 
                                        Отырыс барысында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы, сондай-ақ балалар қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы сынды мәселелер жан-жақты қаралды.
Жиында алғашқы болып облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасап, өңірдегі білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы мен жетістіктеріне тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі 337 мемлекеттік, 284 жекеменшік, жалпы 621 мектепке дейінгі ұйымда 61 942 бала тәрбиеленуде.
– Биыл 1 032 орынға арналған 7 жекеменшік балабақша ашылып, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 98,8 пайызға жетті Мектепке дейінгі ұйымдарда 6 545 педагог қызмет атқарады, оның 3 888-і бейінді мамандық иелері. Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы 250 балабақшада 30 739 бала ваучерлік қаржыландырумен қамтылды. Қалған 9 аудандағы 234 мемлекеттік, 137 жекеменшік, барлығы 371 ұйым 31 203 бала үшін ваучерлік қаржыландыруды жергілікті органдар арқылы жүзеге асыруда. Ваучерлік жүйе Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №225 бұйрығымен бекітілген жаңа нормативтік акт негізінде жүргізілуде. Осыған сәйкес аудандық білім бөлімдеріне «Тапсырма шарты» беріліп, барлық балабақшалар «INDIGO24.kz» жүйесіне қосылуда. 2024-2025 оқу жылының бірінші тоқсанында облыстағы 447 мектепте 226 668 оқушы білім алуда. Ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіру үшін «Ауыл мектебі сапа алаңы» жобасы жалғасуда. Бұл ретте 29 тірек мектепке 145 шағын жинақты мектеп бекітіліп, онлайн сабақтар ұйымдастырылған. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 10 мектеп заманауи құралдармен жабдықталды. Биыл «Jelken foundation» қорымен бірлесіп «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» жобасы іске қосылады. Ол 80 ауыл мектебін қамтып, педагогтердің біліктілігін арттыру және зертханалық кабинеттер орнатуды көздейді. Сонымен қатар 182 мектепке 389,8 миллион теңгеге аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Конкурс нәтижесінде «Новые технологии-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 337,5 миллион теңгеге келісім жасалды. Сол секілді 5-11-сыныптардағы әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға 94 422 ваучер құрылған, оның 88 623-і белсендірілген. Қазір 107 мектеп бойынша 151 395 транзакция жасалды, 75 мектепте процесс жалғасуда, – деген Нұрбек Әбубекұлы білім саласында құқықбұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу өзекті болып отырғанын жеткізді.
Айтуынша, облыста 93 мобильдік және 48 жұмыс тобы 77 мыңнан астам оқушыны қамтыған профилактикалық шаралар жүргізуде. Сауалнама нәтижесінде 56 бейресми лидер анықталып, құқық қорғау органдарына жолданыпты. Сондай-ақ 3 475 бала «тәуекел» тобына алынған. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірімізде 1 786 бала сенімхатпен, 3 003 бала өгей ата-анамен тұрады екен. Одан бөлек 6 бала құжатсыз екені анықталған. Бұл деректер білім ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалын күшейтуді қажет ететінін көрсетеді.
Н.Оршыбековтың баяндамасынан кейін Серік Сәлемов бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Талас, Жуалы және Сарысу секілді кейбір аудандарда Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі төмен көрсеткіш көрсеткенін атап өтіп, басқарма басшысы мен аудандық білім бөлімдерінің басшыларынан бұл жағдайдың себептері туралы түсініктеме алды. Мамандар аудандарда көрсеткішті арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Серік Жақсылықұлы сондай-ақ облыс бойынша 62 мектепте директор жоқ екенін және 53 педагог жетіспейтінін айтты. Әсіресе ауылдық жерлерде мектеп басшыларының тапшылығы өткір сезілуде. Көптеген педагогтар директордың міндетін уақытша атқарғанымен, тұрақты түрде жауапкершілік алуға құлық танытпай отырса керек. Осыған байланысты С.Сәлемов аталған басқарма басшысына осы мәселені шешуді тапсырды.
– Кей мектептерде мұғалім тапшылығы бар екенін түсінуге болады, бірақ директорсыз қалған білім ордаларының мәселесін жедел шешу қажет, – деді С.Сәлемов.
Сонымен қатар Серік Жақсылықұлы биыл білім саласына қатысты 13 080 шағым түскенін жеткізді. Оның 30 пайызы Жуалы ауданына қатысты. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде, мерзімдік басылымдар мен білім бөлімдерінің сайттарында, желідегі жеке парақшаларға келіп түскен көп арыздар да жауапсыз қалғанын еске салып, көтерілген мәселелерді уақытылы заң аясында шешуді тапсырды.
Алқа отырысында келесі болып облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар мектеп инспекторларының қызметін жетілдіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Өз кезегінде баяндама жасаған өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов баяндамасында балалардың құқықтарын қорғау саласында жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстармен бөлісті. Сондай-ақ облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Назима Жұбандықова ата-аналар қауымдастығының жұмыс жоспары мен алдағы бастамаларын таныстырды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ






