Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сеңкібай каналы тазартылды

Сеңкібай каналы тазартылды
Ашық дереккөз
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында апта басында Тараз қаласында «Күзгі тазалық» экологиялық акциясы өтті. Іс-шараға 200-ден астам жас ерікті қатысып, Сеңкібай каналының жағалауын қоқыстан тазартты.

Қазақстан студенттері альянсы облыс бойынша филиалының жетекшісі Дархан Байпақтың айтуынша, қала тұрғындарынан үйлерінің айналасын тазарту туралы өтініштер жиі түседі екен. – Жастарымыз мұндай өтініштерді назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше орындауға тырысады. Мәселен, бір күн бұрын Тараз қаласының үш қарт тұрғынының ауласын тазалауға көмектесті. Ал бүгін волонтерлер канал жағасын тазалауға құлшына кірісті.

Бір байқағаным, қаламызда қазір дәл осындай игі іске жұмыла кететін жастар қатары көбейіп келеді. Бүгінгі тазалық акциясында да жастардың үлесі аз емес екені көрініп тұр. Біз ай сайын бірнеше рет осындай тазалық жұмыстарына қатысамыз. Қаладағы қариялардың ауласын тазалап беру, үйін ретке келтіру, қаржылық жағынан көмектесу бойынша жастар болып жұмыла кетеміз. Осы секілді қала тазалығына да ерекше қамқорлық танытып, экологиялық акцияларға қатысамыз. Жалпы тұрғындарды қоршаған ортаға мейіріммен қарауға, осындай игілікті іске атсалысуға шақырамын, – дейді Д.Байпақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен көктемде басталып, 773 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы күзгі тазалық айлығына ұласты. Ұйымдастырушылар бұл акция жаңа аумақтарды қамтып, қаланы абаттандыру бойынша жүйелі шаралар аясында жалғасатынын атап өтті. Экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінетін болады. – Жастарымыздың осындай ісшараларға белсене атсалысқанын көріп, қуанып отырмыз. Бұл олардың туған қаласына деген жоғары әлеуметтік жауапкершілігі пен қамқорлығын көрсетеді. Біз үшін қоқысты шығарып қана қоймай, қоршаған ортаны құрметтеу мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Осындай іс-шаралар өскелең ұрпаққа қала тазалығы жалпы еңбек пен тәртіптің нәтижесі екенін ұғындыруымызға ықпал етеді. Бүгінгі акция экологиялық таза және жайлы Таразды құру жолындағы келесі қадам болады деп сенеміз, – деді Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гауһар Олжабаева.

Ал ерікті Нұрай Сатылғанованың сөзінше , каналдарды тазалау жұмыстары қашанда айрықша маңызға ие. Ол: «Бұл жұмыстар өңірдің шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізеді», – дейді. Күзгі таз алық айлығының басталуына байланысты тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, суайдындардың жағалауларында, саябақтар мен скверлерде , көпқабатты тұрғын үйлердің маңында, демалушылар көп жиналатын орындарда жалғасты. Белсенді азаматтар, еріктілер мен жастар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы орталық саябақта, тарихи-өлкетану мұражайында, Қордай ауданының Касық және Жамбыл ауылдық округінің автомобиль жолының бойында тазалау жұмыстарын жүргізсе, Жуалы ауданының рухани орталығы болып саналатын Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза мемориалдық үйінде 100-ден астам адамның қатысуымен «Өнегелі ұрпақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ жанашыр азаматтар Меркі ауданының Аспара, Ақермен, Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылдық округтерінде тыл және еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттардың аулаларында суару, арықтарын тазалау, әктеу, қоршауларды сырлау жұмыстарын жасап, көмек қолдарын созды. Акция Жаңатас қаласында адамдар көп жүретін теміржол вокзалында, «Ақбұлақ» демалыс аймағы мен көпқабатты тұрғын үйлердің маңында жүргізілді. Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 129 мың аула мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 16 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды.

Бұл жұмыстарға жалпы 958 бірлік техника қатысты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Гиперполиглот педагог
Алдыңғы мақала
Гиперполиглот педагог

Ұқсас жаңалықтар