Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘР АЗАМАТ ӘСКЕРИ МІНДЕТТЕН ЖАЛТАРМАУЫ КЕРЕК

ӘР АЗАМАТ ӘСКЕРИ МІНДЕТТЕН ЖАЛТАРМАУЫ КЕРЕК
ашық дереккөз
ӘР АЗАМАТ ӘСКЕРИ МІНДЕТТЕН ЖАЛТАРМАУЫ КЕРЕК
Бұрын ауылда біреу әскери борышын ата-анасы ол әскерге кетіп бара жатқанда арнайы ен салып, атаған малын соятын. Осыдан кейін ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырып, мәре-сәре болысатын. Құдайы тамақ таратылып, жастар жағы думанды кеш ұйымдастыратын. Әскерге барып келген азамат мерзімді әскери қызметті басынан бірге өткерген, темірдей тәртіптің, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрген қасындағы 3-4 досымен ағайын-туыс, жора-жолдасын аралап, ауылда бір аптадай аунап-қунап, содан кейін қасындағы әскерде бірге болған досының туған жеріне қонақ болуға аттанатын. Сол кездері сымдай тартылған сарбаздар көшеде қатар кетіп бара жатқанда біз секілді балалар соңдарынан қызыға қарайтын едік. Әскерден қыста, жазда қайтуына орай үстеріне киген шинель немесе мундир, китель, комуфляж секілді сәнделген маусымдық күртешелері өздеріне барынша жарасып тұратын. Әскери борышын өтеп келген азамат ағайының болса, кеудесіндегі танк бейнесіндегі және басқа да әскери значоктарға қарық болатынбыз. Ересектеулері малақай, күртешелерін бөлісетін. Азаматтық борышын жаңа өтеп келген жастардың әскерде бірге болған достарымен ауылға келуі, қатарластарына әскери өмір туралы айтқан әңгімелері оларды маңайлаған қарасирақтарды ертерек есеюге құлшындыратын. Осындайдан кейін қазіргідей тиісті мемлекеттік орган өкілдері тарапынан жастар арасында «Әскери борышын өтеу – әр азаматтың міндеті» деген секілді үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізбей-ақ сол заманның жастары «Азаматтық борышымды қайтсем де өтеймін» деп жұлқынып тұратын еді. Әскерге бармау ұят, тіпті өліммен пара-пар болып есептеліп, бозбала біткен мүмкіндігінше қатарластарынан қалмауға, азаматтық борышын өтеп қайтуға тырысатын. Бұл кешегі күннің әңгімесі. Ал қазір ше? Мемлекетіміз тәуелсіздік алып, өз алдымызға ел болғалы жастардың әскерге бару ниеті төмендегені рас. Тіпті қазір қоғамда «әскерге бару – уақыт жоғалту» деген ұғыммен өмір сүретін жастар бар екенін мойындауымыз керек. Тұрмыс тауқыметіне қарай біреу ата-анасына бауырына көмектескісі келер, тағы бірі басқа себептерге байланысты әскерге барғысы келмейтін болар. Бірақ осының барлығы мемлекет мүддесінен жоғары тұрмауы керек. Денсаулығы жарап тұрса да әскерге барғысы келмейтін жастарды тиісті тараптың көшеде дедектетіп қуып бара жатқан сәті таспаға басылып қалған бейнежазбаларды түрлі әлеуметтік желілерден көргенбіз. Бұл нені білдіреді? Жастардың әскерге барудан жалтаруына не мәселе түрткі? Біз осы жайын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, жасақтау басқармасының басшысы, полковник Хасен Қарабаевтан сұраған едік. Ол әскерге жарамды жастардың барлығы бірдей Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз емес екенін айтады. – «Бала 18 жасқа толды, бітті, әскер қатарына алынады» деген ұғым жоқ. 15-16 жасында мектепте оқып жүргенінде, яғни бастапқы әскери дайындық пәні арқылы әскери өмірден біршама хабардар болады, сол пәннің мұғалімі жергілікті жердегі аудандық немесе қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге апарып, ер балалар әскери есепке алынады. Медициналық және басқалай да тексеруден өтеді. Яғни 16 жастағы ер балаларды есепке алу жұмыстары жүргізіліп, содан кейін олардың жас ерекшеліктеріне қарай әскер қатарына алынатындар қатарына енеді. Әр шақырылушының денсаулығымен қоса оның моральдық-психологиялық жағдайына ерекше мән беріледі. Денсаулығында жеңіл-желпі кінәраты бар, бірақ әскерге жарамды дегендері бөлек іріктеледі. Мәселен, бір шақырылушының табаны «майтабан» болса, ол құрлық әскеріне алынбағанымен әуеден шабуылдау күштерінің қатарында қызмет етуге жарамды болуы мүмкін. Сол секілді денсаулығының мүмкіндігіне қарай қайсысы қай әскери құрылымға сай келетіні екшеледі. Әлдебір себеппен денсаулығына байланысты кейінге қалдырылса да жасы 27-ге жеткенше шақырту алып отырады. Мысалы, бір азаматтың бойына салмағы сай келмесе ол кейінге шегеріліп отырады. Осылайша азамат жасы 27-ге келгенде денсаулығы жарамды бірақ мерзімді әскери қызметте болмағанын білдіретін әскери билет алады, – дейді Хасен Жұмабайұлы. Оның айтуынша, қыздар шақырылушылар қатарына жатпайды. Десе де бұрымдылардың ішінде медициналық орта немесе жоғары білімі бар бойжеткендер есепке алынып, бейбітшілік жағдайда әскерге шақырту алмағанымен ел басына күн туған жағдайда ғана оларды мемлекет әскер қатарына алуға құқылы. Колледж, жоғары оқу орнына оқуға түскендер, төтенше жағдай саласындағы өрт сөндіруші, құтқарушы секілді басқа да маңызды салаларда оқып, еңбек етіп жатқандар әскерге шақыртылмайтын көрінеді. Осы жерде бір айта кетер жайт, мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды жергілікті жердегі әскери есепке алу маманы не учаскелік полиция инспекторы үйіне іздеп барғанда кейбірінің ата-анасы шақырту қағазына қол қоймай, «Балам үйде жоқ, оның орнына мен қол қоя алмаймын. Өзіне жолығыңдар» деген уәж айтады екен. Оның баласы үйінде тығылып отырса да учаскелік полиция инспекторының ол үйге тінту жүргізуге құқығы жоқ. Осыны білетін кейбір тепсе темір үзетін жігіттер әскерге бармау үшін уақыт оздырып, түлкі бұлаңға салатын сыңайлы. – Шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы жастар, оқу орындарынан шығарылғанда, жасы 27-ге толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермегендер (қолынд а шақыру мерз імі к ейін ге қалдырылды немесе әскерге шақырудан босатылды деген қағазы барлардан, ҰҚК, ІІМ қарасты салада еңбек ететіндерден, депутаттардан басқалары) әскер қатарына алынуы тиіс. Десе де әскерге барудан қасақана жалтаратындар жоқ дей алмаймыз. Олар да арнайы тізімге алынып, тізімі облыстық полиция департаментіне беріледі. Мәселен, әскерге барудан жалтарғандар күндіз ұстатпағанымен, олар көбіне түнгі сағат 22.00-ден кейін кәмелет жасына толмағандардың көшеде жүруіне, 21 жасқа дейінгілерге спиртті ішімдік сатуға болмайтынына қатысты жүргізілген рейд барысында анықталып жатады. Олар лезде жасақтау бөлімшесіне әкелініп, үш күн медициналық және басқа да тексеруден өтеді. Денсаулығы жарап тұрса әскер қатарына алынады. Сол секілді базарда не басқа жерде, тіпті басқа қалада жүрсе де оларды құзырлы орган бәрібір тауып алады, – дейді Х.Қарабаев. Елімізде бірінші қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Жыл аяғына дейін өңірден 1 269 азаматты әскер қатарына алу көзделсе, оның ішінде 230-ы шекара шебінде Отан қорғауы тиіс. Осы уақытқа дейін шекара қызметінде 115 жігіт азаматтық борышын өтеу үшін бес шақырылым бойынша аттанған. Әскер қатарына алынып жатқандардың 91 пайызы қазақтар болса, қалғаны өзге ұлт өкілдері. Біз бесінші шақырылым бойынша мерзімді әскери міндетін шекара қызметінде өтеуге аттанғалы тұрған 30 азаматтың ішінде бірді-екілі жастарды әңгімеге тартық. Соның ішінде Назар Дәрібай Мойынқұм ауданынының Биназар ауылынан келіпті. Ол «Отан қорғау – азаматтық парызым» дейді. – Жасым 19-да. 9-сыныптан кейін Алматы қаласындағы көпсалалы колледжге оқуға түстім. Колледжге қабылданғанда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге студент екенімді айғақтайтын анықтама өткізгенмін. Биыл мамыр айында оқуымды аяқтап, аталған қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, әскерге барғым келетінін айттым. Күзгі шақырылым бойынша медициналық тексеруден өттім. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері Алматы облысындағы «Шонжы» шекара бөлімшесіне баратынымызды айтып отыр. қаласындағы көпсалалы колледжге оқуға түстім. Колледжге қабылданғанда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге студент екенімді айғақтайтын анықтама өткізгенмін. Биыл мамыр айында оқуымды аяқтап, аталған қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, әскерге барғым келетінін айттым. Күзгі шақырылым бойынша медициналық тексеруден өттім. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері Алматы облысындағы «Шонжы» шекара бөлімшесіне баратынымызды айтып отыр. Жалпы, ауылдағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепті 30 шақты ер бала аяқтадық. Оның ішінде төртеуі Отан қорғап жүрсе, бес-алтауымыз енді барамыз. Оншақтысы білім-ғылым қуып жүр. Десе де ата-анасы әскерге жібергісі келмейтін сыныптастар бірен-саран болса да арамызда бар. Мәселен, біреу әскерге жалғыз ұлын жібергісі келмесе, тағы бірінің басқалай себебі болуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желіде тарайтын «әскерде бір сарбаз көз жұмды немесе жарақат алыпты» деген секілді жазбалар жастардың Отан қорғауға деген ниетін төмендететіні анық. Кейбір ата-ана әскерге осындай жағдайды естігеннен кейін жібергісі келмеуі мүмкін, – деді Назар Спартакұлы. Елімізде орын алып жатқан бір жаңалыққа тоқталсақ, енді Отан алдындағы борышын өтеп келгендер жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсе алады. Жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ақылы және тегін ала алады. Бұдан бөлек екінші деңгейлі банктерден несие алғандарға кредиттік демалыс берілуі қарастырылып жатқан көрінеді. Мүмкін Отан алдындағы борышын өтегісі келгендердің қатары осыдан кейін артатын шығар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар