Олжас Елебекұлының айтуынша, өңірде қалдықтарды жинау, тасымалдау қызметімен 32 мекеме айналысады. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған.
– Облыста 792 контейнерлік алаңда қалдықтарды бөлек жинауға арналған 4 145 контейнердің 3 түрі орнатылған. Сонымен қатар биыл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша қалдықтарды жинауға арналған 412 контейнер алу жоспарланған болатын. Алайда Жуалы, Қордай, Сарысу, Талас аудандарында контейнер орнату жұмыстары баяу жүргізілуде.
ҚР Экологиялық кодексінің 365-бабына сәйкес аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі тиіс.
Бүгінгі таңда Қаратау, Жаңатас және Шу қалалары ғана коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша бағдарламаны әзірлеп, мәслихат шешімімен бекітті. Тараз қаласының әкімдігі бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Қалған аудандар коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеуі қажет. Бағдарламаны әзірлеуге шамамен 5-10 миллион теңге керек.
Коммуналдық меншіктегі полигондардың ішінде құрылыс қалдықтарын орналастыруға арналған 8 полигон жұмыс істейді.Қалдықтардың пайда болуының жалпы лимиті – жылына 28 441 тонна, – деген басқарма басшысы құрылыс қалдықтарын басқару үшін жол картасы және әрі қарай жұмыстарды жалғастыру мақсатында алгоритм әзірленгенін жеткізді.
Дайындалған жол картасы Тараз қаласы және аудан әкімдіктеріне жолданыпты. Бұдан басқа басқарма мамандары аймақтарға шыға отырып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты нұсқама берген.
Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарға қарамастан әкімдіктермен қолданыстағы орталық полигонның ішінен 50 шаршы метр жер бөлу, арнайы рұқсат қағаздарын рәсімдеу жүргізілмеген. Сол сияқты ұсақтау аппаратын орнату және тұрғын жай маңайынан құрылыс қалдықтарын орналастыруға арналған 12 шаршы метр алаңша құру жұмыстары да қолға алынбаған.
– Тараз қаласы әкімдігі шаһар аумағынан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 20 алаңшаның артынан бетон төсеп, құрылыс қалдықтарын орналастыруға жағдай жасауда. Жұмыстар жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.Меркі ауданы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған контейнерлер орналасқан алаңшалардың көлемі құрылыс қалдықтарын қоса жинақтауға мүмкіндік беруіне байланысты қосымша алаң құрылысын жүргізуді талап етпейді.Сарысу ауданында 75 мың тонна құрылыс қалдықтары жинақталған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, полигон екі таудың ортасында орналасқандықтан қоршау жұмыстарын жүргізу негізсіз болып есептелді. Қазіргі уақытта құрылыс полигонының қасынан цемент зауыты салынуда. Осыған орай құрылыс қалдықтарын әкімдіктің келісімімен цемент зауыты өз қажеттілігіне алуда.Қалған Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов, Қордай және Шу аудандарында ешқандай жұмыс жүргізілмеген, – дейді Олжас Елебекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі бойынша аймақта 319 нүкте анықталған. Түсірілім нәтижесімен 99 кездейсоқ қоқыс орны жойылып, 205-і қалып тұр. Ал 45 орын рәсімделген полигон болса, 1 орын жекеменшік аумақта орналасқан екен.
Сондай-ақ басқарма басшысы өңірде инвесторларды тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыру мақсатында «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы алған төлем қаражаты есебінен облыс бойынша 2,2 миллиард теңгеге 4 жоба жолданғанын айтты.
Баяндама соңында басқарма басшысы қалдықтарды басқару саласындағы бірқатар кемшілікті аймақ басшысының назарына ұсынды.
– Биыл шілде айында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсат қағаздарын тексеру барысында коммуналдық меншіктегі 159 полигонның 23-інде қоршаған ортаға арналған эмиссиялық рұқсаты 2019-2020 жылдары облыс бойынша экология департаментімен тоқтатылғандығы анықталды. Басқарма тарапынан рұқсат қағаздарды жаңарту үшін хат жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сол секілді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларының деректеріне сүйенсек, облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 163 полигонның 157-сінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылары жоқ екендігі мәлім болды.
Жыл басында полигондарды зерделеу барысында қосымша қалдықтарды төгуге арналған 5 полигонның қоршауларын қалпына келтіру қажет екендігі анықталған. Ал 61 полигонның қоршауы 2 метр тереңдікте траншея қазу арқылы ғана жүргізілген, жеңіл сеткамен қоршалмаған.Алайда аудандар тарапынан ешқандай жұмыстар атқарылмаған.
Коммуналдық меншіктегі 159 полигонның 100-і мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен жабылған. Басты себебі – тарату қоры жоқтығы. Қалдықтарды басқару жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенімен бүгінгі күнге дейін тапсырмалар өз деңгейінде орындалмай отыр. Осыған байланысты қала және аудан әкімдіктеріне жыл соңына дейін жоғарыда аталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма беріп, орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігін қарау мәселесін ұсынамын, – деді Олжас Елебекұлы.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң аймақ басшысы жұмысты тиісті деңгейде атқармай отырған аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Қалдықтарды басқару мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндаған Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза биыл Бауыржан Момышұлы ауылына тұрмыстық қалдықтарға арналған 20 контейнер алынатынын жеткізді. Сондай-ақ 5 ауылдық округке де бір-бір контейнер орнатылмақ.Жұмыстар жыл аяғына дейін орындалады. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі бойынша анықталған 33 нүктенің 27-сі жойылған. Қалған 6 орын, атап айтқанда, Бәйтерек, Қызыларық ауылындағы қоқыс орындары ретінде тіркелген нүктелерге егіншілер жер тыңайту үшін қи шашқан екен. Сөз соңында аудан әкімі құрылыс қалдықтарын орналастыратын полигон ашу үшін арнайы дайындалған жерге рұқсат берілсе деген өтінішін жеткізді.
Тазалық мәселесі тұрақты назарда екенін айтқан өзге де аудан әкімдері құрылыс қалдықтарына арналған полигон керектігін сөз етті.
– Облыс полигондарында сұрыпталған пластик, қағаз, шыны, металл секілді тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге жіберу жұмыстары ұйымдастырылсын. «Жасыл Даму» АҚ қалдықтарды сұрыптайтын, өңдейтін зауыт құрылысы мен техника алуға арналған жобаларды ұсыну жұмыстарын жандандыруы қажет. Мемлекеттен беріліп жатқан мүмкіндіктерді барынша пайдаланған жөн.
«Таза Қазақстан» акциясы бір мезгілдік немесе бір жылдық науқан емес. Осы бағыттағы тазалық жұмыстары тоқтамауы тиіс, – деді кеңесті қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы.
Сонымен қатар жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов өңірдің санитарлық тазалығы жөнінде баяндама жасады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ