Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» деген. Бұл аятқа амал еткен күллі мұсылмандардың қарашаңырағы саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал көрмесін жыл сайын әрбір өңірде ұйымдастыруда.
Халал индустриясын дамыту, адал тағамды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық көрмеге әлемдік және отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, өндіріс саласының үздіктері мен мемлекеттік ұйымдар, сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар көрме кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметтерін ұсынуға, тұтынушыларға түрлі халал өнімдермен танысуға, өндірушілерге өзара әріптестік келісім орнатуға, халал жөнінде жаңа мағлұмат алуға мүмкіндік берді.
– Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан айтулы іс-шаралардың бірі. Діни басқарманың ұйымдастыруымен халықаралық «HALAL EXPO» көрмесі төртінші рет өткізілуде. Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент шаһарларында ұйымдастырылды.
«HALAL EXPO – 2024» көрмесі белді кәсіпорындар мен беделді кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлері мен дін мамандарын, өндірушілер мен тұтынушыларды бір шаңырақ астында біріктіретін мәдени мерекенің шамшырағы іспеттес. Бұл түрлі ұлт пен ұлыстардың басын қосып, өндірушілер мен тұтынушылардың арасын жалғап, пікір мен тәжірибе алмасудағы таптырмас басқосу, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА