Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мейірімді мейірбике Мария

Мейірімді мейірбике Мария
Ашық дереккөз
Мейірбике жұмысы оңай емес, жоғары жауапкершілік пен көп міндеттерді талап ететін іс. Тұрақсыз жұмыс кестесі мен экстремалды жағдайлар мейірбикенің бүкіл мансабында қатар жүреді. «Мейірбике» сөзі сүйіспеншілік, қамқорлық және көмекке деген шексіз ұмтылыс сияқты маңызды адами қасиеттермен тығыз байланысты.

Біздің кейіпкеріміз Мария Нарожная – өз ісіне адал, еңбекқор, мейірімді жан. Оның жүзінің жылылығын, мейірімділігін науқастар жиі айтады. Бір кездері Мария Алексеевна тәртіп сақшысы болсам деп армандайтын. Алайда бойжеткен анасының кеңесімен медицина саласын таңдады. Осы сәттен оның қызықты әңгімесінің бірінші тарауы басталады.

2004 жылы орталық облыстық аурухананың хирургия бөлімінде еңбек дүбіріне араласқан жас маман өзінің жолы болғанына сенімді. Оған  аға буын  әріптестері үлкен қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде ұжымға тез сіңіп, аянбай еңбек етті. Өзінің  жауапкершілігін, білімі және төзімділігін көрсетті. Сәйкесінше сый-құрметке де бөленді. Бүгінде ол көп сағаттық күрделі операцияларға қатысып жүрген  тәжірибелі мейірбике. 

– Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды. Талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істедім. Бұл салада ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болу маңызды. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Дегенмен мамандығыма деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Дертіне дауа іздеген жандар өз алғысын айтқанда бар шаршағаныңды бірден ұмытып кетесің. Ауруынан айығып, жақсарғанын көргенімде жұмысыма деген құлшынысым одан әрі арта түседі. Әлемдегі ең мейірімді мамандық иесі атанғанымды мақтан тұтамын. Қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы қарапайым еңбегімнің жемісі деп білемін.

Біз де адамбыз, кейде көзімізге жас аламыз.  Дәрігерлерге екі есе қиын. Әсіресе операциялық топтың қолдан келгеннің бәрін жасағанын, емделушінің өмірі үшін берілмей күрескенін көргенде толқымау мүмкін емес, – дейді Мария Нарожная. 

Әрбір жаңа жұмыс күні Мария мен оның әріптестері үшін жұмбақ. Адамдар оларға үмітпен келеді. Олар дәрігерлер мен медбикелерге өз денсаулықтарын сеніп тапсырады. Эмоционалдық құлдырау сәтінде әрбір адамға қолдау қажет. Мұндайда оған отбасы күш береді. Күйеуі де, енесі де, балалары да әрқашан оның жандүниесін  түсініп қана қоймай, көмектесуге дайын. 

Мария Нарожная көп уақытын өткізетін операция бөлімшесін өзін аурухананың жүрегі деп атайды. Сондықтан құрылғы үздіксіз жұмыс істеуі керек. Кейіпкеріміз – сол жұмыстың іркіліссіз жүзеге асуын қамтамасыз ететіндердің бірі. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін барлық күш жұмылдырылғанда алаңдаушылық пен сенімсіздікке орын болмайтыны анық. Отаның  сәтті өтуі мейірбикенің де жауапкершілігіне және кәсібилігіне байланысты. Мария: «Бастысы үйлесімді жұмыс істей білу, қажет болған жағдайда хирургтың ойын оқуды үйрену – біздің міндетіміз», – дейді. 
 

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген.Дертіне дауа іздеген жанға дему бола білген Мария Нарожная бүгінде Қордайдағы орталық аурухананың мейірбикесі.Ол әлі де ауырған жанның тамырын дөп басатын мейірбикелік қызметін жалғастырамын деп отыр.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар