Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқушылардың денсаулығын қалай нығайтамыз?

Оқушылардың денсаулығын қалай нығайтамыз?
Ашық Дереккөз
Әне-міне дегенше жайдарлы, шуақты жаз айлары сырғып өте шығып, жазғы демалыс аяқталып, мектептерде жаңа оқу жылы басталып кетті. Еліміз бойынша 4 миллионға жуық оқушы алтын ұя мектептерімен қайта қауышты. 2024-2025 оқу жылында 351 176 бала 1-сыныпқа қабылданды. Әрине, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің жаңа ортаға, жаңа күн тәртібіне, жаңа талаптарға бірден қысқа мерзімде үйреніп кетуі оңай емес. Сондықтан ата-аналар балаларының жаңа тәртіпке бейімделіп, сабаққа зейінін аударуына көмектесуі керек.

Аз қимылдау, гаджеттерді тым көп пайдалану сияқты заманауи сын-қатерлер балалардың денсаулығына теріс әсер етіп, көру қабілетін нашарлатады. Сонымен қатар бойын тік ұстамау, зейін қоймау секілді мәселелерді туындатады. Әрі көптеген оқушылардың бойында созылмалы аурулар пайда болады. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы оқу жылында балалардың денсаулығын сақтап, нығайту үшін келесідей шараларды ұсынады.Күн тәртібін дұрыс құрыңыз. Төменгі сыныптар үшін үй тапсырмасын 1,5-2 сағаттан аспайтын уақыт ішінде, ал жоғары сыныптар үшін 3-4 сағатта әрбір 40 минут сайын үзіліс жасай отырып орындату керек. Бұл тәртіп барлық мектептерде енгізілген.Ұйқысының қанық болуы да өте маңызды. 7-10 жастағы балалар үшін 10-11 сағат, 11-14 жастағы балаларға 9-10 сағат, 15-17 жастағы жасөспірімдерге 8-9 сағат ұйқы керек. Тамақ рационынан зиянды тағамдарды алып тастап, дәрумендер қабылдауын қадағалаңыз. Оқушылар жиі-жиі, яғни күніне 4 рет тамақтануы керек, ал бірінші сынып оқушылары мен спортшылар 5 рет тамақтанғаны жөн.

Семіздік қаупін арттырып, басқа да ауруларға бастайтын газдалған сусындар, фаст-фуд, снэктерді жеуін шектеген дұрыс.Баланың сабақ оқитын орнын дұрыс қойып беріңіз. Сабақ оқитын орнына электр жарығынан бөлек сырттан да жарық жақсы түсіп тұруы тиіс. Жиһаз да баланың бойына сәйкес келіп, биіктігі жағынан реттелетін болуы қажет. Дұрыс отыруына қолайлы орын жасау балаңыздың бойын тік ұстамау мәселесін туындатпауға ықпал етеді. Үстел басында қисайып отыру баланың әлі толық қатпаған сүйектеріне елеулі әсер етеді. Омыртқаның (сколиоз, кифоз, лордоз), қабырғалардың қисаюы сол талаптардың сақталмауынан болады.Мектеп киімі денсаулыққа қауіпсіз, қолайлы, табиғи матадан тігілуі керек. Аяқкиімін табанын қыспайтындай, кигенде қанайналым дұрыс болатындай етіп таңдаған жөн. Балаларды өз киіміне ұқыпты қарауға, жастайынан тазалыққа үйреткен жөн.

Сонымен қатар мектепке ұстайтын сөмкесінде салмақ біркелкі бөлініп, оның сыртында жарық шағылыстыратын элементтер болуы керек. Рюкзактың салмағы төменгі сыныптар үшін 700 грамнан, ал жоғары сыныптар үшін 1000 грамнан аспауы қажет.Гаджет ұстауды шектеу. Гаджеттердің көздің көруі мен зейін қоюына теріс ықпал ететінін ескере келе, смартфондар мен басқа да құрылғыларды қолдану уақытын қысқартуға кеңес беріледі. Санитарлық ережелерде компьютерлік сабақтардың үздіксіз ұзақтығы регламенттелген. Бір сабақ кезінде (45 минут) тікелей персоналды компьютермен, планшет және ноутбукпен жұмыс істеу уақыты былай көрсетілген: мектепалды, мектепке дейінгі топтарға (сыныптарға) және 1-сыныптарға 15 минуттан көп емес; 2-3-сыныптар үшін 20 минуттан аспайтын; 4-8-сыныптарға 25 минуттан көп емес; 9-11 (12)-сыныптар үшін 30 минуттан асырмайтын уақыт қана беріледі. 

Интернет арқылы түрлі қызықты ойындар ойнау, бар уақытын сонымен өткізу баланың денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Тіпті болашақ өміріне кесірін тигізетінін білгеніміз жөн. Сондықтан мезгіл-мезгіл балаңыздың бос уақытында немен айналысып жүргеніне көңіл бөліңіз.Гигиена және аурулардан қорғау. Жеке гигиена мен қоршаған орта тазалығын сақтау аурулардың алдын алу үшін қажет. Балалардың қалтасына антисептиктер салып қойыңыз. Онымен бала тек қолын ғана емес, қолымен көп ұстайтын смартфон, сөмкесінің тұтқасын және тағы да басқа заттарды залалсыздандырып отырады. Жастайынан балаларды тазалыққа, гигиеналық талаптарды орындауына мән берген жөн. Қолды жиі жуу, әсіресе тұмауға қарсы вакцина алу баланы суық тию маусымында қорғауға көмектеседі. Мүмкіндігінше спорт секцияларына барғаны артық емес.Спорт денсаулығын арттырып, иммунитетін көтеріп, әртүрлі кездейсоқ аурулардан сақтандырады.Балаларға дұрыс тәрбие беруді оларға дұрыс көңіл бөлу деп қарауға болады. Тәрбие берудің 90 пайызы өте ерте жаста қалыптасады.

Гигиеналық білім мен гигиеналық дағдылар баланың денсаулығын нығайтуға ғана емес, сонымен бірге баланы әдептілікке, саналылыққа баулиды. Баланы жеке бас гигиенасының талаптарын сақтауға баулу олардың саналы түрде қоғамға қажетті негізгі ережелерді сақтап жүруін қалыптастырады. Балаға гигиеналық тәрбие берудің негізі балабақшада басталады, одан ары қарай мектепте тереңірек беріледі.Көптеген зерттеуші салауатты өмір сүру, рационалды тамақтану, күн тәртібін және жеке бас гигиенасын сақтау және зиянды әдеттерден бас тарту өмір сүру ұзақтығын 7-10 жылға ұзартады деп санайды.Әрине, бұл айтылған ұсыныстарды орындау көп қиындықтар туғызбайды. Тек ата-ана оған орынды көңіл бөліп, зерделеп, балаларына бір мезгіл көңіл бөліп, оның күн тәртібін реттеп, оларды қалай орындап жүргенін қадағалауды қажет етеді.Осы кеңестерді сақтау бүкіл оқу жылында баланың дені сау болуын қамтамасыз етіп, жақсы жетілуіне көп әсер етеді. 

«Ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын ізде» деп ата-бабаларымыз тауып айтқан. Олай болса, балаңыздың нағыз азамат болып өсіп-жетілуіне осы бастан көңіл бөліңіз!

Толқын АЙМАХАНОВА, 
«Тараз-Болашақ» 
жоғары медициналық 
колледжінің оқытушысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар