Статистикалық талдау нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдердің өз бетінше үйден кетуінің негізгі себептері – отбасындағы жанжал, ата-аналардың жұмысбастылығы.
Мәселен, 17 жастағы жасөспірім шкафтағы заттарды ақтарып жатқанында әжесінің жасырған ақшасын тауып алады. Ойламаған жерден олжаға кенелген бала тауып алған ақшасына ұялы телефон сатып алған. Кейін әжесі жинап жүрген ақшасына немересінің ұялы телефон алғанын білген соң ұрсады. Осы жағдайдан кейін әжесіне ренжіген немересі үйден жасырын кетіп қалады. Полиция жасөспірімді ертеңіне таңертең үйден 35 шақырым жерден тапқан.
Ал 13 жасар бала ата-анасымен сабақтан төмен баға алғаны үшін ұрсысып, ешбір ескертпестен досының үйіне қонады.
Осыған қатысты ата-аналармен және кәмелетке толмаған жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізілді.
Қазіргі таңда үйден кеткен барлық жасөспірімдер табылды. Балаларға қатысты немесе олардың қатысуымен жасалған қандай да бір қылмыс жасау фактілері оларды іздестіру кезеңінде тіркелмеген. Барлық балаларды іздеуге тек полиция қызметкерлері ғана емес, еріктілер мен белсенді азаматтар да қатысты.
– Балаларыңызға мұқият және абай болыңыздар, олардың мәселелерін бірлесіп шешіңіздер. Балаңыздың әуестіктері мен бос уақытына қызығушылық таныту маңызды. Егер бала үйден өз еркімен кетіп қалса, онда сіз оның барлық таныстары мен достарына кідіртпей қоңырау шалуыңыз қажет. Оның қандай киіммен кеткенін және өзімен бірге не алғанын анықтауға тырысыңыз. Егер сіз баланың үйден саналы түрде кетуінің белгілерін көрмесеңіз де шұғыл полицияға хабарласыңыз. Өзіңізбен бірге кәмелетке толмаған жасөспірімнің құжаттары мен фотосуреттері болуы керек. Сондай-ақ кетуіне себеп болған мән-жайды анықтап, полицияға жүгінген жағдайда көрсетуге тырысыңыз, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі