Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Гепатиттен сақтанудың жолы – вакцина

Гепатиттен сақтанудың жолы – вакцина
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың қатысуымен брифинг өтті. Спикер «Вирусты гепатиттер» тақырыбында баяндама жасады.

Гепатит – бауырдың қабынуы. Оның A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі – Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиын.Сырқаттардың 90 пайызы өткір гепатитке шалдығады, мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі – сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмеген жағдайда жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

– А гепатитінің вирусы негізінен ластанған су, тамақ және лас қолдар арқылы таралады. Инфекция ауру адам жанасқан ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. А гепатитінің инкубациялық кезеңі 7 күннен 50 күнге дейін, көбінесе  15 күннен 30 күнге дейін созылады.Ал В және С гепатиттері парентеральді жолмен беріледі. Яғни науқастан сау адамға қанды немесе оның компоненттерін құйған кезде, жеткіліксіз зарарсыздандырылған медициналық құралдар арқылы беріледі. Вирустар денеге зақымдалған тері мен шырышты қабаттар арқылы татуировка жасағанда, басқалардың тіс щеткаларын және басқа да жеке гигиена заттарын қолданғанда, сондай-ақ жыныстық қатынас арқылы беріледі. Вертикальді жолмен де берілуі мүмкін – инфекция жұқтырған анадан балаға. Бұл гепатиттердің инкубациялық кезеңі 20 күннен 150 күнге дейін, көбінесе 15 күннен 30 күнге дейін созылады. Осы вирустық гепатиттердің екеуі вакцинамен басқарылады, яғни вакцина егу арқылы инфекциядан қорғауға болады.

Ұлттық егу күнтізбесі бойынша, А гепатитіне қарсы жоспарлы егу 2 жастағы балаларға екі рет жүргізіледі. В гепатитіне қарсы екпе туғаннан кейін бірден жасалады. Барлық жаңа туған нәрестелер перзентханада инфекцияға қарсы алғашқы екпелерін және одан әрі 2 дозасын 2 айда және 4 айда алуы керек. Бұл иммундау курсы ұзақ мерзімге тұрақты иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Неили Орынбасарқызы.


2024 жылдың 8 айында А гепатитінің 87 жағдайы тіркеліпті. Оның 64 пайызын осы инфекцияға қарсы екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар құрайды екен. Ал В гепатитінің 1 жағдайы және С гепатитінің үш жағдайы анықталыпты.

Вирустық гепатит бүкіл әлемде кең таралған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 500 миллионнан астам адам вирустық гепатитпен өмір сүреді және жыл сайын 1 миллионға жуық адам В гепатитінен немесе онымен байланысты асқынулардан қайтыс болады. Сондықтан екпе салдырып, аурудың алдын алған жөн.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар