
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының негізінде қонақжайлылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адалдық, батырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер жатыр. Ұлттық құндылық – жай ғана дәстүр емес, ол – біздің кім екенімізді танытатын рухани айна. «Жеті ата», «Жеті қазына», «Асар» сияқты ұғымдардан халқымыздың бірлігін, татулығын, ізгілікке жақындығын көруге болады. Бұл құндылықтар адам тәрбиесінде, қоғам қалыптастыруда және елдіктің іргесін бекітуде аса маңызды рөл атқарады.
Қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтардың мәні одан әрі арта түсуде. Өркениеттер тоғысында өз болмысымызды сақтап қалу үшін бізге ана тілімізді дәріптеп, тарихымызды танып, салт-дәстүрімізді жаңғырту қажет. Ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіргенде ғана ел болашағы жарқын, мемлекет іргесі берік болмақ.
Дегенмен деструктивті діни ағым мүшелері ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді құнсыздандыруға бағытталған іс-әрекеттер жасауда. Мәселен, бүкіл шығыс халықтарына ортақ «Наурыз» мерекесін тойлауды, келін түскендегі «Беташар» мен келіннің сәлем салу дәстүрлерін және ұлттық саз аспабы домбыраны «харам» деген бір жақты негізсіз пікірлер айтып, халық арасында түсінбеушіліктер тудыруда.
Біздің ұлттық құндылықтарымыздың – бірі бірлік пен ынтымақ. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Шапқыншылық пен қарулы қақтығыстар үйреншікті жағдайға айналған көшпенділер қоғамында тек бірігіп қана жаудан қорғану, бірлесіп қана өмір сүру мүмкін болатын.
Ұлттық құндылықтар – халықтың рухани тірегі әрі мәдени кодын айқындайтын ең басты байлық. Оны сақтау – әрбір азаматтың парызы, дамыту – келер ұрпаққа қалдырар аманатымыз. Құндылығымызды сақтау – әрқайсысымыздың парызымыз.
Тоты ЕСҚҰЛОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу
орталығының Қордай ауданы бойынша арнайы
бөлімінің басшысы