Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейнебақылау камералары –қауіпсіздік кепілі

Бейнебақылау камералары –қауіпсіздік кепілі
Ашық дереккөз
Білім беру саласына цифрлық инновацияларды енгізу, білім беру бағытын электронды жүйеге көшіру қарқыны бойынша Қазақстан көшбасшы елдердің қатарында. Бүгінде оқу материалдары, жоспарлар, сабақтар, журналдар мен күнделіктер – бәрі-бәрі онлайн нұсқаға көшірілді. Оқушы үйден шықпай-ақ онлайн сабаққа қатысып, білім деңгейіне қарай бағалау процесін жүйе арқылы біле алады.

Жалпы электронды жүйе көп өзгерістер әкелді. Қазір мұғалімдер журналды қолмен толтырып, оқушылар күнделік арқаламайды. Бағалау тәсілі де жүйеге байланысты өзгертілген. Бағалау кезінде қолдан-қолға ауысып жүретін журналды сынып кезіп іздемейді. Барлығы портал арқылы жүзеге асады. 

Мектептегі цифрландырудың негізгі бөлігі – «Kundelik.kz» порталы. «Kundelik.kz» – білім ошақтары, сондай-ақ педагогтар, оқушылар және олардың ата-аналары тіркелетін сервис.Порталда мұғалімдер үй тапсырмасы мен сабақ кестесін бекітеді, оқушылардың сабақ үлгеріміне қарай бағалау деңгейін шығарады. Ал ата-аналар мен оқушылар мұғалімдердің берген тапсырмалары мен қойылған бағаны көріп, бақылай алады. Ата-аналар баласының сабақ үлгеріміне онлайн порталдың көмегі арқылы көз жеткізіп, үйдегі оқу тәрбиесінде назарға ала алады.

Бүгінгі таңда орта оқу орындарындағы қауіпсіздік шараларына да айрықша назар аударылған. Түрлі келеңсіз оқиғаларды болдырмау, мекеме аумағын бақылауда ұстау, мектеп ішіндегі бұзақылықтарға жол бермеу мақсатында бейнебақылау қызметі іске қосылған. Сонымен қатар мектеп ішіне бөгде адамның еніп кетпеуі, тәртіп бұзу оқиғаларының тіркелмеуі үшін арнайы турникеттер орнатылған.

Облысымызда 1 228 білім мекемесі болса, 903-і мемле­кеттік, 325-і жекеменшік. Барлық білім беру нысандары бейнебақылау камераларымен қамтылған. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында 17 432 бейнебақы­лау камерасы іске қосылған. Оның 10 458-і аналогтік, 6 974-і цифрлық бейне­камера. Бірінші және екінші топқа жататын 539 білім беру ұйымының 456-сы жергілікті полиция бөлімімен және полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграцияланған. Білім беру ұйымдарының барлығы да дабыл түймесімен жабдықталған. ІІ топқа жататын 282 білім беру ұйымының 241-і турникетпен жабдықталған. Арнайы мамандандырылған күзетпен 240 білім мекемесі қамтамасыз етілген.

Сондай ақ жекеменшік мекемелер бойынша бірінші және екінші топқа жататын 218 нысанның 205-і интеграцияланған. Дабыл түймесімен – 164, ІІ топқа жататын 157 нысанның 113-і турникетпен жабдықталған. Мамандандырылған күзетпен 114 мекеме қамтылған.Цифрландыру үрдісі мінсіз білім беру үдерісі мен сапасына әсер етеді. Білім беру процесіне енгізілген жаңа технологиялар мектеп оқушыларын қарапайым сабақтарға қарағанда әлдеқайда көп қызықтыра алады.

Дегенмен электронды техникалар бала денсаулығына зақым келтіретіні анық. Буыны бекіп, қабырғасы қатпаған балаларға цифрландыру жүйесінің залалы тиіп кетуі мүмкін екенін естен шығаруға болмайды. Сол себептен әрбір мекемеде бұл жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздіктері қадағалану тиіс. Көз көруін төмендету, жүйке жүйесінің шаршауы сынды аурулардан баланы қорғау үшін арнайы ережелер жиынтығы енгізілуі керек. Компьютерді немесе ұялы телефонды қолданарда үзіліс арқылы жұмыс жүргізу керектігін ескерту маңызды.

Білім айдынында балаларға білім нәрін сусындатып, үлкен өмірдің ең бастапқы деңгейіне даярлайтын, бала бойына барлық жақсы қасиеттерді үйретін де – мектеп. Мектеп тек білім ордасы емес, ол – тәрбиенің талбесігі. Білім – адам баласының ортақ қазынасы болса, мектеп – сол қазына қойнауына бастар ұлы жол.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ 

 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар