Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Суицид соңғы шешім емес

Суицид соңғы шешім емес
Ашық дереккөз
Толғауы тоқсан тағдырдың шырмауына түсіп, шырғалаң оқиғадан шыға алмай, шақшадай басы шарадай болғанда өз еркімен ала арқанға асылып, мезгілсіз ажал құшу – ессіздік. Арын таптаған арамзаның алдауына арбалған арудың да алқымынан алған өкініші өзегін өртеген сәт, шыңнан төмен секіріп, құрдымға құлауы расымен де тартқан азабын жеңілдете ме? Әлде адамдардың өмір сүру барысындағы қиындығының соңғы нүктесі осылай өз-өзіне қол жұмсаумен қойыла ма? Әрине, жоқ! Барлық нәрсенің шешімі бар. Мейлі, ол жол қандай азапты болсын,шиыры көп, түйіні жоқ қанша ауыртпашылыққа толы болсын, бәрібір ешқандай қиындық өлімге жол ашуға сеп емес.

Тұтқиылдан шығар жол таба алмай, сезім сергелдеңіне, жан азабына түсіп сенделген пенденің тәні қанша азаптанса да бір амал табылар. Негізі адам баласының өзіне қол жұмсауы – исламда серік қосудан кейін ең ауыр күнәлардың бірі саналатынын имамдар жиі айтып жүр. «Жаратушы «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!» деп бұйырады. «Алланың бұйрығына қарсы шығу, Алла берген өмірді өз қолымен гүл секілді үзу – тозаққа түсу дегенді білдіреді», – деп айтылған мұсылманша өмір сүру ережесінде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 9 оқиғасы тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол жұмсауының ең бірінші себебі – отбасылық жағдай. Кейде мұндай оқиғаға табыстың аздығы, яғни материалдық жетіспеушілік себеп болса, енді бірде отбасындағы кикілжің, зайыбымен айырылысу немесе қайғылы жағдай әсер етеді. Жетіспеушілік пен сатқындық, кейде қарызға белшеден бату мәселесі де тығырықтан шығар жолды бекітіп тастағандай күй кештіреді.

Өз жанын қиюға алкогольдік немесе есірткі қолданғандардың көбірек баратыны анықталған. – Суицидтік мінез-құлық қаупі бар жасөспірімдерді анықтау білім беру мамандарына тиесілі. Олардың дабылынан кейін жалпы тәжірибелік дәрігерлер және қажет болған жағдайда психиатрлар мен суицидологтар (баланың заңды өкілдерінің келісімімен) тартылады. Психологиялық көмекті жедел психологиялық көмек кабинетінің мамандары және облыстық психикалық денсаулық орталығының «556-776» анықтама телефоны арқылы көрсетеді. Анонимді түрде көмек көрсетіледі және мінез-құлықты түзету динамикасы бақыланады. Бүгінде « Ақсұңқар » UPDC психодиагностикалық құрылғысы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – кәсіби бағдар беру, кәсіптік таңдау және тексерілетін субъектілердің арасынан шартты түрде «тәуекел тобына» жататын адамдарды анықтау. Кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекел топтарын анықтау тікелей және күнделікті жұмысына байланысты білім беру ұйымдарының мамандарына жүктеледі.

Білім беру ұйымдарының психологтары сынып жетекшісімен тығыз байланыста баланың психологиялық жағдайын бақылайды. Отбасының әлеуметтік және кәмелетке толмағандардың отбасындағы моральдікпсихологиялық жағдайы ескеріледі. Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары білім беру ұйымдарынан сигнал алғаннан кейін ғана қажетті көмек көрсете алады. Суицидтік мінез-құлық қаупі анықталған жағдайда кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерінің (ата-анасының) сүйемелдеуімен жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына жіберіледі. Қауіптің жеңіл және орташа дәрежесінде психодиагностикалық және емдік шаралар жүргізіледі, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Әуесханқызы.

Алдымен гүл жайнаған жауқазын қыздың тағдыры, одан кейін жылдан-жылға адам саны қосылып, ұлғая түсетін шағын мемлекет, яғни отбасының ертеңі ер-азаматтың мойнында. Аянбай еңбек етіп, таңнан кешке дейін өмір жүгін алға сүйреген аға-әкелердің де кейде тағдырдан титықтап кететіні бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол жұмсау үлкендерден әсіресе ер адамдардың арасында көп орын алатыны белгілі болды. Оған көбіне жоқшылықтың салқыны тиеді.

– Егер адам өз-өзіне қол жұмсаса, үлкен күнә көтереді. Құранда «Өз-өзіңді қауіп-қатерге итермелемеңдер» делінген.Пайғамбар хадисінде: «Кім қандай затпен өлген болса, яғни өз-өзін биіктен тастап, пышақтаса немесе асылып қалса, сол нәрсемен бірнеше рет азапталады. Суицидтің көрінісі адамдардың рухани әлсіздігі, қиындыққа шыдамсыздығы олардың қолжетімді нәрсеге бейімделгенін білдіреді. Сондықтан сәл қиындық болса, иманы әлсіз адамдар өз-өзіне қол жұмсайды. Ислам дінінде өмір сынақтан тұрады, адам сыналған сайын шыңдалады, сол арқылы өмір сүруге құштарлығын оятады, – дейді Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев.

Алайда кейде санаға кіріп шықпайтын негіздер де айтылып жүр. Мәселен, алақандай ауылға кеше ғана келін болып түсіп, екі періштені дүниеге алып келген жас келіннің күнделікті жатарда өлім туралы айта беруі күйеуін ойландырады. Себебін сұрай бастаса, әңгіме ауанын басқа нәрселерге бұрып кете беретін болыпты.Бұрын-соңды тек жадырап-жайнап күліп жүретін келіншек қабағы ашылмай, әлдебір ойға шоматынды шығарыпты.Тату-тәтті тұрмысында әйелінің негізсіз көңілі түсіп жүргенін көрген жолдасы да іштей күйзеліске түседі. – Бірде келіншегім сиыр сауып болып, өріске айдап жіберген соң қайта мал қораға кіріп кеткенін байқадым. Жүрегім әлденені сезгендей тың-тыңдап тұра бердім. Бірақ ойыма еш арамдық келмеді. Себебі он минут бұрын әндете күліп жүргенін байқап, қуанып қалған едім. Сонда да анда-санда әлденені ойлап, көңілі түсіп кететінін байқағандықтан секем алып жүргенмін. Себебі соңғы уақыта өзінен-өзі жылап, уайымға батып жүретінді шығарған. Сұрасам ештеңе айтпайды. Қора жақтан шыққан әлдебір тасырлаған дыбыстан секем алып, артынан жүгіріп бардым. Сол сәт алдымда тыпырлап асылып тұрған жарымды көрдім. Лезде қалтамдағы бәкімен жіпті кесіп, орнына үйдегі мысықты асып жібердім.

Әйелім шыңғырып жылап, қорыққанынан талып қалды. Кейін бір жеті молдаға оқытылды. Әрнәрседен қорқа берген соң басқа ауылға көшіп кеттік. Қазір сол оқиғадан бері он жыл уақыт өтті, бәрі дұрыс, – деді Болат есімді азамат.

Өз тағдырына өз қолымен балта шаппақ болып, асылуға ниет еткен Қамиламен де тілдесіп, себебін сұраудың сәті түскен еді. – Үйде ешқандай ұрыс-керіс болмаған. Әлдекімге ренжитіндей өмірімде еш қиындық та орын алмаған еді. Тек күніге бір қария келіп, қолыма жіп ұстатып, өзімен бірге ілесіп кетуіме бұйрық беретін. Соның соңынан ілесіп кетпейін деп қанша қашқақтадым. Қатты уайымға салындым. Балаларымды, жолдасымды қимай тұрсам да қарияның соңынан бірнеше рет ілесіп, қайтадан кері қайтып жүрдім. Бірақ сол шал қыр соңымнан қалмады. Қиналып жүргенімді күйеуім де сезіп, не болғанын сұрай берді. Бірақ мен тіс жарып айтуға қорқатынмын. Айтуға қанша оқталсам да жағым қарысып, әлдебір алапат күш айтқызбайтын. Ақыр соңында атаға қалай ілесіп барып, мойныма қалай жіп салғанымды да білмей қалдым. Кейін бірнеше уақыт шаршап жүрдім. Бірақ молдаларға оқытылып, қоныс ауыстырған соң бәрі орнына келді, – дейді Қамила.

Талғат есімді бір ер-азамат та дәл осындай оқиғаны басынан кешірген екен. Ол бұрын тылсымға мүлде сенбейтін. Медициналық білімі бар, жоғары санатты дәрігер. Алайда ол өз өмірінде үш мәрте өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. – Көбіне ұйықтап жатқанда ақ сақалды қария қолыма жіп ұсынып, «асылуға» бұйрық береді. Ары қарай сол кісінің жетелеуімен мойныма арқанды қалай байлап жатқанымды білмей қаламын. Мені сондай жағдайда көрген анамның апармаған жері қалмады. Әйелім мен үш перзентім бар, өз-өзіме қол жұмсауға ешқандай негіз жоқ. Түн ұйқысын төрт бөлген жақындарым мені күзетумен таң атырып жүрді. Үшінші мәрте қайталанған соң жеті молда оқыды. Түсімде келген әлгі қария содан кейін ғайып болды. Егер осындай жағдайға душар болған жандар болса, дер кезінде мешітке барып, молдаға дем салдыруға кеңес беремін. Бұл өз қара басыңның шамасы келмейтін, әлдебір алып күштің азғыруымен болатын жағымсыз жағдай, – дейді ол.

Осындай ерекше мәселелер туралы ислам дінінде не айтылған? Өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін қандай күш? Мұндай жағдайды болдырмас үшін неден сақтану керек? – Осыдан 18 жыл бұрын болған оқиғаны баяндап берейін. Оқу барысымен жатақханада тұратынмын. Бірде коридордан өтіп бара жатқанымызда әйнектегі перденің шетінен іштегі 9-сынып оқитын қыздың мойнына жіп салып жатқанын көріп, терезені сындырып кіріп құтқардық. Әке-шешесін шақырып, мешітке апардық. Төрт адам қаумалап, төрт жақтап дем салдық. Бір сағаттан асқанда денесі тітіркеніп, сілкінген ол біздің жүзімізге тік қарап, «Кімсіңдер?» деп есін жиды. Содан кейін біз де «Сен неге асылдың?» деп сұрай бастадық. Сонда ол: «Мен дәретханаға барғанда бір ақ киімді ата жақын келіп, менің денеммен бірігіп, бір бүтін болып кетті. Сол кезде балалық шағым есіме түсті. Содан о дүниелік апам мен інім келіп, өздерімен бірге алып кетуге келгенін айтты. Інім де 4 жасында трактордан құлап, қайтыс болған еді», – деді.

Осыған ұқсас оқиға өте көп. Оған жауап – бұл жындардың ісі. Олар адам қорыққанда, қуанғанда, әлсіз күйге түскенде, қоқыста жүріп, мал қорада ұйықтағанда адам бойына кіріп кетеді. Адамның көзіне ата-бабаларының бейнесінде көрініп, шақыра бастайды. Шындығында, ол – жындар. Қаңырап қалған ескі үйге жындардың кіргеніндей жүрекке де кіріп, азғырып, күнәға итереді. Имандылық қажет, – деді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Ғалымбек Жәпек.

Психологтардың айтуынша , суицидке итермелейтін себеп – әртүрлі. Жетіспеушіліктен, ашу-ызадан, сатқындықтан, кейде адамдардың ішкі жалғыздығынан, жандүниесінің күйзелісінен туындайды.Яғни сыр ашып, ой бөлісетін адамының болмауынан, депрессияға түсудің салдарынан да мұндай суық оқиғалар орын алып тұрады. Адам баласы сырт қарағанда жадырай күліп жүргенімен ішкі сана түйсігінде әлдебір шешімін таппаған түйткілдер маза бермей, жанын қинауы мүмкін. Содан жүрегінде тыныштықтың болмауы, депрессия күйзелісі туындайды. Міне, осы қасірет адамды өлімге алып келетіні анық.

– Адам өмірден өз орнын таппаған сәтте, ойдағы жоспары жүзеге аспай, қалауына қол жетпегенде күйзеліске түседі. Өзінің өмірге неге келгеніне жауап таппаса, үміт артқан адамдарынан өзіне қажет қарым-қатынас туындамаса мәселе қиындайды. Сондай-ақ махаббат, жылылық, сүйіспеншілік жетіспеген кезде туған-туысы алшақтап кетсе, адам өзін жалғыз сезініп, психологиялық дағдарысқа түседі.Өмірдің мәні кеткендей күй кешеді. «Енді мен үшін өмірдің мәні қалмады» деп тұжырым жасап, кенеттен өмірін үзуге шешім қабылдайды. Кей жағдайда адамдар тылсым әлемінің күшімен өмірін қию арқылы айналасындағы адамдардың рухани әлеммен танысуына, рухани тұрғыда оянуына жол ашады. «Неге бұлай болды? Оның өмірін қиюына не себеп? Өлгеннен кейін өмір бар ма? Өлгеннен кейін адамдар қайда барады, ары қарай ол адамзатты не күтіп тұр?» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Суицид жасап, өмірден озған адамның соңында қалған туыстарының рухани әлеммен тыныстауына, рухани сананың ашылуына ықпал етеді. Менің өз бауырым 25 жасында белгісіз себептермен суицидке барып, өмірден өткенде осы сұрақтарға жауап іздей бастадым.

Осы ізденіс нәтижесінде сондай миссиямен дүниеге келетіндердің бар екеніне өз басым сендім. Қайтыс болған бауырымды қимай, көндіге алмай жүргенде ол: «Мені жіберші. Ол жақта өмір жалғасып жатыр. Сен енді мені қинама, осы өмірге келуіме рұқсат етілмейді. Үлкен күш жұмсаймын саған келіп, байланысқа түсіп сөйлесуім үшін. Бұл тәртіпті бұза беруге болмайды. Мына екі ауыз сөзді жаттап ал. Осы екі сөзді қатты қиналғанда айтсаң ғана келемін», – деп айтты да ғайып болды. Ұйқымнан жылап ояндым. Оянған сәтте көзімді ашсам, әлгі сөздерді ұмытып қалдым. Мен бауырыммен байланысқа шақыратын екі ауыз сөзді ұмытып қалғандықтан қайтып сөйлесе алмадым. Содан бері арамыздағы түс арқылы байланысым үзілді. Ал сол інімнің «О дүниедегі қал-жағдайы қалай болып жатыр? Ол жақта өмір жалғаса ма?» деген сұраққа жауап іздеп жүгенімде рухани әлем мен осы материалдық әлемнің біраз қым-қуыт тірлігімен таныс болдым, – дейді психолог Айгүл Берегенқызы.

P.S. Бар сән-салтанатымен өмірге жасалған қадамның кейде өз қолыңмен қасақана жасаған қайғы-қасірет пен өлімге алып баратыны өкінішті. Өз қолыңмен жинаған құмыраны тасқа ұрып, тас-талқанын шығару әп-сәтте. Бірақ ол құмыраның сынықтары жақындарыңның жанын тілгілейтінін ұмытпау керек. Жанған жұлдыздың ешкімге зиянын тигізбей, өзі сөнетін сәті бар. Әлемге қара бояу жағып, өз жұлдызыңды өзің сөндіруге асықпа, Адам!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар