Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқушы қыздарға екпе салына бастады

Оқушы қыздарға екпе салына бастады
Ашық дереккөз
Жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы саналатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы түрде вакцина алуы тиіс. Сонымен қатар 12-13 жас аралығындағы қыздарға қосымша иммундау шаралары жүргізіледі.

Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орында тұр және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері арасында да екінші орын алады. Елде жыл сайын бұл аурудың шамамен 1 900 жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі адам папилломасы вирусы (АПВ) инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендеген.

Осыған орай облыстағы барлық мектептерде қыз балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен халық арасында вакцина туралы пікірлер де екіұдай. Бірі вакцина салдыруды қолдаса, бірі қарсы. 

– Вакцина қалай әсер етеді екен деп қорқамын. Қазіргі балалардың иммунитеті төмен. Экология нашар, көбі коронавируспен ауырды. Коронавирус вакцинасынан кейін бәрі әлсіреп қалды. Сондықтан келіспеймін. Балам кейін тексеруден өтеді, бірақ вакцина салғызбаймыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Маржан Сатыпалдықызы.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевтың қатысуымен осы тақырыпта брифинг өтті. Спикер жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу шараларына тоқталып, онкогендік жоғары қаупі бар адам жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуының басты себепкер факторы екенін тілге тиек етті. Айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігі 97 пайыз жағдайда осы вируспен байланысты. Вирустың созылмалы тасымалдаушысы болу кейбір жағдайларда жатыр мойны қатерлі ісігінің дамуына әкелуі мүмкін екен.

– Қазіргі таңда жатыр мойны қатерлі ісігі дамушы елдердегі әйелдер арасында жиі кездеседі. Оның ішінде Қазақстанда бар. Негізінде жатыр мойны қатерлі ісігі көп жағдайда симптомсыз өтеді, бірақ кейде жыныс жолдарынан аномальді бөліністер, іштің төменгі бөлігіндегі және белдегі ауырсынулар болуы мүмкін. 

Жатыр мойны қатерлі ісігі – толықтай алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Сондықтан онкологтар адам папилломавирусына қарсы вакцина алуды ұсынады. Жаппай вакцинациялаудың негізгі контингенті – 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл жас кездейсоқ таңдалмаған, жыныстық өмір басталмай тұрғанда қыздардың қауіпті вирусты жұқтыру қаупі төмен болады. 

Адам папилломавирусы жеке гигиеналық заттар арқылы да жұғуы мүмкін. Зерттеулер бойынша, вакцинаның қорғау күші ұзақмерзімді қамтиды. Вакцина енгізілгеннен кейін 10 жылдан астам уақыт өткен соң да оның иммуногендігі төмендемейтіні дәлелденген.

Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл облысына АҚШ-та өндірілген, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған қауіпсіз әрі тиімді «Гардасил» вакцинасы жеткізілді. Бұл вакцина әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған адамға сынақ жүргізу арқылы ауыр жанама әсерлері анықталмаған. Ең жиі кездесетін жанама әсерлері – вакцина енгізілген жерде қызару, дене қызуының көтерілуі, бас айналу және жүрек айну.

Сонымен қатар әйелдерге жыл сайын папилломавирусқа тест тапсыру арқылы жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингінен өту өте маңызды. Бұл ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Қазақстанда 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріле алады. Өкінішке қарай, жатыр мойны қатерлі ісігі жасарып келеді. Сондықтан бұл аурудың алдын алудағы ең маңызды қадам – адам папилломавирусына қарсы вакцинация. 2024 жылдың қазан айынан бастап облысымыздағы 11 жасар қыздар мектептегі медициналық пункттерде немесе тіркелген медициналық мекемелерде ата-аналарының жазбаша келісімімен тегін вакцина ала алады, – деді Ерік Тіллабекұлы.

Аймақта 485 вакцинациялау пункті жұмыс істеуге дайын. Вакцина сақтауға арналған қоймаға АҚШ-та өндірілген «Гардасил» вакцинасынан 11 471 бірреттік доза жеткізіліпті. Облыс бойынша 2 мыңнан астам медициналық қызметкер арнайы семинарлар мен тренингтерде оқытылып, папилломавирусқа қарсы вакцинация жүргізу бойынша сертификаттар алды.

 Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар