Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономикалық өсім – 104,1 пайыз

Экономикалық өсім – 104,1 пайыз
Ашық дереккөз
2024 жылдың қаңтар-тамызында облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайыз деңгейінде қалыптасып, негізгі капиталға 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сәйкесінше жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Жиында алдымен облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның баяндамасы тыңдалды. Облыс көлемінде есепті кезеңде инфляция деңгейі жыл басынан 104,5 пайызды құрап, орташа республикалық көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа төмен қалыптасқан. 

– Өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,7 миллиард, ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 204,1 миллиард теңгені құрады. Қазір ауылшаруашылығы саласында егін жинау науқаны жүруде. Жауапты кезеңге жалпы 10 мың техника тартылды. Сонымен қатар ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін 11,4 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылса, оның ішінде облысқа 6,4 мың тоннасы жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы үлестірілді. 20 қыркүйектегі соңғы есеп бойынша 352,9 мың гектардан 586,4 мың тонна дәнді дақыл орылып, өнімділігі 1 гектардан 16,6 центнерді құрады. Бұдан бөлек 60,4 мың тонна картоп, 269,8 мың тонна көкөніс, 132,6 мың тонна бақша дақылдары жиналды. Нәтижесінде өсімдікшаруашылығының өсімі 87,3 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 12,5 пайызға артық. Сол сияқты малшаруашылығының өсімі 116,5 миллиард теңгеге жетіп, 1,8 пайыз жоғары көрсеткішке қол жеткіздік.

Есепті кезеңде 153,2 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нақтылап өтсек, 392,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 52,3 пайызын құрайды. Алайда жоспар бойынша 750 мың шаршы метр тұрғын үй берілу керек болатын, – деген Сандуғаш Ермаханқызы соңғы тоғыз айда сауда айналымы 590,2 миллиард теңгеге жетіп, көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға артқанын жеткізді.Баяндама аяқталған соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 2024 жылға облыстың өсім деңгейі 106 пайыз болып белгіленгенін еске салып, жыл басынан бері жоспардың баяу орындалып жатқанын айтып, кейбір сала басшылары мен аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды. 

Жалпы әлеуметтік-экономикалық өсімде межеге қол жеткізу сауда, құрылыс, ауылшаруашылығы, инвестиция салаларындағы көрсеткіштерге байланысты екені белгілі. Осы тұста аймақ басшысы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа басқарма тарапынан белгіленген жоспар орындалмай отырғанын, өңірде жеке инвестиция тарту көрсеткіштері төмен екенін ашып айтты. Сондай-ақ басқарма басшысынан жылдың бітуіне екі-үш ай қалғанын еске сала отырып, саланың экономикалық көрсеткішінде қашан өсім болатынын сұрады. Аспандияр Мұраталыұлы өз сөзінде жағдайдың бақылауда екеніне, жыл соңына дейін белгіленген межеге қол жеткізілетініне сендірді.

Мұнан соң өңір басшысы облыс бойынша ақпарат және байланыс саласындағы кемшіліктерге тоқталып, облыс әкімдігі цифрлық тохнологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтен экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Руслан Москауұлының айтуынша, басқарманың өсімі есепті кезеңде 108,9 пайызды құраған. 

– «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының тарапынан 1,1 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Тараз қаласында жылдың аяғына дейін көпқабатты үйлерде 517 абономент және 350 көше интернетке қосылатын болады. Соның есебінен жылдық көрсеткішіміз 110,4 пайызға жетеді, – деді Р.Ноқрабеков.

Облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық өсімі төмен Жамбыл, Шу аудандары және Тараз қаласы әкімдерінен де жауап алды. Аудан әкімдері экономикалық өсімнің баяулауына бірқатар фактор әсер еткенін мәлім етті. Мәселен, Жамбыл ауданында көрсеткіштің төмендеуі «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның жұмысы уақытша тоқтап тұрғанымен байланысты болса, Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС-ның өніміне сұраныстың аздығы аймақтың экономикалық өсіміне ықпал еткен. Сол сияқты Шу ауданында да қаншама қаражатқа салынған ірі кәсіпорын «ХИМ-плюс» ЖШС жұмысын тоқтатқан. Осы орайда аймақ басшысы Шу өңірі инвестиция тартуға тапсырмас мекен екенін алға тартып, аудан әкіміне болашағы бар басқа жобаларды қолға алуды тапсырды. 

Ал Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзіне сүйенсек, облыс орталығында қазіргі сәтте 106 пайыздық өсімге қол жеткізе алмауға ауылшаруашылығы және қайта өңдеу саласындағы мәселелер әсер етуде. Нақтылап айтқанда, екі шаруа қожалық алма бақ өсіреміз деп алған жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, тұрғын үй құрылысын жүргізген. Сол секілді өңдеу өнеркәсібіндегі кемшілікке қант зауытының жұмысы уақытша тоқтап тұруы себеп екен. Осы тұста облыс әкімі Сандуғаш Ермаханқызына есепті дайындау кезінде осындай жағдайды назарға алуды ескертті.

– Даму көрсеткіші ақсап тұрған салаларға көңіл бөлу қажет. Өндіріс, өнеркәсіп орындарының басшыларымен кездесіп, мәселесін тыңдап, шешуге атсалысу қажет. Межеге қол жеткізудің барлық жолын қарастыру керек. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы даму көрсеткіші төмен басқармалармен жүйелі жұмыс жүргізуі маңызды. Жыл қорытындылауға санаулы айлар қалды, мәселені шешуге атсалысыңыздар, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Келесі кезекте облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек баяндама жасап, қаржының қалай игеріліп жатқанын тәптіштеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. 

2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде 167 ауылдық елді мекенде 48,6 миллиард теңгеге 755 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 35 спорттық-сауықтыру кешеніне,10 мектепке және 3 емханаға жапсарлас ғимарат, 15 денсаулық сақтау мекемесінің, 22 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, 2 әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғыртудан өткен. Сондай-ақ 1 электрмен жабдықтау, 2 көшені газға қосу, 4 ауылдың су құбырын жаңғырту, 21 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары іске асырылған.

– 40 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 33 мәдениет және спорт нысандары күрделі, сонымен қатар 782 шақырым жол, 32 көше жарығы және 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өтті. Осылайша ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып, өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктермен, қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 54,8 пайыздан 69 пайызға жеткізілді. 

Биыл жоба аясында 112 елді мекенде 237 жобаны іске асыруға 21,4 миллиард теңге қаралды. Бөлінген қаржы есебінен 51 нысан құрылысы, 6 күрделі жөндеу, 178 орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осы жылдың 8 айының қорытындысымен 128 жоба пайдалануға беріліп, бөлінген қаржының 11,7 миллиард теңгесі игерілді немесе жылдық жоспардың 55 пайызын құрады, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.

Сол секілді жоба шеңберінде 6,2 миллиард теңгеге ауылішілік көшелерді орташа жөндеу бойынша 178 жоба іске асырылуда. Бұл бағытта 8 айдың қорытындысымен 4,1 миллиард теңге игеріліп, 114 жоба пайдалануға берілген.

Баяндаманы мұқият тыңдаған аймақ басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалу деңгейінің төмендігін айтты. Сондай-ақ облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаевтан жоба аясында пайдалануға берілуі тиіс 6 мектептің жапсарлас құрылысының тоқтап тұру себебін сұрады. Сондай-ақ өткен жылы берілуге тиіс болған Қордай ауданы, Беріктас ауылындағы 10 келушіге арналған акушерлік пункттің құрылысы да әлі аяқталмағандығын еске салды. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аталған мектептердің жапсарлас құрылысы мен фельдшерлік пункттің құрылысына қатысты сот процесі жүріп жатыр екен. Аталған нысандардың жұмысы сот шешімі шыққаннан кейін ғана қайта жалғаспақ. 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар