«Буллинг» (ағылшын тілінде «bullying») сөзі «қорқыту, күш көрсету» деген мағынаны білдіреді. Бұл термин ағылшын тілінен енген және алғаш рет ХVІ ғасырда қолданылған. «Bully» сөзі басында «дос», «жақын адам» деген мағынаны білдіргенімен уақыт өте келе мәні өзгеріп, агрессияны, басқа адамдарды қорқыту мен қоқан-лоқы көрсету әрекеттерін сипаттайтын ұғымға айналды. Қазіргі таңда буллинг оқушылар арасында жиі кездесетін қудалау, мазақ ету, зорлық-зомбылық көрсету әрекеттерін сипаттайды.
Буллингтің бірнеше негізгі түрлері бар: Физикалық буллинг – дене жарақатын салу, ұру, итеру. Психологиялық буллинг – қорлау, кемсіту, мазақ ету. Кибербуллинг – интернет арқылы қорқыту немесе мазақ ету. Әлеуметтік буллинг – адамды қоғамнан шеттету, оны жалғыз қалдыру.
Әр ел буллингке қарсы түрлі стратегияларды қолданады. Кейбір мемлекеттер бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан шешсе, енді біреулері психологиялық және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту арқылы күреседі.
Финляндия – буллингпен күресте көшбасшы елдердің бірі. Бұл елде буллингтің алдын алу мақсатында «KiVa» атты арнайы бағдарлама жасалған. «KiVa» бағдарламасы оқушылар арасында буллингті болдырмау және буллингке ұшыраған балаларға психологиялық көмек көрсету үшін қолданылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектептегі оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсарту және агрессивті мінез-құлықтың алдын алу. Оқушыларға буллингке қарсы тұрудың жолдары үйретіліп, түрлі семинарлар мен тренингтер өткізіледі.АҚШ-та буллингке қарсы күрес заңды тұрғыда жүргізіледі. Көптеген штатта буллингке қарсы арнайы заңдар қабылданған. Әр мектеп буллингке қатысты саясатты бекітіп, оқушылар мен ата-аналарға буллингке қалай қарсы тұру керектігін түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар көптеген мектепте буллингке қарсы психологиялық қызметтер мен көмек көрсету топтары жұмыс істейді. Оқушыларға арналған «StopBullying.gov» атты ұлттық бағдарлама да бар, ол буллингтің алдын алу бойынша кеңестер мен нұсқаулықтарды ұсынады.
Жапонияда буллинг мәселесі өте күрделі. Соңғы жылдары бұл елде буллингпен күресу үшін көптеген бағдарлама енгізілген. Мектептерде буллингті болдырмауға бағытталған арнайы сабақтар өткізіледі, оқушылар арасында қарым-қатынас мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Жапонияда мектеп психологтары мен кеңесшілері буллингтен зардап шеккен оқушыларға көмек көрсету үшін жұмыс істейді.
Швецияда буллингтің алдын алу заңнамалық деңгейде қатаң бақыланады. 2006 жылы қабылданған «Мектептегі буллингке қарсы заң» бойынша әр мектеп буллингке қарсы нақты шаралар қолдануға міндетті. Оқушылар арасындағы буллинг оқиғаларына ерекше назар аударылып, агрессияны болдырмау үшін арнайы бағдарламалар қолданылады. Сонымен қатар мұғалімдер буллингтің алдын алу әдістерін оқып-үйренеді және қажет болған жағдайда оқушыларға көмек көрсетеді.
1972 жылы П.Хайнеман «Моббинг. Ересектер мен балалар арасындағы топтық зорлау» атты кітабында зорлық-зомбылық әрекеттерді жүзеге асыру процесін бірнеше деңгейге бөледі. Олардың қатарында топ мүшелерінің бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуы, өздеріне ұқсамайтын жаңа адамның келуіне байланысты топтың өзін жайсыз сезінуі, топтың құрбан рөлін «сомдайтын» адамға қарсыласуы, құрбанның көзін жойған соң топтың бастапқы – өзін жайлы сезінетін қалыпқа келуі сияқты бағыттар бар.
Тараз қаласының тумасы Айман Нұрбекова қазір университетте білім алып жүргеніне қарамастан, бала кездегі қорқынышының әлі күнге дейін мазалайтынын айтады.
– Мен 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін ауылда оқыдым. Ауылымызда бастауыш мектебі ғана болатын. Кейін жоғары сыныпты қалада оқуыма тура келді. Қалада баспанамыз жоқ болғандықтан туысымыздың үйінде тұрдым. 5-сыныпта әлі кішкентаймын ғой. Туыстарымыз таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан маған қарауға мүмкіндіктері болмады. Мектепке шашым жөндеп таралмай барады. Тіпті жейдемді үтіктеймін деп күйдіріп, басқа жейдем болмағандықтан соны киіп баратынмын. Бұл сиқымды көрген балалар мені мазақтайтын. Балалар тұрмақ, сынып жетекшіміздің өзі мені оқушылардан бөліп-жаратын. Қаланың тап-тұйнақтай қыздарымен сырласып, әңгіме айтатын. Ұстаз деген бізге ұлы тұлға ғой. Онымен сөйлессек, әрине, марқайып қалатынбыз. Өкінішке қарай, ол кісінің өзі мені қасына жолатпағандықтан басқа оқушылар да бойын алыс ұстайтын. Сабақ айтуға шықсам, бір-біріне ымдап күлетін. Оның барлығы әлі көз алдымда. Бұл жағдай менің оқу үлгеріміме де әсерін тигізбей қоймады. 9-сыныпта басқа сыныпқа ауысқанда ғана буллингтен құтылдым. Жаңа ортада жаңа достар тауып, өзімді жаңа қырымнан көрсетіп үйрендім. Сабағым да үздік болды. Әрине, қыз баласы болған соң шығар, өз-өзімді тез жинап алдым. Менің орнымда басқа біреу болғанда жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін?! Ұл балаларға тіпті қиын шығар. Қазір мектепте әлімжеттік көріпті деп естісем, өзімнің басымнан өткен жағдай бірден есіме түседі. Ата-анам қасымда болып, қолдауын сезінгенімде, бәлкім, психологиялық әлімжеттікке ұшырамас па едім. Сондықтан әрбір ата-ана мектептен балалары келгенде міндетті түрде жағдайын сұрап, қас-қабағын баққаны дұрыс. Бүгінгі күні буллингтің түрі көп. Балалар әлсіз. Сынып кетпесі үшін жақындарының қолдауы маңызды, – дейді Айман.
Мектептегі буллинг – жаһандық мәселе және әр ел бұл құбылыспен күресуде өзіндік әдістерді қолданады. Финляндияның «KiVa» бағдарламасы, АҚШ-тың заңнамалық шаралары, Жапония мен Швецияның алдын алу әдістері бұл проблеманы шешуде тиімді тәсілдер ретінде танылып отыр. Қазақстанда да буллингке қарсы күрес бойынша халықаралық озық тәжірибелерді енгізу маңызды. Оқушылардың қауіпсіз, жайлы ортада білім алуы болашақ ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі мен дамуына тікелей әсер етеді.
Айжан Орынбасарқызы,
журналист