Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлем қолөнершілері – Әулиеата төрінде

Әлем қолөнершілері –  Әулиеата төрінде
А.Қартабай
Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз шаһарының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының қатарына қосылғаны белгілі. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай лауазымды алуы орынды-ақ.

Қарт шаһар әлемдік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде 2022 жылдың қазан айында еніп, бұл мәртебеге ие болған елу алтыншы қала атанды. Сол жылы қала қолөнершілерінің туындылары жаһандық деңгейде мойындалуына орай Таразда «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық көрме ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қолөнер шеберлерінің басын қосатын көрме ұйымдастыру ісі өңірімізде тұрақты үрдіске айналып, игі бастама жалғасын табуда.

Әлем қолөнершілері Әулиеата жерінде биыл да бас қосты. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен соң республикаға танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. 

Биылғы көрмеге 13 мемлекеттен 200-ге тарта қонақ келді. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Үндістан, Болгария елдерінен келген шеберлер өздерінің ұлттық бұйымдарымен, бай мұраларымен таныстырды. 

Көрме қонақтары мен жергілікті қолөнершілерді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек қарсы алды. Ол іс-шараға қатысушылардың өңірдегі туризмді дамытуға қосқан маңызды үлесін атап өтті.

– Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енді. Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады. Қолөнершілер қалаларының дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімде 25 мемлекеттің 65 қаласы бар. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы қалалар қатарына елу алтыншы болып қосылып, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді, – деді Ә.Тамабек.

Одан әрі көрмеге келген меймандар арнайы баспасөз конференциясына қатысып, тарихи Тараз туралы жылы лебіздерімен бөлісті.

– Киелі Тараз жерінде өз елімнің атынан өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Іс-шараға қатысушы барлық шеберлерді, әріптестерімді бүгінгі қолөнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Қырғыз Республикасы қолөнершілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы.

Сондай-ақ жиынға Санта-Фе халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунарманд» қауымдастығының жетекшісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албаззаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Президенті Саад Хани Аль-Каддуми қатысып, жамбылдықтарға қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.

Ал көрме барысында шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдармен, сондай-ақ заманауи өнер бұйымдарымен танысты. Жергілікті шеберлерді қолдауға ерекше назар аударылды. Олар үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік берілді. Әсіресе өрнекті төсеніш – «Шым ши» жасаумен айналысатын қолөнершілерге көрермендердің ерекше ықыласы ауды.

Сондай-ақ «QOLONER TARAZ» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де ұлттық құндылықтарға тұнып тұрған бұйымдарымен тәнті етті. Аталған ұйымға Раушан Иманәліқызы жетекшілік етеді. Бірлестіктегі қолөнер шеберлерінің жүннен, киізден, лентадан жасалған қазақы дүниелері көздің жауын алады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне Ресей, Болгария, Швейцария, Тәжікстан, Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінің қолөнершілері жайғасты. Көршілес елдерден келген қолөнер шеберлерінің ағаштан, былғарыдан тоқылған, «Gucci» «Pandora» секілді әлемдік брендтерден еш кем түспейтін зергерлік бұйымдары көрмеге келушілердің көңілінен шықты. Қолы алтын ісмерлердің пышақтары, тамаша сыйлық бола алатын түрлі кәдесый жиынтықтары да еріксіз назарыңды аударады. 

– Біз үшін шілтер жасау – жай ғана қолөнер емес, жинақылықты, шыдамдылықты, шеберлікті қажет ететін өнер. Әрбір бұйым, мейлі ол сырға болсын, көйлек болсын, ең сапалы жіптер мен диаметрі 0,95 сантиметр ілгек арқылы қолмен тігіледі. Бұл процесс ұзақ уақыт алуы мүмкін, бірақ нәтижесі күш салуға тұрарлық болып шығады. Мысалы, осы техниканы қолданып көйлек тігуге екі жылдай уақыт кетеді. Біз дәстүрлі техниканы сақтау және дамыту, оларды кейінгі ұрпаққа қалдыру маңызды деп санаймыз. Өйткені қолдан жасалған шілтер қорғалуы тиіс мәдени мұраның бөлігі.Осындай халықаралық көрмелерге қатысу жаңа дүниелерді тудыруға шабыттандырып қана қоймай, әртүрлі елдердің суретшілерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – дейді ресейлік қолөнершілер Александр мен Маргарита Бортниковтар.

Әр елдің ұлттық өнерін бір арнаға тоғыстырған көрмеге шетелдік қонақтар жоғары бағасын берді.

– Көрме жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстан мен Тайландтың дәстүрлері ұқсас екен. Қонақжайлылықтан бастап киім тігу мен мата таңдауда талғам жоғары. Сондай-ақ біздің ұлттық баскиіміміз «Чада» мен қазақтың тақиясы қатты ұқсайды. Сол үшін сатып алдым, – дейді тайландтық азамат Ситзичай Сманчат.

Көне шаһарды думанға бөлеген қолөнершілер фестивалі келесі күні де жалғасты. Үш күнге ұласқан ауқымды көрме аясында Тараз қаласына Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының арнайы сертификатын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар мен қолөнер шеберлері қатысты.Әуелі Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-Аль-Каддуми мен Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің президенті Азиз Муртазаев сөз алып, биылғы халықаралық көрменің ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

– Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Содан бері халықаралық кеңес өкілдері қолданбалы өнерді дамыту бағытында осында атқарылған жұмыстарды әрдайым назарда ұстады. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде кеңес сарапшылары бүгін Тараз қаласын ұйымның аккредитациясынан өткізуге шешім қабылдады. Осылайша тарихы бай көне шаһар өзінің Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосылуға лайық екенін толығымен дәлелдеді, – деген ұйым басшылары қала әкіміне Тараздың аталған тізімге енгенін растайтын арнайы сертификатты табыстады.

Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы көрмеге арнайы келген мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, әріптестік байланыс әрі қарай да беки түсетінін жеткізді. Сондай-ақ шаһар басшысы қолөнерді өркендетіп, шеберлерге қолдау көрсету мақсатындағы жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғасатынын да айрықша атап өтті.

Сонымен қатар фестивальға белсене қатысқан қолөнер шеберлері дүниежүзілік кеңестің сертификаттарымен марапатталса, саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматқа «Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына – 60 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.Айта кетерлігі, үш күнге созылған көрме барысында мәдени-танымдық мазмұнды бағдарлама да қамтылған. Көрменің ашылу күні қала қонақтары үшін туристік орындарға экскурсиялық турлар ұйымдастырылды. 

Тараз қаласының қонақтары мен тұрғындарына кәдесыйлар жәрмеңкесі, «Аspara» сән апталығының сән көрсетілімдері, қолөнер бұйымдары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Әр адам былғарыдан, ағаштан, киізден бұйымдар жасауды үйренді, тіпті естелік ретінде кәдесый жасауды меңгеруге мүмкіндік алды.

Осылайша мәдени туризмді ілгерілетуде шешуші рөл атқаратын халықаралық қолөнершілер көрмесінен қонақтар көтеріңкі көңіл күймен қайтты. Сонымен қатар іс-шара қаланың қолөнер және мәдениет орталығы ретіндегі мәртебесін арттырады. Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта Түркістан мен Алматы да Дүниежүзілік қолөнершілер қаласына айналуы мүмкін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар