
Бүгінде бұл ауданда жаңа нысандар бой көтеріп, заманауи мектептер мен спорт алаңдары ашылып, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік салада да ілкімді істер жүзеге асуда. Бұл игілікті жұмыстардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың жан-жақты дамуына және елді мекендердің келешегін кемел етуге бағытталған.
Жақында ауданда бірқатар білім нысандары ел игілігіне берілді. Бұл игілікті шаралар Білім күніне тұспа-тұс келіп, ауыл тұрғындары мен оқушыларға үлкен қуаныш сыйлады. Мектептердің салтанатты ашылуына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті. Ерлан Қыдыралыұлы Бәйтерек ауылында бой көтерген 100 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына арнайы барып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында аудан аумағында бір емес, екі жаңа білім ошағы қолданысқа беріліп отырғанын атап өтті.
– Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заманауи стандартқа сәйкес 100 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Оның бірі – Бәйтерек ауылындағы №6 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, екіншісі – Шайдана ауылындағы орта мектеп. Сонымен қатар, бүгін ауданымызда 800-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, жаңа өмірлік кезеңге қадам басуда. Білім адамға сенімділік пен еркіндік сыйлап, өмірлік жолды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Жаңа мектеп оқушыларының да еліміздің жарқын болашағына айналарына сенемін», – деді аудан басшысы.
Жаңа білім ордасының құрылысы өткен жылы басталып, биыл толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрап, құрылыс жұмыстарын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті.
Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, география, тарих, математика, химия-биология, физика кабинеттері мен зертханалары толық жасақталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы лифт те қарастырылған. Сонымен бірге, оқушылардың кәсіби бейімділігін арттыруға арналған шеберханалар да бар. Атап айтқанда, оқушылар қыздарға арналған тігін және аспаздық кабинеттерді, ұлдарға арналған ағаш және темір бұйымдарымен жұмыс істеу бөлмелерін, сондай-ақ қыш-керамика бұйымдарын әзірлейтін арнайы шеберхананы пайдаланады. Мектептің үлкен спорт залы мен ауласындағы спорт алаңы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте Тараз қаласындағы Амангелді орта мектебінен келген 56 оқушы және Қызылшарық саяжайынан тасымалданатын 13 оқушы білім алатын болады.
Ал Шайдана ауылында да көптен күткен қуаныш жүзеге асып, жаңа оқу жылында 150 орындық мектептің есігі оқушыларға айқара ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде: «Бұл мектеп – ауыл болашағына жасалған маңызды қадам. Жаңа ғимарат балалардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына жол ашады. Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Сондықтан мемлекет тарапынан осындай игі істер әрқашан жалғасын таба береді», – деп атап өтті.
Үш қабатты жаңа білім ордасында 15 оқу кабинеті, спорт залы, медициналық бөлме, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері қарастырылған. Жылыту жүйесі заманауи автономды газ қазандығымен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында 170 оқушы осы мектепте білім алуға кіріссе, көршілес Сеңгірбай ауылынан 20 оқушы арнайы көлікпен қатынайтын болады. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш әрі келешекке жасалған сенімді қадамға айналды.
Білім күні мерекесінде тек мектептер ғана емес, спорт инфрақұрылымдары да пайдалануға берілді. Аудан орталығында үш бірдей білім ордасының – №1 және Б.Момышұлы, Ю.Гагарин атындағы мектептерінің жанынан жаңа футбол алаңдары салынып, салтанатты түрде ашылды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы нысанның лентасын спорт ардагері Лесбек Өзенбаевпен бірге қиып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Өз сөзінде аудан басшысы жаңа спорт алаңдары жастардың спортпен айналысуына кең жол ашатынын айтып, аудан мен облыстың атын асқақтататын жас спортшылардың өсіп шығарына сенім білдірді.
Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында жаңа оқу жылына орай бір мезетте бірнеше маңызды нысанның ел игілігіне берілуі – өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретін айтулы оқиға. Заманауи талаптарға сай мектептердің ашылуы ауыл балаларына сапалы білім алуға тең мүмкіндік берсе, спорт алаңдарының пайдалануға берілуі жастардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашпақ. Бұл игілікті қадамдар ауданның білім беру саласын жаңа деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына негіз қалауда.
Жалпы бүгінде Жамбыл ауданы бойынша жаңадан ашылған екі білім ошағын қосқанда, 53 білім мекемесі бар. Оның 43-і мемлекеттік, қалғаны жеке меншік. Онда 2974 адам қызмет етсе, оның 195-інен басқасы мемлекет есебіндегі мектептердің қызметкерлері. Негізі барлық мектеп қызметкерлерінің 1638-і педагог, 1336-сы штаттық қызметкер. Сапалық құрам 44,5 пайызды құрайды. 30 жалпы орта білім беретін мемлекеттік мектептердің жетеуі бастауыш, біреуі негізгі, 22-сі орта және екеуі жекеменшік мектеп («Asa Elite school», «Мөлдір»). Сонымен қатар 2 қосымша білім беру мекемесі (М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі, Техникалық шығармашылығы және кәсіби бағдар беру орталығы) және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім берумен 18 мекеме (10 мемлекеттік, 8 жекеменшік балабақша) және 16 шағын орталық айналысады.
– Аудандағы орта білім беру ұйымдарының желісі 10 575 білім алушыны қамтиды. Жалпы білім беретін 30 мемлекеттік білім беру мекемелерінде 1543 педагог қызмет атқарса, педагогтердің 99,4 пайызы біліктілік арттыру курсынан өткен. Оның ішінде 15 педагог-шебер, 223 педагог-зерттеуші, 491 педагог-сарапшы, 576 педагог-модератор, 333 педагог бар.
Ауданда ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыл мектептеріндегі оқыту сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» ауқымды жобасы жүзеге асырылуда. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде қысқарып келеді.
Мысалы, өткен оқу жылында 10 575 оқушы 68,9 пайыз білім сапасын көрсетті. Аудан бойынша білім сапасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға, оқушылар жетістігі 20,65 пайызға, педагогтердің жетістігі 1,4 есе, яғни 30 пайызға артып отыр. Биылғы оқу жылында 581 мектеп түлегінің 22-сі «Алтын белгі» төсбелгісін алса, 51-і оқуды үздік аттестатқа аяқтап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 2,7 пайыз өсім көрсетті. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 434 түлек қатысып, орташа балл 76,62 болды. Аудан бойынша 197 оқушы мемлекеттік грант иеленіп, бұл көрсеткіш 45,5 пайыз болып қалыптасты.
Дегенмен білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуы керек. Осы мақсатта биылғы 2025-2026 оқу жылында аудандық негізгі және орта білім беру мекемелері арасында арнайы аniktama.gdh.kz платформасында өткен тақырыптар бойынша алған білімін бекітуге қолданылатын тест транежер «Табысты-140» жобасын іске қосамыз.
Бір айта кетер жағдай, өткен жылы ауданымыздағы Б.Тайшапұлы атындағы орта мектебі бітірушілерді «Табысты-140» жобасымен дайындап, Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл 68,5-тен 81-ге көтеріліп, 12,5 пайыз өсімге қол жеткізілген болатын. Биылғы оқу жылында осы Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің тәжірибесі аудан мектептеріне таратылатын болады, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Садуақасқызы.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ