Аймақ жастары «Ақжайлауда» бас қосты
Тектілік пен тазалыққа негізделген тәрбиемізде халқымыздың қазыналы салт-дәстүрлерінің алар орны ерекше. Оны мықтап ұстайтын буын бүгінде қалтылдаған қартқа айналып, жас ұрпақтың көп дүниеден бейхабар екені жасырын емес.
«Ақиқат жиі айтылмаса ұмытылады» деген тәмсілге сүйеніп, дәстүрді дәріптемесек қолдан құм секілді сусып кететіні анық. Сондықтан жастардың әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді біліп, ғұмырына ғибрат еткені абзал. Олай жасамасақ ұлт екенімізді айқындайтын құндылықтардан қол үзіп қаламыз. Ауызды былғап, ойын орысшасыз жеткізе алмайтын уақытта бұл аса маңызды міндет болып отыр.
Жуырда қазақ хандығының қазығы қағылған Шу бойында облыс жастары жиылып, ат ерттеу, аударыспақ, жаяу тартыс, арқан тарту, қамыр жайып, бауырсақ пісіру, халық әнін шырқаудан жарысқан болатын. Шараны ұйымдастырған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы думан өтетін орын ретінде Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Ақ жайлау» демалыс аймағын таңдаған екен. «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты ұлттық нақыштағы жарыстың ашылуында Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Әбдуәлиева сөз алып, тоғыз ауданнан топтасып келген командаларға сәттілік тіледі.
Әсем әуеннің аясында бөріктілер білек сыбанып, ат ерттеп, аударыспақтан өзара мықтыларды анықтап жатты. Аталған жарысқа аудандық ат спорты федерациясының президенті Найман Сұлтанбаев төрелік етіп, ойынның ережеге сай өтуін қадағалап тұрды. Ойынның өрнекті өтуіне осы ауылдағы ат баптап отырған жігіт ағасы да үлес қосты. Ол өзінің баласындай баптап отырған қос тұлпарын додаға ұсынып, жастарға қолдау көрсетті.
Дәл осы мезетте қыздар қауымы да бипаздап қамырларын жайып, ошаққа от салып, ыстық бауырсақ пісіріп жатты. Белгіленген уақытта дастарқанға тоқаштар шашылып, қазылар алқасына ұсынылды. Бұрымдылардың өнерін аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Айжан Иманова мен аудандық аурухана жанындағы «Жастар денсаулығы орталығының» жетекшісі Есен Оспановалар бағалап, сын-ескертпелерін айтып отырды.
Түскі мезгілде ақшаңқан үйлерде ұйымдастырушылар қонақтарға дәм ұсынып, қазақы жоралғы жасады. Мұнан кейін жарысқа қатысушылар ерлер мен қыздар арасында жаяу тартыстан бақ сынады. Артынан жігіттер топ-тобымен арқан тартып, білектегі күшін бәйгеге салды.
Жарыстың соңғы сыны ұлттық киімде ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен халық әндерін шырқау болды. Мұнда да қызғалдақтай жайнаған жастар ортаға шығып даланы думанға бөледі. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, аталмыш сайысқа аудандық Мәдениет үйінің өнерпазы, өңірдің өнерлі өрені Мақсат Мақсұт қазылық етті. Ол сайыс соңында орындаушыларға өз ескертпелерін айтып, баптарына сай бағасын берді.
Күн ұзаққа созылған жарыс әрі рухани демалыс соңына жетіп ұпайлар жинақталып, жүлделі орындардың иелері анықталды. Жарыс қорытындысымен Сарысу ауданынан келген команда I орынды иеленсе, Жамбыл ауданының жастары II орынды еншіледі. Ал III орын алаң иелеріне яғни Шу аудандық жастар ресурстық орталығына бұйырды.
Марапаттау рәсімінде Арайлым Әділбекқызы іс-шара туралы ойын ортаға салып, ұйымдастырушыларға дән риза екенін жеткізді.
– Бүгін Шу бойында әртүрлі жарыстар топтастырылып, тамаша сайыс өтті. Үзеңгілестердің талантты екенін көріп, таңдай қақтық. Лайым бірлігіміз бекем болсын. Салт-дәстүріміз сабақтаса берсін. Бұл байқауды шулық жастар жыл сайын өткізіп келеді. Ұйымдастырушыларға да, қатысушыларға да алғыс білдіремін, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры.
«Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында өткен тартысқа толы жарыс биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған алыс-жақыннан келген жастар мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Олардың көздері мен сөздеріне қарап шараның ұтымды ұйымдастырылғанын білдік. Жүлделері мен дипломдарын қолдарына қысқан командалар Шу жерімен қимай-қимай қоштасты.
Өткенді келешекке жалғау бүгінгі буынның басты міндеті. Бұл ұлт ұпайының түгел болуының алғы шарты. Қызыл дипломнан құны жоғары, магистрліктен мәртебелі болған дәстүр-салтымыз, ғұрып-қалпымыз ғұмырлы болғай. Сонда ғана санамыз рухани жаңғыратын секілді.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Шу ауданы
Келесі мақала