Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жан бітірген өткенге, ертеңге де Сөз тәңірі, маған хақ күштілігің!

Жан бітірген өткенге, ертеңге де Сөз тәңірі, маған хақ күштілігің!
ашық дереккөз
Жан бітірген өткенге, ертеңге де Сөз тәңірі, маған хақ күштілігің!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбындағы жыр мүшәйрасы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл байқау еліміздің Тәуелсіздігін және тіл саясатын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын жырға қосып, сол арқылы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосатын жас ақындарға қолдау көрсетуді көздеді. Жыр додасына аудандар мен Тараз қаласынан 11 ақын қатысты. Мүшәйраға белгілі ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қайырбек Асанов, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Хамит Есаман қазылық жасап, жас ақындардың шығармаларын талдады. Нәтижесінде мүшәйра ережесіне сәйкес бас жүлдемен тараздық Нұржан Қадірәлі марапатталса, бірінші орынды Байзақ ауданынан Ақерке Әбдікәрімова, екінші орынды Тараз қаласынан Құрбанәлі Шахабай, үшінші орынды Жамбыл ауданынан Аят Батей мен шулық Сәби Кендебай иеленді. Ал «Ұлт ұстазы – Ахмет» номинациясының жүлдесі Елдар Боранбекке бұйырды. Ахметтің ақтық сөзі (монолог) Пірім – Түркі, ием – Алаш, егем де ел, Санамда Сақ, рухым – қазақ, жаным – ғұн. Ақиқатты ақ киізге көтерген, Бабаларды сағындым... Неге айтпайын Тәңір өткір тіл берсе, Отаныма алтын таңды оралтып. Жалғандықпен бірге Өмір сүргенше, Шындықпенен бірге жатқан Көр артық! Қай әулием, қай періштем жебеген, Уайыммен у сапырған қоғамның? Сүйегіммен бірге әкетсем деген ем, Қаныпезер қасіретін заманның... Дос жылаған күннің бәрі қазалы, Сондай күнде, куәгер – көк, кие – түз. Ұшып кетті ар-намыстың қазағы, Жыр-тұлпарым қайтты өмірге иесіз. Қасиетті, асқақ елім, ардағым, Кең даласы кем түспейтін жұмақтан. Ана тілім – қаруым да, қорғаным, Аямайды Әділдікті жылатсаң! Атасы өлген сөз алады кегімді, Бас имесе ақынды да ұғыңдар... Мен аяймын жалғыз қалған Елімді, Одан басқа сағынатын Кімім бар?! Датыңды айтып Тәңіріме жетсем де, Сағынышым Сарыарқаңда сандалды. Мен аяймын кең Даламды, кетсем де... Одан басқа сағынатын Нем қалды?! Тағдырына талғажау боп талайдың, Қарап тұрмын апанынан ақыреттің. Атын сатып адам болсаң Абайдың, Арзандатпа арлы жолын Ахметтің! Қуанышты ақиқат боп мұңлы арман, Ұлтым үшін туады әлі ұлы күн. Қанша жерден шолақ болсын бұл жалған, Қазақ барда – тірімін! Серт! (Баба тілі мен Ана тіліме) Үріп салған үмітпен үскірігің, Азуыңнан аузыма түсті жырың. Жан бітірген өткенге, ертеңге де – Сөз Тәңірі, маған хақ күштілігің! Исатайша ұрандай ерегескен, Қазтуғанша шығармай көнені естен, Қабыл болған бабамның батасын да, Тәңіріме жеткізген сен емес пе ең?! Мен де елден жыр дейтін Жұмақ таптым, Соны сендік тағдырға сынатпақпын. Абайлардың арманы, аруағы үшін, Мың ажалға мызғымай шыдап бақтың. Үніндей боп үзілген көп жандардың, Ұлыңдай боп, мұңыңнан топ жарған күн. Туған жерде торғайдай тоз-тоз болып, Қыранына айналдың Көкжалдардың! Сапырылған сәттерім сан құбылды, Өзгерсе де ұрпағың, қан бұрынғы. Тарихыңа тәу етті Тәуелсіздік, Табындырды менің де тағдырымды. Қайран тілім, күнмен бір құның маған, Талай заман бағаңды түн ұрлаған. Сен болмасаң Қазақ та – Қазақ емес, Сен болмасаң Менің де – күнім қараң! Шоқтай ұшып шошыған құзғындарға, Оттай ыстық көріндің мұз жылдарға. Бас кессе де Тіл кеспес сертім барда, Сені ешкім де кесе алмас – мен тұрғанда, Сені ешкім де кесе алмас – біз тұрғанда!!! Нұржан ҚАДІРӘЛІ Сүйемін туған тілді, анам тілім... Туған далам бесігіңді тербетті, Туған тілде әлди айттың, анам көп, Сондықтан ба, сай-саланы, жер-көкті, Еркіндікті сезген мендей ғалам жоқ. Ертегіңмен, әжетайым, әніңмен, Туған жерді таныстырдың, тау, қырды. Мүмкін содан жазғандарым жаңбырмен, Араласып өлең болып жаңғырды. Әке, сенің нақылыңа қанық боп, Ақылыңмен тағдырымды гүл деппін. Түсінгенім: туған тілсіз жарық жоқ, Туған тілмен мәңгі өмір сүрмекпін. Ұлттың ұлы ұстазы Көкейімде ойнақтаған «Кербұғы», Қалай, қайтіп түсіндірем мен бұны? Рухым үшін жанды бере күрессем, Қанымда бар Махамбеттің ерлігі. Мерей артып, талабым да өсіп кең, «Әлди-әлди» анам айтса бесіктен, Ыбырайдың әңгімесін тыңдағам, Ұлы Абайдың қара сөзін есіткем. Қара күштің түссе салқын қырауы Қақ төбеме Күн қонақтап тұрады. Өз тілімнің желбірейді жалауы, Жүрегімде Ахметтің ұраны. Өлеңіме өзек етсем көнені, Рухымның биіктігі – себебі... Еркіндіктің таңын бүгін атырсам, Сырға толы тарихымның тереңі. Ақерке Әбдікәрімова Тәуелсіздік –тұғырым Мен азатпын, мен азатпын, азатпын! Туды осылай жар салатын ғажап күн. Қабырғасын қақыраттым қайғының, Тар құрсауын таптап өттім тозақтың. Тәуелсізбін! Егеменмін! Еркінмін! Келешекке қадам басып, жең түрдім. Жер жүзіне жігерімді танытып, Күн астында қанат қағып, серпілдім. Аман қалып аждаһадай ғасырдан, Барша жұрттан айбынымды асырғам. Осы күнге жету үшін бабамның, Боз далада басы қалды шашылған. «Ақтабан» боп аңырадым, аһ ұрдым, Ұлтым үшін жау атандым, атылдым. Ырысымның кетпеуі үшін уыста, Қылышымның ұшына қан қатырдым. Тереземді тең қылам деп әлеммен, Дәуірлердің кеудесінен зар емгем. Қасиетті бабалардың кешегі, Қасіретін жазып кеткем өлеңмен. Сәбирамның айырбастап ғұмырын, Ләззатымның қиып бердім бұрымын. Қайрат болып қайратымды қазық қып, Лақтырғанмын бодандықтың құрығын. Содан бері мен азатпын, азатпын! Туды осылай жар салатын ғажап күн. Қабырғасын қақыраттым қайғының, Тар құрсауын таптап өттім тозақтың. Жүректен жыр түлетіп өскен ерсің Қастерлі нұр шалқыды қаламыңда, Қарсы тұрдың қажытқан нала-мұңға. Сен өмірге келгенде-ақ қайран Аха, Атың тұрған қасірет парағында. Жүректен жыр түлетіп өскен ерсің, Мейлі сені мына жұрт кештеу білсін. Батыраштар қайғыңды қайдан ұқсын?! Ақан болып азапты кешпегесін. Теңгесі көп тексізді текті көрген, Кеуделерге жаншылдың көк тіреген. Ұйқыдағы жұртыңды оята алмай, Өксігіңе өртеніп кеттің, білем. Шыбын жаның шырмалды шырғалаңға, Үнің жетер жаңғырып мың ғаламға. Құлагердің қасиетін кім танысын? Күреңбайлар құрыған бұл заманда. Қарғалардан төмен боп тұйғын бағы, Құзғындарға бұйырған сыйдың бәрі. Бір ананың құрсағы сыйдырғанмен, Бұл даланың құшағы сыйдырмады. Емдеймін деп қазақты дерті күшті, Дертке ұшырап сенің де бөркің ұшты. Қадіріңді білмеген тас қоғамда, Қабіріңді жырладым...өкінішті! Құрбанәлі Шахабай Ана тілім – тірегім Əр ұлттың ана тілі зор байлығы, Елін сүйген жан ғана қолдайды оны. Ұлт пен тілдің арасы ажыраса, Басыңа үйіргенің зор қайғыны. Тіл елдің тірегі əрі мақтанышы, Қазынаға кенеліп жатқан іші. Жат алдында жатсынбас туған тілін, Адамзат жүректе бар от намысы. Тіліңді санаң дұрыс билемесе, Түсерсің байламы жоқ күйге неше. Мен қалай жас ұрпаққа кінə тағам? Шенеунік өз тілінде сөйлемесе. Мұны олар шын айып деп тағынбаса, Ата Заң талабына бағынбаса. Мен қалай жас ұрпаққа мін тағамын? Кей құжат өз тілімде жазылмаса. Туған тілім мен үшін намысымдай, Аяласа айбынды барысымдай. Өзге тілде сөйлейді қалай осы? Өз елінде өз жұртым сағы сынбай. Ана тілдің шарықтап дамығаны, Біреулерге алыстау ауылы əлі. Өз елінде өгейдің күнін кешіп, Жүргеніне жүрегім ауырады. Тіл тағдыры жолында деректерді, Ұлы ұстаз Байтұрсынов бөлек көрді. «Тіл жоғалса, ұлттың да жоғалғаны. Себепкер халық өзі» демеп пе еді. Үкімет жасағанмен сан амалды, Төл тілім талай мəрте алаланды. Төрге шықпас əр пенде туған тілін, Жөн көрмесе жоғары бағалауды. Үштаған Ата қоныс, жерді анаға теңедік, Осылайша бір байламға кеп едік. Батыс жақтың мәдинетін қош көріп, Ана тілін елдің ары демедік. Ерлер қайда ел тізгінін ұстаған? Ар алдында ар намысын ұштаған. Дінім – сенім, ділім – салтым, тіл – Ана, Қайда қазір үш қасиет – үштаған. Дінім – сенім... Жанымның ол тұрағы, Ділім – салтым, тіршіліктің тұрағы. Іргелі елдің керегесін қашан да, Қабыстырып Ана тілім тұрады. Ұлағат бер бетін бері бұрғанға, Айшықталсын бір керемет тұлғамда. Тәуелсіздік – хәм мұратым, мақсатым, Дінім, ділім, Ана тілім тұрғанда. Арайланып атты осылай азат күн, Артта қалды қилы сынақ, азап мың. Дін – Ислам, Ана тілім, салт-санам, Алтын қилыс – Ұлттық Коды Қазақтың. Шақырады Байтұрсынов мектебі Үміттенді, туады деп азат күн, Неше атасын көрсе-дағы азаптың. Кемеңгерім сегіз қырлы, бір сырлы, Маңдайдағы жұлдызы еді қазақтың. Арайланып атқан көркем таң еді, Кісілікке құрылған-ды әдебі. Шамшырағы білім менен ғылымның, Көңілі ояу, көзі ашық жан еді. Қараңғы елдің тас түнегін күйреткен, Көзін ашып, ғылым-білім үйреткен. Ұлт азаттық қозғалыстың көсемі, Осы жолда шыбын жанын пида еткен. Шын жүрекпен сүйе алмасаң Отанды, Тар заманның өмір заңы қатал-ды, Қара нардай елдің жүгін көтеріп, Алты Алаштың ұлт ұстазы атанды. Ахметтің армандары алға асып, Болмыстағы мағына мен мәнді ашып. Ұрпақтардан-ұрпақтарға үлгі боп, Өмір жолы келе жатыр жалғасып. Алты Алаштың гүлге оранды көктемі, Бабалардың ой-арманы көктеді. Ғылым құмар білім қуған жастарды, Шақырады Байтұрсынов мектебі. Аят Батей Ахаңа хат – Атама хат Жыр оқып бүгін тұрғандай Торғай даласы, Қазақтай елдің көзінің ақ пен қарасы. Жүз елу жыл туылғанына бүгінде, Байтұрсынұлы Ахмет атты баласы. Әдебиетпенен білімге баулып жастарды, Саяси қуғын осы кезеңде басталды. Алаштың атпал азаматы болған өзіңді, Жазықсыз атты, Талай көздерде жас қалды. Қазақ деп соғып, бұлқынып өткен жүрегің, Жұртыңның еркін болғанын әр кез тіледің. Жақсы деп күйі айтамын қалай атам-ау, Азаттығы бар, азат тілі жоқ бұл елдің. Өтпейді тірлік жасанды дырду ұрансыз, Халықты тонап жатады күнде мың арсыз. Жер менен суды, мұнай мен мырышты сатып, Шетелге қашқандарды да көрген шығарсыз. Шындықты айтқан ұнамайды бұл қоғамға, Шырақ ап түсіп, талайы кетті боданда. Жанашырлары жағада қалып елеусіз, Жемсаулы жемқор, жамандар озды одан да. Ахмет атам, адал болдың-ау антыңа, Дақ түсірмеген сұрқай саясат қалпыңа. Ана тіліме қалайша бүгін қолдау бар, Жолдаулар орыс тілінде жетсе халқыма. Өзің оятқан ұйқыда жұртың, қысқасы, Әлі де өтер елімнен өткен қыс-жазы. Осымен тәмам өзіңе жазған бұл хатым, Ұрпаққа үлгі ұлтымның Ұлы ұстазы. Елдар Боранбек
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар