Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар экстремизмге қарсы

Жастар экстремизмге қарсы
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері облысқа іссапармен келді.

Іссапардың мақсаты – жастардың экстремизмге қарсы санасын қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру.Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Тараз қаласында, сондай-ақ Жамбыл, Меркі, Жуалы  және Шу аудандарында болды. Олар жастар арасында «Діни білім берудің заманауи тетіктері», «Дін мен дәстүр сабақтастығы», «Ұлтқа құрмет – тәрбиеден» және тағы басқа тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Осы орайда облыста жалпы саны 20 іс-шара ұйымдастырылып, оған 500-ден астам жас қамтылды. 

Аталған іс-шараға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD Бауыржан Ботақараев, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы, теолог Әбілхайыр Сабырұлы, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Әлем тарихы және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы  Мәди Бесбаев,  Түркістан облыстық дін істері басқармасы  дін мәселелерін зерттеу орталығының  директоры Медет Халықов, облыстық дін істері басқармасының бас маманы, теолог Самғат Мутанов  және дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты.  

Семинар барысында теолог Самғат Мутанов «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» тақырыбында лекция оқыды.

– Діни терроризм – дін атын жамылып ұйымдасқан топтың діттеген мақсатына жетуі үшін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Қазіргі жағдайларда діни террористер қоғамдық мәндегі ғимараттарды басып алу, жарып жіберу, ұшақтарды алып қою және өзге де әрекеттерге барады. Террористік әрекеттер әрқашан жариялы түрде жүреді және қоғамға, билікке әсер етуге бағытталады. 

Жалпы әлемдік діндердің өзі адамдарды мейірім мен кешірімділікке, сабыр мен төзімділкке шақыратын рухани құндылықтарға негізделген. Десек те қазіргі таңда ізгілікке, тазалыққа, адам сүйгіштікке шақыратын асыл діндердің бірі ислам дінінің атын жамылған деструктивті топтар пайда болуда. Исламның  атын жамылған сондай адасқан топтардың бірі – сәләфилік. Жалпы сәләф сөзінің этимологиясына тоқталатын болсақ, «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Яғни Мұхаммед пайғамбардың көзін көрген мұсылмандарды сахабалар, сахабаларды көрген мұсылмандарды тәбиғиндер және тәбиғиндерді көрген мұсылмандарды тәбәға-тәбиғиндер деп атайды. Ал осы үш буын, яғни сахабалар, тәбиғиндер, тәбәға-тәбиғиндерді  «сәләфилер»  деп атаған. Осы аталған ұрпаққа VII, VIII, IX ғасырларда өмір сүрген Имам Әбу Ханифа, Имам Тахауи, Имам Шафиғи, Имам Мәлики және тағы да басқа  ғалымдарды жатқызса болады. Жоғарыда аталған үш буын нағыз мұсылмандар болғанына тарих куә.

Дәстүрлі діни танымды түсіну үшін томдап діни әдебиеттерді оқудың қажеті шамалы. Ата-бабаларымыз дінді  «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деп үш ауыз сөзбен жеткізген. Бұл сөздердің мағыналары терең және тәрбиелік құндылықтарға толы десек, еш қателеспейміз. Абай Құнанбаев өзінің өлең жолдарында:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл, – деп Алланы, адамды,  әділеттілікті сүюге шақырған. Абай атамыз адамзатты сүю деп нәсіліне, дініне, ұлтына қарамастан адамдарды жақсы көруді үндегеніне аса назар аударған жөн, – деді Самғат Мутанов.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар