Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Малшаруашылығына геномдық технология қажет

Малшаруашылығына геномдық технология қажет
Ашық Дереккөз
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі малшаруашылығымен сабақтасып жатыр. Шаруашылықтың бұл түрі бойынша бәсекеге қабілетті елдердің қатарында болу экономикалық тұрғыдан өте маңызды. Кейінгі жылдары озық технологиялар жетістіктері мал селекциясында айтарлықтай революция жасады. Солардың бірегейі – геномдық технология. Әлемдік тәжірибеде геномдық технология – мал тұқымын асылдандыруда қолданылатын заманауи озық әдіс.

Геномдық технология шаруашылыққа пайдалы белгілері жақсы дамыған малды ерте жастан, яғни төлдеген кезден бастап іріктеп алуға мүмкіндік береді. Осы бағытта тұқымдық құндылығы жоғары малды генетикалық әдіспен іріктеу «геномдық селекция» деген ұғымды қалыптастырды. Осы әдіс отандық мал асылдандыру жұмыстарының селекциялық тәжірибесінде іс жүзінде қолданыс тапты ма деген сауал туындайды.

Ауылшаруашылығы ғылымы саласындағы «Қазақ малшаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» заманға сай геномдық зерттеу бойынша халықаралық деңгейде ізденіс жүргізіп жатыр. Кейінгі үш жылда институттың «молекулярлық генетикалық ізденістер» зертханасында 6 000 бастан астам отандық қойдың түрлі тұқымы, 900 бастан астам елде өсіріліп жатқан ірі қара мал, 3 000 бастан аса отандық жылқы, 900 бас түйе қамтылған толық геномдық SNP-генотиптеу жұмыстары атқарылды.

Әлемдік тәжірибеде геномдық технология негізінен 3 бағытта өрбиді. Шаруашылық тарапынан сұранысқа ие, сондай-ақ күнделікті тәжірибеде кеңінен қолданылатын бағыты, ол – малдың генетикалық сипатын анықтайтын, яғни шығу тегін растайтын қарапайым тәсіл – STR-әдісі. Екіншісі – малдың шаруашылыққа пайдалы белгілерімен тығыз байланысты анықтайтын геном локустарын зерттейтін SNP-генотиптеу әдісі. Үшіншісі – моногенді рецессивті аурулар және төлдің өлі тууына әкелетін гаплотиптерді тасымалдаушы генотиптерді анықтайтын әдістер.

Геномдық ізденістер бойынша ең толық зерттелгені және кең қолданыс тапқан саласы – ірі қара малшаруашылығы, әсіресе оның ішінде сүтті сиыр малы. Ең аз зерттелгені – түйе шаруашылығы. Сұраныс аз болғандықтан өнімді бағыттағы жылқы мен қой тұқымы да геномдық тұрғыдан толық қамтылмаған. Осы орайда малдың, оның ішінде жылқы, қой және түйе тұқымының генетикасын зерттеу институт үшін өзекті мәселе.

Елімізде алғаш рет малдың жаңа тұқымы – «Адай» жылқысын апробациядан өткізу барысында геномдық технология негізінде 1 500 бас жылқының тектік сипаты жасалды. Халықаралық жануарлар генетикасы қоғамы «ISAG» ұсынған 17 STR-маркерлері негізінде генотиптеу жүргізіліп, бұл зерттеулер «Адай» жылқысының генетикалық құрылымын сипаттауға және аталық іздердің шығу тегі бойынша шежіресін құруға, әр жылқының генетикалық төлқұжатын дайындауға мүмкіндік берді. Халықтық селекция нәтижесінде қалыптасқан «Адай» жылқысының генетикалық тұрғыдан «тұқым» ретінде ерекшелігі ғылыми танылып, жаңа тұқымға патент алынды.

Геномдық ізденістің жетістігі ретінде отандық 60 бас жылқыға алғаш рет жасалған толық геномдық секвенсті атасақ болады. Ғылыми тұрғыдан толық геномдық секвенс отандық мал тұқымы үшін шаруашылыққа пайдалы белгілер, әсіресе өнім беру қабілеті және қоршаған ортаға төзімділігі сияқты қасиеттерге жауапты кандидат-гендерді тауып, отандық селекция бойынша арнайы генетикалық маркерлер жиынтығын қалыптастыруға бағытталған.Әрине, геномдық деңгейде зерттеу жүргізу және оны қолданысқа енгізу тек ғалымға ғана байланысты емес, мемлекеттен де үлкен қолдау қажет. Өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан мемлекет тарапынан қолдау тек жобалық және мақсаттық қаржыландыру конкурсы негізінде жасалып отыр. Ғылыми ізденістерді қаржыландырудағы осы саясаттың кемшілігі де жеткілікті.

Сонымен, геномдық селекция не береді деген сауал туындайды. Әлемде 25-тен аса мемлекет геномдық селекция бағдарламасын өздерінің ауылшаруашылығы салаларында қарқынды қолданады. Нидерланд, Бельгия, Испания, Франция, Германия, Финляндия, Швеция, Дания және Польша мемлекеттері бірге «EuroGenоmics» атты консорциум құрып, голштин ірі қара тұқымының референтті популяциясын жасақтады. Нәтижесінде сүт өнімділігі бойынша сиырдың тұқымдық құндылығын бағалау шынайылығы 90 пайыздан асты. АҚШ және Канада секілді елдерде геномдық селекция арқылы ірі қара малдың тұқымдық құндылығын бағалау 2009 жылдан бастап жүйелі түрде жолға қойылған. Қазір әлемде сүтті ірі қара саласында селекциялық жұмыстарға тек геномдық болжамы бар аталық бұқалар ғана тартылады.

Осы үрдіс етті бағыттағы ірі қара малы мен малшаруашылығының басқа да салаларына кеңінен дендеп еніп келеді.Биылдан бастап институт ғалымдары геномдық селекцияның үшінші бағыты – малды төлінен өсіру проблемасы, яғни моногенді рецессивті аурулар мен төлдің өлі тууына жауапты гаплотиптерді анықтайтын әдістер бойынша ғылыми ізденістерге басымдық берді. Ел аумағындағы бруцеллез ауруын ескере отырып, биыл «Brucella» изоляттарының вируленттілік факторларын толық геномдық секвенс жасау әдісімен анықтау жұмыстары бойынша зерттеу басталды. Бұл зерттеу гранттық жоба аясында жүзеге асып жатыр.Жалпы малшаруашылығын қарқынды дамытудың ең маңызды түйіні – малды өз төлінен көбейту. Осы бағытта атқарылған іске қарағанда атқарылатын ғылыми зерттеу мен өндіріске енгізілетін әзірлеме шаш етектен.

Малдың жақсы қасиеттері нәсілінен, яғни тұқымынан десек, оның тектік әлеуеті немесе асылтұқымдық құндылығы аталық малдан бастау алады.Еліміздің сиыр шаруашылығында, әсіресе сүтті бағытта және қой саласында шетелде өсірілген аталық малдардың тектілік әлеуетін пайдалану кең етек жайды. Әлбетте, қолдан ұрықтандыру үрдісінде тек шетелден әкелінген аталық малдардың шәуетін қолдану үйреншікті әдетке айналды. Шаруашылық тұрғысынан бұл қаншалықты тиімді, оны ешкім екшеп жатқан жоқ. Отандық ғалымдардың осыдан он жыл бұрынғы жанайқайы ескерусіз қалды. Шетелден әкелінген мал мен ұрықтың генетикалық тұрғыдан сапасын тексеру сол күйінше орындалмады.

Елімізде сырттан келетін генетикалық материалдарға тектік сараптаманы толық жүргізуге пәрмен берілмеді. Мұның зардабы зор, себебі сүтті сиыр саласында голштин тұқымы бойынша 79-дан астам тектік деңгейде тұқым қуалайтын ауру анықталған, оның ішінде 48-і Ресейде тіркелген. Осындай жағдай етті бағыттағы сиыр саласында да қалыптасқан. Отандық ғалымдардың осы бағыттағы бастамалары мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселесі шешілсе, мал асылдандыру жұмысының жандануына жол ашылар еді. Өйткені қолдағы малды асылдандыруда тектік деңгейде тұқым қуалайтын аурулар мен ауытқулар және летальді (өлімге әкелетін) гендердің таралуына заң жүзінде тосқауыл қойылса, малды өз төлінен өсіру үрдісі жанданып, малшаруашылығындағы биологиялық қауіпсіздік мәселесі шешімін табады.

Айбын ТӨРЕХАНОВ,
«Қазақ малшаруашылығы 
және жемшөп өндірісі 
ғылыми-зерттеу институты» 
басқарма төрағасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар