Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС КӨП»

«ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС КӨП»
ашық дереккөз
«ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС КӨП»
Жас та болса бас болып, озық ойын халқының игілігіне арнап жүрген жастар – өзгелерге үлгі. Әсіресе біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі, 29 жастағы Сәбит Кенжеғара «Жұмыс жоқ» деп алтын уақытын босқа өткізіп жүрген жастарға өнеге боларлықтай. Жас әкімнің бұл қызметтің тізгінін ұстағанына тура 1 жыл толған. Онымен сұхбаттасу барысында аз ғана уақыт ішінде ауылдың даму жолында көптеген өзгеріс болғанын аңғардық. – Сәбит Жұмағалиұлы, ақбұлақтықтар сізге сенім артып, бір жыл бұрын әкім етіп сайлаған екен. Тұрғындардың сенімінен шығарлық қандай жаңа істерге бастамашы бола алдыңыз? – Иә, өткен жылы ауыл әкімдерінің сайлауына ешқандай партия атынан емес, өзімді-өзім ұсынып түскен болатынмын. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламамен таныстырғанымда біраз кісілер қарсы шыққанын да жасыра алмаймын. Ішкі көшелердің жолын салып, жарықтандыру туралы айтқан уәдеме ақсақалдар жағы «Балам-ау, қаншама жылдан бері жасалмаған іс бірер жылда орындала қояды дегенге сенбейміз» деген. Ақбұлақ ауылдық округіне қарайтын Қызылшаруа елді мекеніндегі 2,2 шақырымдық Абай көшесі бар. Үлкен көше болса да осыған дейін асфальтталмаған. Ауыл тұрғындары «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығында да үміттеніп, осыны қанша жерден мәселе етіп көтергенімізбен, талап-тілегіміз орындалмады. Енді Абайдың 180 жылдығында ауылдың негізгі көшесіне асфальт төселетінінен үміттіміз» деген еді. Шүкір, алдымен Жаратқанның бұйыртқаны, елдің нәсібі ғой, игі ниетіміз жүзеге асып, осы көшені асфальттап қана қоймай, жарықтандыруымен де қамтыдық. Биыл осы ауылда аталған көшемен қоса ұзындығы 620 метрлік Бекбай Байқонысов атындағы көше және Амангелді бұрылысы да толық асфальтталды. Міне, осымен Қызылшаруаның ішкі жолдары түгелдей асфальтталды. Бастапқыда күмәнмен қараған қариялармен жұмыс аяқталған соң кездейсоқ жолығып қалғанымда «Жасаймын десе, Үкіметке бұл іс бір-ақ сәтте екен ғой...» деп алғысын жаудырды. Бұдан бөлек, осындағы К.Каюпов атындағы көшеге де жарықшам орнатылды. Негізі Ақбұлақ ауылдық округіне аталған Қызылшаруамен қоса Р.Сәбденов, Байтелі елді мекендері кіреді. Рахым Сәбденов ауылында биыл Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов, Аққайнар көшелері тұтастай асфальтталды. Мұндағы Абай және М.Мәметова көшелері жарықшаммен қамтылды. Ал Бәйтеліде ұзындығы 420 метрді алып жатқан Аман Дүкенбаев көшесіне биыл жарықшамдар орнатылды. Жалпы, ауылдық округ бойынша 30 көше бар, соның биылға дейін 14-інде жарықшам жоқ болатын. Осының жартысына ішіндегі ең ұзындарына, яғни қаражатты көп қажет ететіндеріне осы жылы жарықшам орнаттық. Аталған 30 көшеден тыс, Қызылшаруаның арасын бөліп тұратын үлкен жол бар. Бір жағына мектеп орналасқан, екінші жағында ауылдағы үйлердің басым бөлігі қоныстанған. Қараңғы мезгілде балалардың мектепке барып-келуі қиын екені осыған дейін айтылып келген. Міне, осы мәселенің шешімі биыл табылып, аталған көшені түнгі жарықтандырумен қамтамасыз еттік. Қазір осы жолдың қасындағы Амангелді Иманов көшесін жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде, бағаналары орнатылды, электр желісі де тартылып жатыр, келесі аптада жарығы қосылады. Осы көшелердің бәрі де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальтталып, жарықтандырылды. Сонымен қатар биыл Р.Сәбденов ауылынан дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Бұл нысанда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тұрғызылуда. Мердігер компания құрылыс жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Бұйыртса, келесі жылғы мамыр айында бітіріп, пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр. Ангарлық типтегі спорт кешені негізінен футболға арналған, дегенмен ішінде өзге де жаттығу залдары болады. Айта кетейін, бұл жұмыстардың нәтижесіне ауылымыздағы қауымдастық жиналыс мүшелерімен кеңесіп, билік басына қажеттіліктерінің маңыздылығын түсіндіре жүріп, істі тұрғындармен бірлесе жүргізуіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Округіміздегі түйінді мәселенің бірі – ішкі тазалық еді. Кеңестік кездегі стандарт бойынша барлық үйге бірдей бөлінген жер телімі жеке қоқыс төгетін орынға жетпейді. Сондықтан тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды, қорадан шыққан көңді орынсыз үйіп келіпті. Қоқысты жинайтын қызметті алу бұдан бұрын да көтерілген, бірақ барлық үй түгел келіспегендіктен, аяқсыз қалған екен. Ауылымыздағы қауымдастық жиналыс мүшелерімен бірлесіп, аудандағы «Құлан тазалық» мекемесімен келісіп, аптасына бір рет әр үйдің есігінің алдынан шығарылған қоқысты алып кететін қызметті орнаттық. Әрине, көпшілік болған соң түрлі пікірлер болады ғой, бастапқыда бұған келіспегендер де кездесті. Әр үйге кіріп, қауымдастық жиналыс мүшелерімен бірге түсіндіре жүріп, ағайынгершілікке салып, түгел келісім жасалды. Қызметтің ақысы бастапқыда адам басына 110 теңгеден еді, мекеме қызметкерлерінің жалақысын өсіруге байланысты шілдеден бастап аудан бойынша тариф 160 теңгеге көтерілді. Ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ 1-2-топтағы мүгедегі бар үйлерге тегін, көпбалалы отбасыларының 2-3 баласына төленбейтін жеңілдік жасалады. Бұл көмектері үшін «Құлан тазалық» мекемесінің бастығына және ұжымына алғыс білдіреміз. Ал қорадан шыққан қиды «Қайнар-Агро» ЖШС егіндік жерлері үшін арнайы келіп, алып кетеді. Қазір Р.Сәбденов ауылының шетіндегі үлкен жолдың арғы жағында, жолдан қашықтау орналасқан қоқыс полигоны бар. Сонда қоқыс төккендердің бірі өртеп кеткісі келді ме екен, әлде темекі тұқылын біреу лақтырды ма, әйтеуір ол жер өртке оранып, бір түнімізді тілсіз жауды ауыздықтаумен өткіздік. Әр елді мекеннен ерікті өрт сөндірушілер жасағы құрылған. Оның құрамында округ әкімі және ерікті жастар, әкімшілік қызметкерлері бар. Егер ауыл аймағынан қандай да бір өрт шыға қалса бір-біріне хабарласып, әкімшілікке келіп, арнайы формаларын киіп, құрал-жабдықтарымен жасанып, лезде жетеді. Тек өз ауылымызда ғана емес, көрші елді мекендерден хабар жетсе де уақыттың кез келген сәтінде ерікті өрт сөндірушілер жасағы сақадай сай тұрады. – Жалпы, ауылдың бүгінгі жағдайы қандай? – Ақбұлақ ауылдық округінде 693 түтін бар, халық саны – 3883. Әлгінде айтып кеткенімдей, ауылдық округтің құрамына 3 елді мекен енген. Округ орталығы – Рахым Сәбденов ауылы. Мұнда 350-ге жуық үй, 1800-ден аса тұрғын бар. Қызылшаруа ауылында 268 үй, 1708 тұрғын қоныстанған. Ал Бәйтеліде 65 үйде 360-қа жуық адам мекендейді. Бұл ауылда ауызсу өткен жылы жүргізілді. Қызылшаруада да орталықтандырылған ауызсу жүйесі бұрыннан бар. Енді тек Р.Сәбденов ауылында осы мәселе шешілмей тұр. Мемлекеттік сараптамаға құжаттары жіберілген, ол жұмыстармен аудандық сәулет және құрылыс бөлімі тікелей айналысып жатыр. Бұйыртса, 2024 жылдың соңына дейін су кіргізу жоспарланған. Ал көгілдір отын бойынша айтсақ, үш елді мекеніміз де 100 пайыз қамтылған. Бұқаралық спортты дамыту жағын айтсақ, кіші футбол алаңдары үш ауылда да бар. Бәйтелі мен Қызылшаруадағылары жарықтандырылған, яғни түнгі мезгілде де ойнауға болады. Тек Р.Сәбденов ауылындағы алаңның жарықтандырылуы жоспарда бар. Бүгінде ауылымызда 76 ауыл шаруашылық кәсіпорыны, 68 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Жалпы, 117 163,83 гектар ауыл шаруашылық алқабының 12 483,03 гектары егістік болса, 100 517,2 гектары жайылымдық жер. Ауыл тұрғындарына қолайлылық туғызу мақсатында күз айларында көкөністерді алқаптан дүкендерге тікелей арзан бағада жеткізуді ұйымдастырдық. Қызанақ еккен «Қайнар-Агро» ЖШС-мен келісіп, келісін 100 теңгеден сатып алуды қолға алдық. Кейін өзге де жеке кәсіпкерлерден картоп, пияз, бұрыш, қырыққабатты да солай нарықтағыдан төмен бағада сатып алынды. Өзім жеке әлеуметтік парақшаларымда алдын ала жариялап отырдым. Бұған дейін мұндай болмаған екен, «Жақсы бастама болды» деп ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдірді. – Бүгінгі қоғамда «Ауылда жастарға жұмыс жоқ» деген пікір жиі айтылады, Ақбұлақта жастардың игілігіне нендей шаралар ұйымдастырылуда? – Мен осы «жұмыс жоқ» дегенді түсіне алмаймын. Қазір жұмыссыздықты жою мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасымен, қайтарымсыз грантпен жеке ісін ашып, еңбектеніп, нәпақасын тауып отырғандар жетерлік. Қайтарымсыз грант бұрын 600 мың теңге көлемінде берілсе, қазір 400 АЕК бойынша 1 миллион 225 мың теңге беріледі. Бұдан бөлек жұмысшы таппай жүрген шаруа қожалықтар көп. Тек біздің көптеген жастар «Мен енді малдың соңында жүруім керек пе?» немесе «Шаң-шаң болып алқапта жүрем бе күннің астында?» дейтін кертартпалыққа бой алдырған. Абай атамыздың сөзі бар ғой, «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтін. Адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын замандастарым ұқса екен деймін. Мысалы, ауылымызда үй шаруасымен айналысуына байланысты еш жерде жұмыс істей алмай отырған Меруерт Оразымбетова есімді көпбалалы ана бар. Жолдасы келісімшартпен әскери қызметте жұмыс істейді. Екеуі бірлесіп, мемлекеттен ешқандай қызмет алмай-ақ өз аулаларынан жылыжай салып, көкөніс өсіріп отыр. Ауыл халқын да жиын-теріннің уақыты емес кездерде балғын да табиғи көкөніспен арзандатылған бағада қамтуда. Жылыжайды қалай салу керек, көкөністерді жылыжайда өсіру ісі қалай жүргізіледі, бәрін ғаламтордан көріп алған. Міне, нағыз «жұмыс жоқ» деп алтын уақытын босқа өткізетіндерге үлгі боларлық жандар – осындай бейнетсүйгіш адамдар. Адам баласында бос уақыт көп болса, нешетүрлі ой келіп, жағымсыз әрекеттерге баратыны белгілі. Тағы да дана Абайдың өсиетіне жүгінсек, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» . Ауылда жастарға жұмыс жоқ дегенді түсінгім келмейді дейтінім – өзім де ауыл-аймақта еңбек етумен келе жатқан жастардың бірімін. Әкем 30 жыл қой баққан қарапайым шопан, анам үй шаруасындағы адам. Осы ауданның Өрнек ауылының тумасымын. Мектеп жасынан мемлекеттік қызметке қызығатынмын. Алғаш еңбек жолымды Әбжапар ауылындағы жастар ісі жөніндегі инспектор болумен бастадым. Мемлекеттік қызметке тест тапсыруға дайындала жүріп, сынақтан өттім. Бос жұмыс орындарын іздестіру барысында Талас аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс секторының бас маманы болып конкурс арқылы орналастым. Кейін Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылдық әкімдігінде бас маман болып қызмет етіп, тәжірибе жинадым. Содан соң осы Ақбұлақ ауылының әкімін сайлауға өзімді-өзім ұсынып, тұрғындардың таңдауымен осы қызметке тағайындалдым. Біздің қоғамдағы «таныс-тамыры барлар қызметке тұра алады» деген пікірге де қарсымын. Менің әлгінде атап кеткен қызметтерге келуіме ешқандай таныс-тамырымның септігі тиген жоқ. Жаңа айтқанымдай, әкем де қарапайым малшы болған. Яғни адам өзі нақты мақсат қойып, соған жетуге шындап ниеттеніп, ерінбей еңбектенсе, бағындырмайтын белес болмайды. Ал енді ауыл жастарына қандай жағдай жасалып отырғанына тоқталсам, әлгінде айтып кеткенімдей, округтегі үш елді мекенде де спорттық алаңшалар бар. Округ орталығынан спорт кешені салынып жатқаны да жастардың игілігі үшін. Мәдениет үйінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып тұрады. – «Ауыл – алтын бесік» дейтін нақыл сөздің астарында ағайынның ортақ мүддеге жұмыла білетін ұйымшылдығы да бар. Ақбұлақтықтардың ауызбіршілігі жайында не айтасыз? – Әрине, бірлік бар жерде береке болатынын өмір өзі дәлелдеп келеді. Шүкір, ақбұлақтықтардың да ауызбіршілігі ортақ іске келгенде басым. Жаңа айтып кеткенімдей, ауылдарымызда жүзеге асқан жемісті жұмыстардың бәрі де тұрғындардың бірлесіп, үлес қосуымен нәтижелі болды. Тағы бір мысал ретінде айта кеткім келетіні – Қызылшаруа ауылындағы Жусанбай ата мешітінің тозығы жетіп тұрған еді. Ауыл тұрғындары жұмылып, мешітке өз күштерімен күрделі жөндеу жұмысын жүргізді. Және қасынан ас беретін орын да салды. Тағы бір бірлесе атқарған игі ісіміз – тұрмыстық жағдайы төмен отбасына асарлатып үй салып беру. Арнайы комиссияның қарауымен 7 баласы бар отбасына қазір үй тұрғызып жатырмыз. Алдымен өзінің ағайындарымен сөйлесіп, демеушілерді тартып, қажетті құрылыс материалдарын алғыздық. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге ауыл тұрғындары өздері көмекке келді. Тамыздың 1-інде басталған болатын, бұйыртса желтоқсанда құрылысын аяқтап, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Асарлатып үй салу жобасымен өткен жылы «Қайнар-Агро» ЖШС-ның демеушілігімен, ауыл азаматтары үлес қосып, бір отбасына баспана тұрғызып бергенбіз. – Ынтымақтастықпен бағындырар биіктеріңіз көп болуына тілектеспіз. Тұшымды әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар