Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Медианың әсері және цифрлық үндестік»

«Медианың әсері және цифрлық үндестік»
Ашық дереккөз
Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінде отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейтуге бағытталған «Astana Media Week – 2024» апталығы өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен биыл сегізінші мәрте өткізілген ауқымды іс-шара еліміздегі мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби әрі жаңарған БАҚ-ты бір алаңға жинады. Осыған орай «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбында өткен апталыққа шолу жасауды жөн көрдік.

Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысушыларға министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Министрдің құттықтауында:

«Биылғы іс-шараның «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттың маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор. Ол тек ақпаратты таратушы ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, мәдениетті дамытуда үлес қосушы күшке айналғаны бәрімізге айқын. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп, медианың рөлі мен ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер әрбір маманның біліктілігін арттырып, жаңашылдықтарға бейімделуге мүмкіндік береді. «Astana Media Week» медиа саласының көшбасшыларын, кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды», – делінген. 

Вице-министр Қ.Ысқақов «Astana Media Week» елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азияның медиа кеңістігінде теңдессіз үлгіде қолға алынған маңызы зор бастама әрі бұқаралық ақпарат саласында еңбек етіп жүрген журналистер мен өзге де мамандардың бір-бірімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, пікір алуандығын туғызып жүрген айтулы іс-шара екенін атап өтті. Сондай-ақ осы жобаның отандық медиа индустрияның қарқын алуына да септігін тигізіп жатқанына тоқталды.

Медиа апталықтың алғашқы панельдік сессиясы «Қазақстан – әлемдік ақпарат алаңында» тақырыбына арналды. Саясаттанушы, «Xander Group» компаниясының бас директоры Ескендір Ақылбаев модераторлық еткен бұл алғашқы панельдік сессияның басты тақырыптық бағыты ретінде еліміздің жаһандық ақпараттық экожүйедегі стратегиялық ұстанымы, оның халықаралық медиа альянстар арқылы ықпалын әрі өңірлік медиа бастамаларды қалыптастырудағы рөлін қарастыру мәселелері қамтылды. Сессия спикерлері негізінен цифрлық трансформацияның негізгі сын-қатерлері, оның ішінде киберқауіпсіздік мәселелері және олардың жаһандық трендтер контексіндегі ұлттық медиа кеңістіктің тұрақтылығына әсерін талқылады. Сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен халықаралық беделді нығайту элементі ретінде әлемдік аренада қазақстандық мәдени және ақпараттық контентті ілгерілету мүмкіндіктерін де пікірталас тақырыбына арқау етті.

Алғашқы сессияның спикері ретінде пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Қазақстан тек ақпарат саласында ғана емес, қоғамның барлық саласында цифрлық әлемге еніп кеткенін және осы саладағы өзіміздің бірегейлігімізді қалыптастырып жатқанымызды айтып өтті.

– Сондықтан әлеуметтік желілерді, онлайн-платформаларды қолданатын, оларға иелік ететін кез келген азамат ақпарат көзі болып саналады. Осыған орай заманауи өзгерістерді ескере отырып, біз әлемдік үдерісте өзіндік орнымызды табуымыз керек. Бұл үшін біз осыдан екі жыл бұрын ақпараттық доктрина әзірледік, – деді вице-министр.

 

Қ.Ысқақов бірінші кезеңде аталған доктринаның ең басты қағидаты ретінде ақпараттық егемендігімізді сақтау, БАҚ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық медиа саласының әлеуетін нығайту, шетелдік немесе сыртқы тәуекелдерге төтеп беру екенін атады.Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов цифрландыру жобаларының артықшылықтары мен кемшіліктеріне назар аударды.

– Біз әлемдік цифрландыру рейтингінде қазір 24-орында тұрмыз. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мәселен, «Kaspi.kz» қосымшасы 10 миллионнан көп мәрте жүктелген екен. Яғни аталған банктің онлайн қызметі халықтың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Қазір қолма-қол ақша ұстайтын адамдар санаулы-ақ қалған шығар. Ал 2020 жылы осы банктің онлайн жүйесінде аздаған ауытқулар болған кезде жұртшылық даурығып, үлкен проблема туындаған еді. Өйткені цифрландыру бүгінде үлкен басымдыққа ие болып отыр, – деді Е.Тұқымов.

 

Сондай-ақ спикер Президент жанындағы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысына сүйене отырып, жұрттың көбіне медицина саласындағы қызмет сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Тіпті өңірлерді айтпағанның өзінде Астана қаласында дәрігерге жазылудың өзі қиямет-қайымға айналған. Яғни спикер цифрландыру саласында әлі де реттейтін тұстар аз емес екенін атап өтті.

Панелдік сессия барысында Тәжікстанның «Джахоннамо» мемлекеттік ақпараттық телеарнасының директоры Садридин Шамсуддинзода Тәжікстандағы телеарналардың жұмысы туралы баяндады.

«Медианың реновациясы (жаңару): заң, қауіпсіздік және трансформация» атты панельдік сессияда спикерлер құқықтық ортадағы соңғы өзгерістерді, олардың медиаға әсерін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Жасанды интеллект пен жаңа медианың интеграциясы туралы да пікірлер айтылды.Сондай-ақ «Медиа трендтер: классикалық платформадан цифрлық медиа-экожүйеге дейін» атты сессия және «Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техно-әлеуметтік өмірдің болашағы» тақырыбында визионерлік лекция өтті. 

Форумның екінші күні «Өңірлік БАҚ дамуында синергияның көрінісі» атты сессияда өңірлік БАҚ-ты негізгі медиа платформалармен біріктірудің маңыздылығы, ресурстар мен технологияларды бөлісу арқылы жаңа трендтерге бейімделу мәселелері талқыланды. 

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жасанды интеллекттің медиа өндірістегі орны мен оның мүмкіндіктері туралы айтып, балалар басылымдарында ЖИ көмегімен жасалған суреттерді пайдалану тәжірибесімен бөлісті. 

– Жасанды интеллекттің пайдасына келетін болсақ, біз балалар басылымдарында, мәселен, «Ұлан» газетінде, «Ақжелкен», «Балдырған» журналдарында материалдың тақырыптық мазмұнын аша түсу үшін ЖИ көмегімен жасалған сурет, картиналарды пайдаға жарата бастадық. Бұл да өте қажет әрі балаларды да ынталандырады. Дегенмен ЖИ-ға қанша жерден тапсырма берсеңіз де оның жасаған өнімі бәрібір өзің ойлаған үдеден шықпайды. Әсіресе біздің ұлттық, этнографиялық мәселелерге келгенде жасанды интеллекттің материалдық қоры, мүмкіндігі аз, – деді Д.Қамзабекұлы.

«Astana Media Week – 2024» апталығы отандық медиа индустрияның дамуына жаңа серпін беріп, кәсіби мамандар мен журналистердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар апталық аясында өткен іс-шаралар цифрландырудың медиа индустрияға қосатын үлесін тереңірек талқылауға ықпалын тигізді.

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар