Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Темекі тартқаның - өзіңді құртқаның

Темекі тартқаның - өзіңді құртқаның
Ашық дереккөз
Темекі шегу – адам ағзасына ең көп зиян келтіретін әдеттердің бірі. Жыл сайын әлемде миллиондаған адам осы зиянды әдеттің салдарынан өмірден өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, темекі шегу жыл сайын 8 миллионнан астам адамның өліміне себеп болады. Бұл тек шегушілер ғана емес, сондай-ақ пассивті темекі шегуге ұшырайтын адамдардың да денсаулығына зиян тигізеді.

Темекі түтінінің құрамында 7 000-нан астам химиялық зат бар, оның ішінде 250-ден астамы ағзаға зиянды, ал 70-ке жуығы қатерлі ісік тудыратын канцерогендер. Бұл заттар ағзаға еніп, түрлі жүйелерді зақымдап, көптеген аурудың пайда болуына әкеледі. Темекінің құрамындағы ең қауіпті заттардың бірі никотин – тәуелділікті тудыратын негізгі компонент. Ол орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, адамда физикалық және психологиялық тәуелділікті қалыптастырады. Көміртегі тотығы – қандағы оттегіні тасымалдауға жауапты гемоглобинмен байланысқа түсіп, ағзаның оттегін алу қабілетін төмендетеді. Бұл әсіресе жүрек пен миға оттегінің жеткізілуін қиындатады. 

Дәрігерлер темекі құрамындағы осы химиялық заттардың ағзаны баяу улайтынын және түрлі созылмалы ауруларға себеп болатынын ескертеді. Сондықтан темекі шегуді мүмкіндігінше тезірек тоқтату қажет.

– Шылым шегушілерде жиі кездесетін аурулардың бірі – созылмалы обструктивті өкпе ауруы. Бұл дерт өкпені зақымдап, тыныс алу жолдарын тарылтады. Созылмалы обструктивті өкпе ауруы кезінде науқастарда үнемі жөтел, тыныс алудың қиындауы және қақырық бөлінуі байқалады.Темекі шегушілерде өкпе обыры қаупі едәуір жоғары. Өкпе обырының 85-90 пайызы темекі шеккеннен пайда болады. Өкпе тіндерінің ұзақ уақыт бойы түтінмен зақымдануы және канцерогендердің өкпеге тікелей түсуі қатерлі ісіктің дамуына алып келеді.

Бұдан бөлек созылмалы бронхит, эмфизема секілді аурулармен қатар жүрек-қантамыр жүйесін де зақымдайды. Атеросклероз, гипертония, инфаркт пен инсультке шалдықтыру ықтималдығы жоғары. Темекі шегу кезінде ағзаға көмірқышқыл газы түседі, бұл оттегінің мөлшерін азайтады және жүректің ауыр жүктемемен жұмыс істеуіне себеп болады. Жүрек аурулары мен қанайналымының бұзылуы шылым шегушілер арасында жиі кездесетін өлім себептерінің бірі. Темекі шегу тек ішкі органдарға ғана емес, сонымен қатар терінің де жағдайына кері әсер етеді. Дәрігерлер темекі шегудің тері қартаюын тездететінін айтады. Никотин қантамырларды тарылтады, бұл терінің оттегімен қамтамасыз етілуін нашарлатады. Нәтижесінде тері өңсізденіп, құрғақ болады және ерте әжімдер пайда болады.

Темекі шегушілерде тері ауруларының пайда болу ықтималдығы да жоғары. Мысалы, темекі шегу «псориаз» немесе «экзема» сияқты тері ауруларын күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар терінің қалпына келу қабілеті де төмендейді, бұл жаралардың ұзақ жазылуына әкеледі, – дейді Тараз қалалық №1 емхананың терапевт дәрігері Нұрлан Досполов.

Дәрігерлердің пікірінше, темекі шегу иммундық жүйені де айтарлықтай әлсіретеді. Темекі түтініндегі химиялық заттар ағзаның қорғаныс механизмдерін бұзып, инфекциялық ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді екен. Осыған байланысты темекі шегушілерде жиі суық тию, бронхит, пневмония сияқты инфекциялық аурулар жиі кездеседі.

Сонымен қатар темекі шегу онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады, өйткені иммундық жүйе жасушалардың мутациясына қарсы тиімді әрекет ете алмайды.

Темекі шегу тек физикалық тәуелділікті ғана емес, психологиялық тәуелділікті де тудырады. Дәрігерлердің айтуынша, никотин – өте күшті тәуелділік тудыратын зат. Ол миға әсер етіп, дофамин гормонының бөлінуін арттырады. Дофамин – рақаттану сезімін беретін гормон, сондықтан темекі шегушіге оны қайтадан сезіну үшін темекіге оралу қажет болады. Бірақ бұл уақытша әсер. Шегуді тоқтатқан кезде адамда кері әсерлер пайда болады: стресс, алаңдаушылық, тітіркенгіштік және көңіл-күйдің төмендеуі. Дәрігерлер темекіні тастауға ниет білдірген адамдарға арнайы психологиялық қолдау көрсетудің маңызды екенін айтады, өйткені психологиялық тәуелділікті жеңу процесі оңай емес.

Шылым шегу тек жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға да зиянын тигізеді. Біріншіден, шылым шегудің салдарынан туындайтын денсаулық мәселелері мемлекет үшін ауыр экономикалық жүк екені айтпаса да белгілі. Одан туындаған ауруларды емдеу, медициналық қызмет көрсету және әлеуметтік көмек көрсету шығындары қомақты қаржыны талап етеді.Екіншіден, еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында темекі шегудің кең таралуы жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуіне, еңбек өнімділігінің азаюына және жұмыссыздықтың артуына әкеледі. Темекі тартатындар жиі ауырады, демалыс күндерін көп алады, ал бұл өз кезегінде экономикаға кері әсерін тигізеді. 

Мемлекетке дені сау, белсенді, білімді және еңбекке қабілетті азаматтар қажет. Тек дені сау қоғам ғана мемлекеттің тұрақты дамуына, экономикалық өркендеуіне және әлеуметтік тұрақтылығына ықпал ете алады. Сондықтан шылым шегумен күресу – тек әр адамның жеке денсаулығын ғана емес, бүкіл қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Шылым шегуді азайту арқылы қоғамның денсаулығын нығайтып, болашақ ұрпақтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасай аламыз.Темекі шегуден бас тарту – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы.Дегенмен бірден бас тарту қиын болғандықтан дәрігер кеңесі мен қолдауын пайдалану өте маңызды.

Айжан ӨЗБЕКОВА 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар