзу туралы өтініш түскен екен. Өтініш беруші қызмет ұсынушының құжаттарға сәйкес есептегіш құрылғысы 2025 жылға дейін жарамды екенін және есептегішті орнатқаны үшін өтемақы талап еткенін алға тартқан. Осы іс бойынша мәселе зерделеніп, іс сотта қаралыпты.
Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың қ ұ қ ы қ т а р ы н қ о р ғ а у д е п а рт а м е н т і Маңғыстау облыстық сотында үшінші тұлға ретінде сот талқылауына қатысқан. Сот тұтынушының газ есептегішін орнату шығындарын өтеу, сондай-ақ моральдік зиянды өтеу туралы талабын қараған. Істі қарау қорытындысымен сот тұтынушының талабын қанағаттандырған. Нақты айтқанда, 50 000 теңге мөлшерінде моральдік зиянды өтеу, газ есептегішін орнатқаны үшін төленген соманы тұтынушыға 7 500 теңге көлемінде қайтару туралы қаулы шығарған.
Маңғыстау облысында былтырғы жылмен салыстырғанда биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) 8 түрі арзандапты. Бір жыл ішінде бірінші сорттағы бидай ұны 335 теңгеден 302 теңгеге (10 пайыз), қарақұмық жармасы 321 теңгеден 219 теңгеге (32 пайыз) түскен. Күнбағыс майы 764 теңгеден 687 теңгеге (10 пайыз), сәбіз 256 теңгеден 223 теңгеге (12,9 пайыз) төмендепті. Пияз 169 теңгеден 151 теңгеге (10,7 пайыз), қырыққабат 193 теңгеден 184 теңгеге (4,7 пайыз), күріш 478 теңгеден 472 теңгеге (1,3 пайыз), құмшекер 418 теңгеден 393 теңгеге (6пайыз) арзандаған.
Маңғыстау облысы әкімдігі кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиевтің таратқан мәліметіне сүйенсек, бұл облыста 340 сауда нысаны мен жергілікті әкімдік арасында ӘМАТ тауарларына қосатын сауда үстемесін 15 пайыздан 10 пайызға түсіру туралы меморандум жасалған екен. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған шара көрінеді. Маңғыстау облысындағы азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегіндегі делдалдық схемаларын тергеп-тексеру комиссиясының жыл басынан бері 53 отырысы өтіпті. Нәтижесінде 71 кәсіпкерлік субъектіге ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-4-бабы ӘМАТ тауарларына 15 пайыздан жоғары үстемеақы қосқаны үшін ескерту берілсе, 9 кәсіпкерлік нысанға 166 140 теңге айыппұл толтырылған. Ал сөредегі баға мен кассалық чектегі баға сәйкес келмегені үшін бұл өңірде 21 бизнес субъектісіне 1 303 276 теңге айыппұл салыныпты.
ОБЛЫСТА ОҢДЫ ІС КӨП
Осы орайда біз Байқадам Еркінбекұлынан Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың ішінде 8 түрінің арзандағанын, оның ішінде кейбір өнімнің бағасы 32 пайызға дейін түсуінің себебін сұрадық. Сонымен қатар Әулиеата өңірінде де сауда нысандары мен жергілікті әкімдік арасында әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын сауда үстемесін Маңғыстаудағыдай 15 пайыздан 10 пайызға түсіру туралы меморандум жасауға болатын, болмайтынын білгіміз келді.
– Кейбір тауарлар біздің нарыққа сырттан келетіні белгілі. Мысалы, Ресейде қант біздегі бағадан әлдеқайда арзан. Сол секілді сырттан келетін тауарлар есебінен жергілікті нарықта бәсекелестік туындап, соның есебінен баға арзандайды. Түсінікті етіп айтсам, бір тауар сырттан Маңғыстау облысына төмен бағада келсе, дәл сол тауар біздің облысқа жеткенше оған жол шығыны қосылып, біздің облыстың нарығына өзгеріс енгізе алмауы мүмкін. Сондықтан тауардың бір өңірде арзандауы, бір өңірде қымбаттауы жол шығынына байланысты. Ал әлеуметтік маңызы бар тауарлардың үстеме бағасын облыста 15 пайыздан 10 пайызға түсіру сауда орындарының келісімімен жүзеге асатын шаруа. Өйткені заңда үстеме баға 15 пайыздан аспаса болды. Кәсіпкерлер осы заңды негізге алып, үстеме бағаны 15 пайыздан 10 пайызға түсіруге келісім бермесе, бұл олардың заңды құқығы, – деген Байқадам Еркінбекұлы облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан тұтынушы құқығын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын егжей-тегжейлі әңгімеледі.
2024 жылдың 9 айында 794 өтініш түсіпті. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 668 өтініш қаралған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 184 өтінішке асып отыр (2023 жылдың 9 айында 484 өтініш). Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі 38 пайызды құрайды.
– Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын атқаруда. Департаментке 462 жазбаша өтініш түсті. Мамандардың қабылдауында 91 азамат болды. Ал басшы 2 тұтынушыны жеке қабылдаса, «Сенім» телефонына 230, Telegram-бот бойынша 11 өтініш түсті. Сауда қызметі саласында департаментке 126 жазбаша өтініш түсті. Тұтынушылардың шағымдарының негізгі саласы бөлшек саудамен байланысты болып тұр. Ол бойынша көрсеткіш 313 шағым немесе жалпы шағымдар санның 45,4 пайызына жетіп отыр. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым, одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту дерегі көптеп кездесуде. Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны 2023 жылдың 9 айында 76 шағымды құраса, 2024 жылдың 9 айында 104 шағымға жетіп, мұның 37 пайызға өскенін көрсетті. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрмыстық қызмет шаруашылығы бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты. Есептік кезенде департаментке келіп түскен 711 өтініштің 448-і толығымен қанағаттандырылды. Бұл 63 пайызды құрайды. Тұтынушыларға 21 300 000 теңге қайтарылды, 263 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды. Сонымен қатар 66 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 17 өтініш жұмыс үстінде қаралуда. 2024 жылдың 9 айында департамент тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілерге жоспардан тыс 106 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласында 82 тексеру, яғни ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруы бойынша, ал тұтынушының шағымына жауап бермеу жөнінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 24 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 83 бұзушылық анықталды. 65 ұйғарым енгізіліп, құқық бұзушыларға ескерту түрінде 67 әкімшілік жаза және жалпы сомасы 2 362 880 теңгеге айыппұл түрінде 16 жаза қолданылды. Сонымен қатар 7 субъектіге 1 576 484 теңге сомаға тексеру жүргізбей айыппұл салынып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 6 тексеріс тараптардың келісімімен аяқталды. Облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін дер кезінде анықтау мақсатында департамент мамандары дүкендерге, супермаркеттерге, сонымен қатар әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторинг жүргізіп отырады. Егер мониторинг барысында бағаның ресми статистика бағасынан асқаны байқалса, аталған кәсіпкерлерге «Сауда саласын реттеу туралы» Заңнамасының талаптары түсіндіріліп, оны жөнге келтіру жұмыстары атқарылады. Аталған жұмыстар департамент пен Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайттарына жарияланып отырады, – деді Байқадам Дүйсенбаев.
2024 жылдың 9 айында әлеуметтік желілерде 1 635 материал, өңірлік БАҚ-та 96 мақала жарияланыпты. Департамент қызметкерлерінің қатысуымен облыстық телеарналарда 6, облыстық радиода 5 сұхбат ұйымдастырылыпты. Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп 6 «Ашық есік» күні, 18 қоғамдық қабылдау өткізілген. Қоғамдық бірлестіктермен бірге өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 7 брифинг ұйымдастырылыпты.
Жалпы тұтынушының сатып алған өнімі немесе алған қызметі қауіпсіз болуы керек және тұтынушының денсаулығына зиян келмеуі тиіс. Сапалы тауар тұтынуда тұтынушының шынайы ақпарат алу құқығы да тапталмауы қажет. Тұтынушы нарықта бірнеше таңдау мүмкіндігіне ие болуы керек. Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушы құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ