Дегенмен бүгінгі қоғам таразысы белгісіз де беймәлім басымдыққа ие. Әсіресе «Tik-tok»-қа «тойып» алған тентектерді қалай тәрбиелейміз деп басымыздың қатып жүргені жасырын емес. Осы орайда қабағымен қаһар көрсетіп, темірдей тәртіп орната білетін ер мұғалімдердің азайып бара жатқандығы еріксіз ойландырады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі білім беру ұйымдарында 400 мыңға жуық педагог қызмет атқарады. Оның 19,1 пайызы ер мұғалімдер. Сондай-ақ бастауыш сыныптарға сабақ беретін ер мұғалімдердің саны 596 педагогты құрап отыр.
Ер адамның үй мен мектеп жағдайында бала тәрбиесіндегі рөлі өте маңызды. «Ұстаз алдында тіліңді тый, ұста алдында қолыңды тый» деген қазақ мақалы атұстар азаматтарды сипаттайтындай.
Ағайлардың азаюына басты себеп – аталған мамандыққа қызығушылықтың төмендеуі. Мінезін мониторға, пайымын пернетақтаға, білімі мен біліктілігін бір тестілеуге байлап қойған цифрлы дәуір мұғалімдердің жұмысын жеңілдетер емес. Миы ашыған мұғалімнің оқушыға маңдытып білім бере алмайтыны анық. Сол себептен бұл мамандыққа қоғамның көзқарасы өзгеріп, қызығушылық төмендеп барады.
Жаһанданумен ұштасқан жаңа дәуірде күнде бір жаңа жұмыс түрімен кезігіп жатырмыз. Оңай ақша табуға жөн сілтейтін жұмыс орындары бұл мамандықтың жолын бөгеп, бағын байлауда. Оған қоса қымбатшылық қос бүйірден қысып, отбасына отағасы ретінде жағдай жасау үшін бір айлыққа қарап отыру да ер-азаматтардың еңсесін түсіруде. Қалай десек те жалақының жетіспеуі, мұғалім мәртебесіне тағылар міннің көбеюі, баланың білімі мен тәрбиесіне емес, білім ордасының рейтингі үшін жанталасу сияқты факторлар ер мұғалімдердің азаюына себеп болып отыр. Оның үстіне бүгінде «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп баласын педагог қолына тапсырып, мұғалімге сенім артатын ата-аналар да жоқтың қасы. Тұла бойына таяқ тимек түгіл, тәртіпсіздігі үшін сөгіс алған баласының сөзін сөйлеп, дұрысты бұрысқа шығаратын кейбір ата-аналар мұғалімге мұрын шүйіре қарайтын халге жеткен. Міне, ұстаз ұлылығына сын айтып, әрекетін әлеуметтік желілерде әшкере қылып, көпшілікке жалған ақпар беріп жүргендер аталған мамандыққа деген құштарлық отын сөндіруде.
Сондықтан да болар, бүгінгі таңда педагогика мамандықтарына оқуға түсетін ер балалардың қарасы көңіл көншітерлік емес. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде де осындай жағдай байқалады. Аталған білім ордасының академиялық жұмыс департаментінің директоры Сәуле Алимбаеваның пікірінше, қоғам жоғары білікті мұғалімдерді қажет етеді.
– Орта мектеп мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарына қойылатын талаптар бұрынғыдан да күрделене түсті. Педагогикалық жоғары оқу орындары дайындаған кадрлар сапасы университеттің имиджіне де, жалпы білім саласына да, жас мамандардың болашақта жұмысқа орналасуына да әсер ететіні сөзсіз.Осы жұмыстарды жаңғырту қажеттілігі аясында мұғалімдердің білімін қолдау және жетілдіру бойынша жаңашыл жұмыстар жүргізілуде. Биыл білім ордасында педагогика бағыты бойынша мұғалімдерді даярлау мамандықтарына түскен ер балалардың саны 370 студентті құрап отыр. Студенттердің 70 пайыздан астамы «Денешынықтыру», «Денешынықтыру және Бастапқы әскери дайындық» пәндері бойынша мұғалімдерді даярлау мамандықтарында оқу жылын бастады. Қалған 30 пайызға жуығы басқа да пәндер бойынша білім алып жатыр, – деді Сәуле Құрмантайқызы.
Бұл тұрғыда Меркі ауданының Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназиясының «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі, 30 жыл көлемінде педагогика саласында еңбек етіп жүрген ардақты ұстаз Гүлбағира Наушабаеваның өз айтары бар. Оның пікірінше, ер мұғалімдердің азаюына білім беру ұйымдарындағы қағазбастылық пен жалақының аздығы себеп болып отыр.
– Еліміздің ертеңі – болашақ білімді жастардың қолында. Бүгінде ұрпақ тәрбиесінде ер-азаматтардың рөлі басым екендігі белгілі. Ер мұғалімдердің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Дегенмен орта мектептер мен мектеп-гимназияларда білім берер ер педагогтардың сиреп бара жатқандығы тәрбие мен тәртіптің нашарлауына әкеп соғуда. Білім беру мекемелерінде ер педагогтар қатарының азаю себептері өте көп. Басты себептердің бірі –қағазбастылық. Сабақ берумен қатар, қалыңдығы кітап томындай болатын қағаздарды толтыру мен анықтама жүргізу де ер-азаматтарға қиындық туғызып жатқаны шындық. Сонымен қатар бүгінгі ата-аналар баласының қыңқ еткеніне қаһарлана ашу көрсетіп, шыңқ еткеніне шағым түсіруді әдетке айналдырғандай. Ер педагогтардың мұғалім мамандығында қызмет етуден бас тартатын тағы бір себебі – жалақының аздығы. Білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін отбасылы ер педагогтардың еңбекақысы күнкөріс деңгейіне жетпей жатыр. Міне, ер адамдар осындай қиындықтарға мойынсынып, білім беру жүйесіне белсене атсалыса алмай жатады, – деді Гүлбағира Рысбекқызы.
Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы, айтыскер ақын Медеу Мырзатайдың пікірінше, ер педагогтардың азайып бара жатқанына мамандыққа деген жарнаманың жоқтығы себеп.
– Кез келген саудагер өз затын өзгеге сату мақсатында көздің жауын алатындай көркемдеп, сипаттамасын қызыл тілмен қызықтыра жеткізетіндігі белгілі. Сол сияқты адамның құштарлығын оятатындай мамандыққа деген жоғары деңгейдегі жарнама қажет. Әрине, кез келген жарнама шындықпен басталып, ақиқатпен аяқталу керек, –
деді Медеу Жаналыұлы.
«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деген екен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Біз бұл мақаланы жазу барысында мұғалімдерді ер немесе әйел деп бөлуді мақсат тұтпадық. Тек бар істі байыппен бақылап, бала бойына батылдық пен батырлықты, мінсіз тәртіп пен мінез ұялататын ер педагогтардың азайып бара жатқанына көпшілік назарын аударғымыз келді. Осы орайда әр тараптың пікірін тыңдап, айтар уәждеріне құлақ түрдік. Ары қарай ой қорытуды оқырманның еншісіне қалдырдық.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ
Тараздық жеткіншек ерекше күн электр стансасын жасады
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024