
Кездесу барысында «Биология» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Зияева және аға оқытушы, магистр Әсел Қарабаева кәсіпорынның өндірістік базасында шығарылатын өнімдермен жан-жақты танысты. Тараптар ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға, оның ішінде балдың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғылыми сүйемелдеу мен сараптаманың қажетті екенін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі таңда өнімнің сапасын арттыру тек өндірістік тәжірибеге байланысты емес, ғылыми негізделген сараптама мен үздік технологияларды қолдануды қажет етеді. Университет ғалымдарының қолдауы арқылы біз балдың экологиялық тазалығын растап қана қоймай, оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін де күшейте аламыз, – деді кәсіпорын директоры Ольга Чухалова.
Бұл орайда балдың сапасын халықаралық деңгейде мойындату тек қана өнімді дұрыс өндірумен шектелмейді, ол үшін экожүйеге әсерін азайтып, табиғи әртүрлілікті сақтай отырып, заманауи биотехнологиялық шешімдерді енгізу қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық таза әрі органикалық талаптарға сай өнімдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Демек, университет пен өндірістік кәсіпорын арасындағы мұндай әріптестіктің тек қана аймақтық емес, ұлттық деңгейде де маңызы зор. Ғалымдардың сараптамалық қолдауы – бал құрамындағы пайдалы элементтерді анықтау, түрлі ауруларға қарсы профилактикалық мүмкіндіктерін зерттеу. Бұл өнімнің тұтынушыға деген сенімін арттырып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік бал нарығында ерекше орынға шығара алады.
Кәсіпорын өкілдері өндірістік үдерістерді жетілдіру, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және инновациялық технологияларды енгізу бағытында университет ғалымдарымен бірлескен жұмыс жүргізуге қызығушылық білдірді.
– Біздің мақсатымыз – кәсіпорынға ғылыми сүйемелдеу ұсынып, өнімнің сапасын халықаралық стандарттарға сай деңгейге жеткізу, балдың табиғи құрамы мен емдік қасиеттерін анықтау, экологиялық қауіпсіздігін дәлелдеу. Осы арқылы тұтынушы сенімін арттырып, өңірдің экономикалық дамуына да ықпал етуге болады, – деді доцент Г.Зияева.
Кафедра ғалымдары кәсіпкермен екіжақты келісімшарт негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру жөнінде ұсыныс жасады. Нәтижесінде тараптар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу туралы келісімге қол жеткізді.
Екіжақты ынтымақтастық аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ғылыми зерттеулерді өндірістік тәжірибеде қолдануға, экологиялық таза әрі сапасы жоғары отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Университет тарапынан ұсынылған ғылыми сүйемелдеу кәсіпорынның өндірістік тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің инновациялық экономикасының дамуына да зор үлес қосатыны сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ