Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жанар-жағармай қоры жеткілікті

Жанар-жағармай қоры жеткілікті
с Ю.Ким
Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек салаға қатысты бірқатар мекеме-кәсіпорындар ұжымымен кездесіп, тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Жергілікті жұртшылықпен Тараз қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өткен жүздесу  барысында Құдайберген Берікұлы отын-энергетикалық кешеннің қазіргі жағдайы мен елді мекендерді газдандыру жайын кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар электр және жылумен жабдықтауды іске асыру және халықты мұнай өнімдерімен, сұйытылған мұнай-газбен қамтамасыз ету ісіне қатысты жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да мәліметтермен бөлісті. 

Вице-министр Әулиеата өңірі жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көш басында тұрғанын атап өтті. 

– Осы облыста электр энергиясы­ның негізгі көзі – Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамы. Оның белгіленген электр қуаты 1 230 МВт-қа тең. Ал ондағы жабдықтың физикалық тозуы 81,4 пайызды құрайды.Өңірдегі негізгі жылу көзі – «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы. Ондағы белгіленген жылу қуаты 658 Гкал болса, жабдықтардың физикалық тозуы – 70,9 пайыз. Облыстағы өңірлік энергия беруші компания – «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның активтерінде 13,7 мың шақырым кабельдік және әуе электр беру желілері және шамамен 2,8 мың кіші станса бар. Ал ондағы желілердің тозуы 79,05 пайызды құрайды.Өңірде жалпы қуаты 560 МВт-тан тұратын 21 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі бар. Оның ішінде қуаты 270 МВт-тан асатын 6 күн электр стансасы, қуаты 275 МВт-ға тең 10 жел электр стансасы және қуаты 14 Мвт болатын 5 су электр стансасы жұмыс істейді. Облысты газдандыру деңгейі еліміз бойынша жоғары көрсеткішке ие және бұл 91,1 пайызды құрайды.  Соның арқасында облыста 1 миллион 113 мың адам табиғи газға қол жеткізді.

Осы жылы республикалық бюджеттен 11 жобаны іске асыруға 7,1 миллиард теңге қарастырылды. 2025 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру шеңберінде өңірде жүзеге асырылып жатқан 3 жобаны аяқтауға 10,7 миллиард теңге мөлшерінде қаражат қаралған, – деді вице-министр.

 

Жиын барысында жанар-жағармай мәселесіне тоқталған Құдайберген Берікұлы облыста 245 май құю стансасы жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. АИ-92 маркалы бензиннің 7 күнге шақталған 7,04 мың тонна қоры қалыпты. Аи-95-тің 8 күнге 1,95 мың тонна, дизель отынының 16 күнге 11,25 мың тонна қоры бар көрінеді. Облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 1 литр үшін 203 теңге болса, АИ-95 маркалы бензиннің 1 литр бағасы – 265 теңге. Ал дизель отынының 1 литрі 285 теңге тұрады. Вице-министр бүгінгі таңда облыс өңірлерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және шекті бағаларды сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда тұрғанын жеткізді.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі Ауылшаруашылығы министрлігімен бірге күзгі дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша мұнай өңдеу зауыттарымен әр облыста арнайы кесте бекітіпті. Қазіргі таңда республика көлемінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілер үшін қажеттілік 355,2 мың тонна болса, оның ішінде біздің облысқа тиесілі қажеттілік – 11,4 мың тонна.

– Өңірде 4 газ толтыру стансасы және 175 автомобильге газ құю бекеттері бар. Сұйытылған 1 литр мұнай газының шекті бөлшек бағасы 78-83 теңге тұрады. Әулиеата өңірінде сұйытылған мұнай газын тұтыну осы жылдың қаңтар-тамыз айларында 102 мың тоннаны құраса, өткен жылдың осы кезеңінде шамамен 88 мың тонна болды. Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның делдалдар арқылы көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау жөнінде шара қабылдап жатқанымызды атап өткім келеді. Бұл мәселе сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек бағасын белгілеу арқылы бөлшек сауда бағасының күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді. Барлық мәселені толық және уақытылы шешуге бар күшімізді саламыз.

Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Е-өтініш» электронды жүйесі құрылғанын да атап өткен жөн. Бұл жүйе – азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы. Осы жүйе арқылы кез келген уақытта сауал жолдауға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді вице-министр.

Бұдан кейін Құдайберген Арымбек негізгі мәселелер бойынша өтініштер мен ұсыныстарды тыңдап, өңір тұрғындарын толғандыратын сұрақтарға жауап берді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар