2024 жылдың басынан бері еріктілер жастар мен жасөспірімдерді тексеруге бағытталған 115-тен астам рейдтік іс-шараға қатысты. Рейд барысында 428 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полицияға жеткізілді.
Сонымен қатар еріктілер үйден немесе білім беру ұйымдарынан кетіп, жоғалған кәмелетке толмағандарды іздеу шараларына да белсенді қатысуда. Жыл басынан бері еріктілердің көмегімен 29 жасөспірімнің орналасқан жері анықталыпты. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен бірге 350-ден аса дәріс пен ақпараттық-түсіндіру ұйымдастырылған.
Қоғамдық тәртіпті қорғауға бейжай қарамайтын азаматтарды тарта отырып, полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жасалған құқықбұзушылықтарға халық арасында «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс атқаруда.
– Облыс аумағында орналасқан барлық білім беру орындарында мамандармен бірлесе отырып ата-аналармен жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Полиция басқармасының профилактикалық есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды және олардың заңды өкілдерімен тиісті профилактикалық жұмыстар жандандырылуда.Жасөспірімдер қылмысының себептерін талдауға сүйенсек, оларға ең алдымен қадағалаусыздықтың, яғни отбасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы ықпал ететіні белгілі болған.Балалар тәрбиесінде бірінші жанұя, ата-анасы, қоршаған ортасының да әсері үлкен. Сол себептен бала тәрбиесіне бір ғана құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері ғана емес, қоғам болып үлес қоссақ, сонда ғана ұлағатты жас ұрпақты тәрбиелеуге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі басты талап пен тәртіпті «мектепте оқып жүрген соң мұғалім жауапты» деп өзгеге артып қоюға болмайды. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деп бізге дейінгілер айтып кеткен. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласы үшін, оның өмірі үшін жауапты. Жауапкершілік арқалау деген – тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету емес.Бүгінде барлық ата-ана жұмысбасты, материалдық қажетті өтеуші. Бірақ қазіргі қоғам, бүгінгі бала тәрбиесі бізден, ата-аналардан мүлдем жоғары, мүлдем басқа талап күтіп отыр. Сол себепті ұрпақ тәрбиесінде баршамыз жауаптылық танытуға тиіспіз, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Облыстық полиция департаменті жасөспірімдер қылмысына қарсы күрестегі белсенді азаматтық ұстанымы, құқықтық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін еріктілерге алғыс білдірді.
Айжан ӨЗБЕКОВА