Орталықтың басты міндеті – транзакциялардың үлгілерін зерттеп, күдікті әрекеттерді белгілеу секілді түрлі деректерді жинап, талдау арқылы алаяқтық әрекеттерді анықтау.Антифрод жүйелері автоматты түрде жұмыс істейді, яғни белгілі бір алгоритмдер арқылы күдікті транзакцияларды жылдам анықтайды.Орталық тек алаяқтықты анықтап қана қоймай, сонымен қатар алдын алу шараларын да жүргізеді. Бұл клиенттерді ақпараттандыру, қауіпсіздік хаттамаларын енгізу секілді әрекеттерді қамтиды.
Алаяқтықтың жаңа түрлерін анықтау үшін антифрод орталықтары зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл олардың қауіпсіздік жүйелерін жаңартып, жетілдіруіне мүмкіндік береді.Клиенттер қаржылық операцияларын жүргізгенде олардың қауіпсіздігі мен мәліметтердің қорғалуына сенім артатыны маңызды. Антифрод орталықтары бұл сенімділікті қамтамасыз етеді.Алаяқтық әрекеттерінің алдын алу ұйымдарға қаржылық шығындарды азайтуға көмектеседі. Болжамды залалдарды төмендету арқылы компанияның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда қаржы институттары мен кәсіпорындар алаяқтыққа қарсы күрес бойынша заңнамалық талаптарға сәйкес әрекет етуі керек.Антифрод орталықтары осы талаптарды орындауға көмектеседі.Осыған орай «ORDA FM» радиосындағы «Қаржылық сауат» хабарында Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан Антифрод орталығының жұмысына тоқталған болатын.
– Мысалы, бір зейнеткерді алайық. Банкте есепшоты ашылған, картасы бар. Оған ай сайын зейнетақысы түсіп тұрады. 100 мың теңге дейік. Сол ақшасының 30-40 мың теңгесін зейнеткер ай сайын тамағына жұмсайды. 10 мың теңгесін депозитіне аударып отырады. 20 мың теңгесін коммуналдық төлемдерге аударады. Қалған ақшасын анда-мұнда жаратып отырады. Осы есепшот арқылы ақшаның бір айдағы айналымы 100 мың теңге көлемінде екенін банк те көріп тұрады. Енді қараңыз, сол есепшоттан бір мезетте миллиондаған ақша кредит рәсімделіп, ол басқа бір шотқа аударылып жатса, әрине, бұл күдік туғызады. Неліктен жылдар бойы шоттағы «қозғалыс» қалыпты болды да, кенеттен ондағы ақша айналымы бір мезетте артып, «тып-тыныш» жүрген зейнеткер белсенді болып кетті? Күдікті күшейтетін жағдай. Міне, осы мәселелер толық анықталғанша құзырлы органдар бұл операцияны уақытша болса да бұғаттап қояды. Сол кезде есепшотқа түскен ақшаны ешкім шешіп ала алмайды, – деді Асан Ахметжан.
Антифрод орталықтары алаяқтықтан қорғауда маңызды рөл атқарады. Олардың тиімді жұмысы, заманауи технологияларды қолдану, деректерді талдау және алдын алу шаралары алаяқтық әрекеттерінің таралуын азайтуға мүмкіндік береді.Кез келген ұйымның қауіпсіздік стратегиясында Антифрод орталығының болуы бүгінгі күннің талабына айналды.
Айжан ӨЗБЕКОВА