Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәріханашы Дәнекеева

Дәріханашы Дәнекеева
Ашық Дереккөз
Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та өзіндік тарихи орындары баршылық. Сондай орындардан Жамбыл жері де кенде емес. Солардың бірі – көне Тараздың тарихынан сыр шертіп тұрған дәріхана ғимараты. Шаһарымыздағы Пушкин көшесінің бойында орналасқан бұл ғимараттың іргетасы қаланғанына биыл 114 жыл. Яғни 1910 жылы салынған. Түрлі ою-өрнек қолданылып, қызыл кірпіштен тұрғызылған бір қабатты ғимарат жеті бөлме мен үлкен залдан тұрады. Мұнда 1920 жылы Әулиеата уезінің бірінші съезі өтіпті. Бүгінде мемлекет қорғауында тұрған ғимарат ХІХ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің үздік туындыларының біріне жатады.

Алғашында бұл ғимарат сауда ұйымы ретінде салынған екен. Кейін Тараз шаһарындағы №1 орталықтандырылған тәулік бойы жұмыс істейтін кезекші дәріхана болып жұмысын жалғастырыпты. Міне, содан бері осы дәріхана жұмысын бір сәт тоқтатқан емес. Облысымыздың бұрынғы тұрғындары бұл дәріхананы «Аптекалардың атасы» деп атап кетіпті. Расында да солай.Алдымен сол кездегі дәріхананың алғашқы қарлығаштары, сондай-ақ ұзақ жыл елеулі еңбек етіп, Тараздың тарихи кітабына есімдері жазылып қалған қызметкерлерін құрметпен атап өткеніміз жөн болар.Олар: 40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан Екатерина Пискарева бастаған Любовь Павлова, Қанымкүл Сейдуалиева, Анар Жиеналина, Света Алиуллаева, Тамара Семенхова, Шарипа Аманбекова, Татьяна Омелаева және Айсұлу Дәнекеева.Өкінішке қарай, бұл кісілердің көбі өмірден озыпты. Кейбіреуі құрметті демалысқа шыққан соң өздерінің тарихи отандарына көшіп кетіпті.Міне, сол кездегі облыс жұрты мен медицина саласы қызметкерлерінің арасында аты аңызға айналған ардақты да ардагер жандардың бірі – екі ғасырдың куәгері, көне қаламыздың құрметті тұрғыны әрі сол кезеңдегі алғашқы ұжымның соңғы мүшесі Айсұлу Дәнекеева.Айсұлу Бірімқұлқызы 1947 жылы 29 маусымда Меркі ауданының Ақтоған ауылында дүниеге келгенімен мектепті Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында оқыған. Мектепті 1965 жылы алтын медальмен бітірген А.Бірімқұлқызы сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына провизор мамандығы бойынша фармацевтика факультетіне оқуға түседі.Өзі қалаған оқу орнын 1970 жылы үздік тәмамдаған соң арнайы жолдамамен келіп, 26 наурызда жоғарыда аталған дәріханаға жұмысқа орналасады. Көз сүйсіндірер көрікті келбеті мен көркем мінезіне және жұмысқа деген талпынысына іштей риза болған басшылар мен әріптестері жас маман А.Дәнекееваға қолдау көрсетіп, қанаттандыра түседі.Алғашқыда ассистент, химик-аналитик, сосын рецептор-контролер болып дәрежесі көтеріле береді. Ал үш жылдан кейін дайын дәрілік заттар бөліміне ауыстырылады. Ол жерде жан-жақты шыңдала түсіп, тиянақтылық пен жауапкершілік танытқан Айсұлу ару тағы да көзге түсіп, бірнеше рет түрлі марапаттарға ие болады. Осындай мақтау мен марапаттаудан кейін ауыл дейтін имандылық пен мейірімнің мекенінен шыққан инабатты да тәрбиелі, ұяң қыздың көңілі көкке жетіп, абыройы да асқақтай берді. 

Осыдан кейін А.Бірімқұлқызы араға үш жыл салып бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Тағдыр жолында табаны таймау үшін аяғын нық басып, ертеңіне сеніммен қарай бастаған ойлы да бойлы қыз осылайша еңбек жолында тағы бір сатыға көтерілді. Ол ол ма, жұмыстан қалмақ түгіл, кешігуді білмеген және сөгіс алып көрмеген Айсұлу ханым көп ұзамай партия қатарына қабылданады. Атына заты, ажарына ақылы сай, екі тілді жетік білетін Айсұлу Бірімқұлқызы көп ұзамай облыстық дәріханалар басқармасы бойынша комсомол хатшысы болып сайланады. Осылайша өңіріміздегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастайды.Бірте-бірте беделі мен дәрежесі биіктей берген Дәнекееваға өзінен бұрын еңбек етіп келе жатқан үлкен әріптестері қызыға қарап қана қоймай, әрбір жетістігіне бірге қуанып, жылы лебіздерін білдірсе, кейін келген кіші әріптестері Айсұлу апайларын ерекше үлгі тұта бастады. Өзінің екінші үйіндей болған бұл дәріхана Айсұлу апамыздың жұмыс орнына ғана емес, ырыс орнына да айналыпты. Өйткені осы бір мерейлі мекеме апамыздың еңбек жолымен қоса өмір жолына да тығыз байланысты екен. Олай дейтініміз, білімді әрі білікті маман Айсұлу Дәнекеева өмірлік жолдасы белгілі боксшы, тәжірибелі бапкер, республикалық дәрежедегі төреші және бірнеше мектепте дене тәрбиесінің ұлағатты ұстазы болған, «Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісінің иегері Амангелді Мақашев ағамызбен осы дәріханада танысып, отбасын құрыпты. Содан кейін бұл кісілер үш қыз, екі ұл сүйіп, оларға саналы тәрбие беріп, асқар таудай әке мен ақ жаулықты ана атанды. Тек жақсы жақтарымен ел-жұртқа танымал, ардақты жандардың біріне айналды.

Енді сол ұл-қыздарына да тоқтала кетер болсақ, елуді еңсерген үлкен қыздары Алтынай Амангелдіқызы алдымен Таразда, одан кейін Алматыда әскери округте кадр бөлімінің басшысы болып еңбек еткен. Майор шенімен зейнетке шықса да қазір өзінің жеке кәсібінен нәсібін тауып, отбасының тірегі мен жүрегі болып жүрген аяулы ана. Екінші қыздары Жарқынайдың мамандығы – суретші. Бірнеше мекемеде суретші болып жұмыс істеді. Заман талабына сай қосымша оқып алған мамандығы бойынша қазіргі уақытта Астана қаласында үлкен бір сән салонында жұмыс істейді. Және екі қыз тәрбиелеуде. Үшінші, яғни қыздардың кенжесі Толғанай Алматыдағы Ресейлік құрылыс компаниясында бас есепші. Одан кейінгі ұлы Маханбет бағдарламашы, екі баланың әкесі.Ал Исатай болса, Қазақстан Республикасы Әуе шабуылдарына қарсы күштерінің радиотехник-инженері. Шені – майор.Бір өкініштісі әрі Мақашевтар әулетінің жандарына батқаны – Амангелді ағаның өмірден мезгілсіз өткені және көзі тірісінде немерелерін көрмегендігі. Жуырда, дәлірек айтсақ, 10 тамызда Амангелді Мақашевтың бақилық болғанына 20 жыл және туғанына 85 жыл толуына орай облыс орталығындағы «Ақ сарай» мейрамханасында үлкен ас берілді.

«Орнында бар оңалар» демекші, содан бері отбасындағы ауыртпашылықты мойымай көтере білген Айсұлу Бірімқұлқызы балаларын қатарларынан қалдырмай, аналық мейірімін төгіп, биікке жетелеумен келеді. Бүгінде 78 жасқа қадам басқан Айсұлу апамыз ұл-қыздарынан бес немере көріп, соларға бас-көз болып отыр.

– Өзім ұзақ жыл елеулі еңбек еткен, қаламыздың тарихынан сыр шертетін, мен үшін ғибратты ғимаратқа айналған әрі жастығымның куәсі осы дәріхананың қасынан өткен кезде жұмыс барысындағы қиын да қызықты сәттерді, балаларымның әкесі, немерелерімнің атасы, жұбайым Амангелдімен танысып, сырласып жүрген кездерімізді және менімен бірге еңбек еткен үлкенді-кішілі әріптестерімді, өмірімдегі осы дәріханамен байланысты өзге де оқиғаларды, барлығын сағынышпен еске аламын, – дейді Айсұлу апай.

Айсұлу апаның еңбек кітапшасы бойынша есептеп отырсам, ол кісі жоғарыда аталған көне дәріханада тапжылмай 26 жыл, сосын арнайы шақырумен басқа дәріханаларда меңгеруші болып тоғыз жыл, екеуін қосқанда 35 жыл еңбек етіпті. Жауапкершілігі мен жұмысы мол, сауаттылық пен ұқыптылықты, мәдениеттілікті талап ететін дәріханада осынша уақыт жалықпай, шаршамай еңбек еткен адамдар өзге өңірлерді қайдам, біздің облыста екінші адам десем жаңылмаспын. Ал бірінші адам, жоғарыда айтып өткеніміздей, сол дәріханада 40 жыл еңбек етіп, 90 жасында дүниеден озған Е. М.Пискарева.А.Бірімқұлқызының төккен тері мен сіңірген еңбектері адал бағаланды. Атап айтсақ, медицина, соның ішінде дәріхана саласының үздігі атанып, арнайы медальмен және көптеген дипломмен, алғыс хаттармен, мақтау қағаздармен марапатталды.Айсұлу апа зейнетке шыққаннан кейін де дәріхана қызметкерлеріне тәуелсіз кеңесші болып бірнеше жыл еңбек етіп, жас мамандарға бар білгенін үйретті. Айсұлу апамыздың отбасындағы әке мен шешенің міндетін бірдей атқарып, ағайын-туыстары мен құрбы-құрдастарына, екі жұртына да бірдей сыйлы, жанашыр болып, жасаған қамқорлығының өзі бір төбе.

Көпті көріп, көп оқыған апамыз әрдайым ынтымақтың ұйытқысы болып, адамгершілік пен шынайы сыйластықтың үлгісін көрсетіп жүр, игілікті істердің басы-қасынан табылады.Көп оқыған демекші, жастайынан газет-журнал мен кітап оқуға құмар болған Айсұлу апамыз сол үрдісті әлі де үзбей келеді. Қазіргі қарттық жасы мен көру қабілетінің нашарлағанына қарамай мерзімді басылымдарға жазылып тұрады. Және кітапқа деген сүйіспеншілігі соншалық, қаламыздағы бірнеше кітапхананың тұрақты оқырманы.Таба білсек және тани білсек, 2020 жылдан астам тарихы бар ежелгі, шежірелі шаһарымызда керекті әрі деректі, қызықты оқиғалар мен екі ғасырдың куәсі болып, ғибратты ғұмыр кешкен жарқын жандар баршылық. Сондай еңбегі ерен, орны ерекше, облысымыздың құрметті тұрғындарының бірі – бүгінгі мақаламыздың келісті кейіпкері Айсұлу Бірімқұлқызы десек, асыра айтқандық болмас.Құрметті демекші, жандары нәзік болса да үйде және түзде еліміз бен жеріміз үшін қалтқысыз еңбек еткен аяулы аналарымыз бен ақ жаулықты апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.Сөз соңында айтар өтінішіміз әрі ұсынысымыз – Айсұлу апамызға Жамбыл облысының немесе «Тараз қаласының Құрметті азаматы» деген атақ берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Себебі бұл біздің ғана емес, көпшіліктің де ұсынысы.Өзге мемлекеттерді анық білмеймін, бірақ нақты деректерге сүйенсек, біздің елде дәріхана қызметкерлеріне әлі мұндай атақ берілмепті. Осы игі істі біз, яғни жамбылдықтар бірінші болып қолға алсақ, өңіріміздің тарихы үшін тағы бір ерекше оқиға болар еді.Егер осы ұсынысымызды жоғарыда отырған азаматтар қолға алып, оң шешім шығарып жатса, онда Айсұлу апамыздың мұндай атақ-дәрежесі кейінгі дәріхана қызметкерлеріне үлгі-өнеге әрі мақтаныш болар еді. Және бұл игілікті іс бүкіл дәріхана қызметкерлеріне де көрсетілген құрмет деп қабылдар едік.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист

(Суретте: А.Дәнекееваның жұмыстағы алғашқы
 жылдары және 
зейнеттегі шағы)

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар