«Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деген сөз бар. Жаһандану дәуірінде бірнеше тілді жетік меңгеру арқылы жарқын жетістіктерге жетуге болатынын уақыттың өзі дәлелдеді. Негізі 4 тіл білетін адамды полиглот десе, одан көбірек тіл білгенді – гиперполиглот деп атайды. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, жеті тіл білетін гиперполиглот жанның бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Динара Тұрғынова. Динара Өзбекстанның Шыршық қаласында дүниеге келген. Бір қызығы сол, Динара Бегматқызы үшін тіл үйрену еш қиындық тудырмаған. Көршілері әр ұлттың өкілдері болғандықтан ең алғаш өзбек және орыс тілін кішкентай кезінде өзі құралыптас балалармен ойнап жүріп меңгеріп алғанын айтады.
– Өзбекстанда К.Маркс атындағы №35 орта мектепте 5-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін атажұртқа көшіп келіп, Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінде білімімді жалғастырдым. Лицейде түрік және ағылшыл тілін меңгердім. Мектепті тәмамдаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, ағылшын, неміс тілдерін терең меңгере бастадым. Осы жылдар аралығында ана тілімнен өзге орыс, өзбек, түрік, неміс, ағылшын және француз тілдерін үйреніппін. Бұл менің тіл үйренуге икемімнің барын білдірсе керек. Алайда мен үшін бір ғана тіл үлкен еңбекпен келді. Ол ағылшын тілі болды.
Лицейде оқып жүрген кезім 1990 жылдармен тұспа-тұс келді. Жарық сөніп қалатын, ал мен ағылшын тілін үйренуім керек. Балауыз шамды жағып қойып, терезенің жақтауына сүйеніп, таң атқанша өзіме беймәлім тілді үйреніп отыратынмын. Соның арқасында кейін университетте ағылшын тілін үйреткенде мен үшін әліппе өтіп жатқандай жеңіл болып қалды, – дейді Динара Бегматқызы.
Расында, ғалымдардың зерттеуінше, қажет болған жағдайда әрбір адам қалаған тілін меңгере алады екен. Бірақ бұл адам баласының қалауына, ерік-жігеріне, қабілет-икемділігіне, ынтасына байланысты екені анық.
– Бала кезімнен ағылшын тілін үйренуге талпынып, білікті мамандардың өздерінен сабақ алған күндерім болды. Алайда бәрібір ағылшын тілін үйрене алмадым. Кейін тіл үйрену мақсатында құрбыларымызбен бірігіп Динараның алдына да бардық. Бірақ қанша талпынсақ та тіл үйрену қиынға соқты. Ал Динараға бұл мәселе түк қиындық тудырмайды. Құрбымның өзге тілді үйрену барысында керісінше көздері бал-бұл жанып, лезде кірісіп кететінін байқаймыз. Сондықтан Динараның тіл үйренуге икемділігі туабітті қасиет деп ойлаймын. Ол қыздармен бас қосқанда әзілдеп өз қалауын әр тілде жеткізе бастайды. Біз оның не айтып отырғанын мүлде ұқпаған күйі сөздік ақтарып, көбіне оның тіпті қай тілде сөйлеп отырғанын таппай қаламыз, – дейді құрбысы Құралай Ізетбаева.
Динара Бегматқызы үнемі ізденісте жүретін жан. Ол өзі білетін шет тілдерін жадынан шығармас үшін түрлі тілдерде фильм көріп, ән айтып, тақпақ жаттап, кітап оқып жаттығады.
– Негізі адам баласы сөйлесу арқылы тілді тез меңгереді. Сол үшін түрлі ұлт өкілдерімен жиі-жиі әңгіме-дүкен құруға тырысамын. Себебі осылай машықтандырып тұрмасам, балалық шағымда үйренген шет тілдерді ұмытып қаларым сөзсіз. Таныстарым алдыма балаларын алып келеді. Әлдекімнің ықпалымен келіп отырғандықтан олардың тіл игеруге деген құлшынысы жоқ екенін байқап қоямын. Адам өз жүрегінің қалауы болмаса, ешкімді қинап, ештеңе үйрете алмайсың. Мысалы, мен өзімнің осынша тіл игергенімді білмей де қалғаным сияқты, яғни қажеттілік болу керек, – дейді полиглот ұстаз.
Көп тіл білу – көп мүмкіндік екені анық. Ендеше мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Сеңкібай каналы тазартылды
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024