Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараздық жеткіншек ерекше күн электр стансасын жасады

Тараздық жеткіншек  ерекше күн электр стансасын жасады
Ашық дереккөз
«Талпынған жетер мұратқа» дегендей, үнемі ізденіс үстінде жүретін адам жаңа дүниелерді жасап шығаруға бейім болады. Осы жолда уақыты мен күш-қуатын сарқып, тынбай еңбек етеді. Сөйтіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді. Осы орайда тараздық оқушы Қанат Тәжіханның өнертапқыш ретіндегі алғашқы аяқ алысы көпшілікті сүйсінтіп отыр. Ол жақында қалқымалы күн панельдерін орнатып, әлемдегі алғашқы күн электр стансасын жасап шығарды.

Қанат Тәжіхан Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағыты бойынша 12-сыныбында оқиды. Ол жастайынан білім қуып, күні бүгінге дейін бірнеше жобаны жүзеге асырды. Талантты жеткіншек өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының грантын жеңіп алған болатын. 

– Менің қызығушылығым әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешумен қатар, робототехника IT-инженерия бағытына ауды. Жалпы өзімнің көптеген жобам бар. Барлығы сәтті шықты деуге болады. Нәтижесінде біршама жобада жеңімпаз атанып, гранттар жеңдім. Соның бірі – қазір өзім айналысып жатқан күн батареяларының кемшілігін анықтау арқылы оның тиімділігін арттыруға арналған жобам. Осы өнертабысым арқылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсында 3 миллион теңгенің грантын жеңіп алып, жобамды толық іске асырдым. Мен үшін бұл гранттың орны ерекше. Өйткені бұл қолдау арқылы біз «жасыл» экономикаға үлесімізді қоса отырып, еліміздегі ең алғашқы қалқымалы күн батареяларын орнатып, әлемдегі тұңғыш күн электр стансасын жасадық, – дейді ол.

Өз ойын іске асыруға білек сыбана кіріскен өнертапқыш оқушы күн электр стансасын Алматы облысында салған. Алдағы уақытта күн құрғатпай Қанат Тәжіханның өнертабысы еліміздің «жасыл» экономикасына сәтті жол ашып, энергия  өндіруде көмірге деген тәуелділікті азайтатыны көңіл қуантады.

– Мен жаңалық деп тапқан бұл станса әртүрлі күн трейкерлерінен құрастырылған. Әрі нысан экотуристік аймақта орналасқан. Еуропадағы мемлекеттер әлдеқашан «жасыл» экономикаға көшіп кеткен. Ал біз энергетиканың 70 пайызын көмірден алып отырмыз. Өкініштісі сол, біз әлі осындай отынға тәуелдіміз. Мен бұл жобаны жасау үшін шетелдік тәжірибелерге сүйендім. Ең тиімді үлгілерді негізге ала отырып, әу баста ниеттенген күн электр стансасын жасап шығардым, – дейді Қанат Тәжіхан. 

Өнертапқыш өрен өзі орнатқан күн панельдерінің басқа құрылғыларға қарағанда артықшылығы көп екенін айтады. 

– Қарапайым күн панельдеріне қарағанда қалқымалы күн панелінің артықшылығы – 15 пайызға көп энергия өндіреді. Себебі қарапайым күн панельдері жердің үстінде орналасқандықтан энергияның біршама бөлігін жоғалтып алады. Өйткені жер қуатты өзіне сіңіреді. Ал менің жобам сумен байланысты. Су күн сәулелерін сындырып, шағып тастағанда энергия көбірек жиналады. Сондай-ақ менің өнертабысымда ақылды күн бақылау жүйесі бар. Ерекше ескеретін жайт, күн панельдерін жиі тазалап тұрмаса, энергия жинау қабілеті азаяды. Мен осының алдын алып, автономды тазалау жүйесін жасадым, – деді оқушы.

Осы уақытқа дейін түрлі құрылғылар ойлап тауып, өзгелерден оқ бойы ерекшеленіп, көзге түсіп келе жатқан жас өнертапқыштың бұдан өзге де жаңалықтары жетіп артылады екен. Ол қоқыс сұрыптау құрылғысы мен мүгедектігі бар адамдарға қажетті протез де жасап шығарған.

– Менің басқа да көптеген жобам бар. Мысалы, жасанды интеллект арқылы қоқысты сұрыптау және басқару жүйесі  5 бөлімшеден тұрады. Егер сіз қоқыстың бірнеше түрін тастайтын болсаңыз, камера соны сұрыптайды. Тағы бір жобам – мүгедектігі бар адамдарға арналған протез. Ауызға орнатылып, тіл арқылы басқарылады. Соның арқасында ерекше жан телефонды, теледидарды, мүгедектер арбасын қолдана алады, – дейді жас өнертапқыш.

Қанат Тәжіхан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырды. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып отыр.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау қажеттігі баса айтылған. Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады. Осы орайда талантты жастарға берілетін гранттар 6 бағыт бойынша қолға алынған. Соның бірі – «Ғылым». Бұл бағыт ғылымның басым секторларында ғылыми жобаларды және зерттеулерді жүзеге асыруға арналған. Ал «Мәдениет» бағыты Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуді, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруды көздейді. «Ақпараттық технологиялар» бағыты жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған. «Бизнес» бағыты арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға болады. «Медиа» бағытында жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды танытуға мүмкіндік бар. «Волонтерлік» бағытына өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобалар кіреді.

Айта кету керек, 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 миллион теңгеден 30 грант беріледі. Олай болса, өңіріміздегі өзге де өнертапқыш өрендердің  мүмкіндікті мүлт жібермей, мемлекет қолдауына ие болуына тілектеспіз. 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар