
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МЕЖЕСІ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛУДА
Шу ауданы әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің айтуынша, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан осы жылға 5 миллиард 251 миллион теңгеге инвестиция тарту межесі бекітіліп беріліпті. Жылдың жеті айында 1,122 миллиард теңге инвестиция тартылса, жоспар жыл қорытындысымен толық орындалмақ. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынатын 200 000 миллион теңгеге инвестиция жоспары осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған екен. Бүгінгі күнге тамақ өнімдері өндірісіне 891,680 миллион теңгеге инвестиция енгізіліп, жоспар артығымен орындалыпты.
Жалпы Шу ауданы – ауылшаруашылық саласы өркен жайып келе жатқан өңірдің бірі. Мұнда мал өсіріп, егін егу жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бүгінде мал саны да, алынатын өнім түрі де тұрақты өсім көрсетуде. Нәтижеге қол жеткізуде ауданда шаруаларды әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру, олардың ауылшаруашылық саласын дамытуға үлес қосуына барынша қолайлы жағдай жасау арқау болып отыр. Ауылшаруашылық өнімін өндіру ісінде жағдай қалыпты деңгейде. Мысалы, былтырғы және биылғы күз мезгіліне дейін де ауданда 6 957,5 тоннадан астам мал және құс еті тірідей салмақта сатылыпты. Ал өткен жылы 3 677,3 тонна, биыл 3 564,2 тонна мал және құс еті сойылып сатылған екен. 2024 жылы 20 970,4 тонна, 2025 жылы 21 384,4 тонна сүт сауылыпты. Былтыр 4 778,4 миллион, биыл 4,696 миллион дана жұмыртқа өндірілген.
– Асыл тұқымды малшаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес аудандағы шаруа қожалықтар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды лайықты пайдалануда. Мәселен, ірі қара малы бар қожалықтарға мал күйекке түскен науқан аралығында әр сиырға 10 мың теңгеден беріледі. Егер олар асыл тұқымды болса, қолдау көлемі 15 мың теңгеге дейін барады. Ал ет пен сүт бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алғандар үшін мемлекет әр бұқаға 150 мың теңгеге дейін қаржы төлейді. Қой өсіретін шаруалар да қолдауға ие болып отыр. Әр саулыққа 2,5 мың теңге, ал асыл тұқымдысына 4 мың теңге бөлінеді. Бұған қоса отандық асыл тұқымды саулық немесе қошқар сатып алған жағдайда 15 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Бүгінде жалпы Шудағы 427 шаруа қожалық осы мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отырған жайы бар. 2025 жылдың жеті айының қорытындысын сөз етсек, аудан бойынша сүт өндіруде 102 пайыз өсім бар. Негізінде есепті мерзімге дейін 21 мың 300 тонна сүт сауылған болатын. Өткен жылы осы мерзімде 20 мың 900 тонна сүт алынған еді. Ет өндіру ісі қалыпты жағдайда. Тірідей салмақта 6 мың 900 тонна ет алынса, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен бірдей болып отыр, яғни көрсеткіш 100 пайызды құрады. Жұмыртқа өндіру ісінде аздаған төмендеу байқалды. Мысалы, биыл 4 миллион 696 мың дана жұмыртқа жиналса, өткен жылы 4 миллион 788 мыңға жуық жұмыртқа өндірілді. Соның нәтижесінде биылғы көрсеткішті орындалу деңгейі 98,1 пайыз болып отыр. Малдың санына тоқталсақ, ірі қара өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайды. Биыл 41 мың 800 мүйізді ірі қара бар болса, өткен жылы 56 мың 900 болған еді. Бұл 73,4 пайызға тең. Жылқы саны да аздап кеміді, яғни биыл 15 мың 800 болып қалыптасса, өткен жылы 16 мың 900 болған еді. Түйе керісінше көбейді, қазір 111 бас бар. Былтыр 81 бас қана еді, өсім 137 пайызды құрады. 413 876 қой мен 5 495 ешкі бар. Үй құстары биыл 55 мың 200 ғана болып отыр, ал өткен жылы 63 мың 800 болған, яғни биылғы көрсеткіш 86,5 пайызға төмендеді. Егіншаруашылығы бойынша Шу ауданында 139 451 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның ішінде 32 057 гектары суармалы, 107 394 гектар тәлімді егістік жер. Биылғы өнім үшін 36 725 гектар жерге егілген масақты дәнді дақылдардан 56 952 тонна өнім түсті. Орташа өнімділігі гектарына 15,5 центнерді құрады. Бүгінгі күнге масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталған. Барлығы 803 гектар картоп дақылынан 23239 тонна өнім алынды. Орташа өнімділігі гектарына 289,4 центнерден айналды. 2985 гектар майлы дақылдардың 2900 гектары жиналып бітті (97,1%). Орташа өнімділік әзірге гектарына 6,2 центнерді көрсетіп, жалпы 1798 тонна өнім алынды. 8773 гектар бақша дақылдарының 8350 гектары жиналды (95,5%). Орташа өнімділігі гектарына 322,4 центнерді құрады. Жалпы 269204 тонна өнім жиналды. 9542 гектар көкөніс дақылының 2208 гектары жиналса орташа көрсеткіш гектарына 473,4 центнерден айналып, әзірге 104501 тонна өнім түсті. Қазір қыркүйек айында басталған 2665 гектар дәндік жүгері жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Шу ауданы бойынша егін жинау жұмысына барлығы 1306 бірлік техника қатысуда. Оның ішінде 92 комбайн, 553 трактор, 133 соқа, 113 тырма, 112 косилка, 126 шөп тайлағыш, 44 культиватор, 133 тіркеме жұмылдырылуда, – дейді Серікхан Қуатұлы.
Шу ауданы бойынша оператор «Шу мұнай өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы күзгі дала жұмыстарына 390 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Оның ішінде шілде айына 65, тамыз айына 130, қыркүйек айына 130 тонна жұмсалыпты. Ал қараша айына 65 тонна қарастырылған екен.
– Бүгінгі күнге жеткізілген дизель отыны шаруаларға дер кезінде таратылуда. Ауылшаруашылығы саласы бойынша субсидиялау ісі облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Осы жылы 11 659,1 тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда. Оның ішінде азотты (аммиак) тыңайтқыштар 4643,1 тонна, фосфорлы тыңайтқыштар (амофос) 2443,8 тонна, басқа түрлері 4272,2 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта 82 шаруа қожалық тарапынан 10712 тонна тыңайтқыш сатып алынып, 24 704,5 гектарға енгізді. Орындалуы 96 пайыз деңгейінде қалыптасты. Аталған жұмыстар жалғасын табуда. 2025 жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқапты 15 913 гектарға ұлғайту жоспарланып, жоспар толық орындалды. Оның ішінде 10649 гектарына тамшылатып, 5264 гектарына жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда. Биыл 22 419 гектар алқапқа мал азығы дақылдары орналастырылды. Бұдан басқа 1,721 мың гектар шабындық жердің шөбін оруға ұйғарым жасалған. Шу ауданы бойынша жемшөп теңгеріміне сәйкес ағымдағы жылы қыстатылатын мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтар 155 900 тонна пішен дайындады. Жоспар 164 400 тонна болса, межеге толық қол жеткізілетін болады. 7 000 тонна пішендеме мен 53 мың тонна сабан жинау көрсеткіші толық орындалды. Қыс мезгілінде шаруалар қиналып қалмауы үшін жемшөпті қыстауларға тасу жұмыстары тұрақты бақылауда болады, – дейді С.Пернеш.
«QYZYLSHA ZHER»-ДІҢ ҚАРЫМЫ МЫҚТЫ
Шу ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы серіктестіктің өкілі Руслан Тұраровпен тілдескенімізде, ол еліміздің аграрлық саласына жаңа леп әкелетін соны бастама қолға алынып жатқанын айтты. «К-Агро» ауылшаруашылығы холдингінің құрамындағы «Qyzylsha Zher» компаниясы осы бастаманы алға жылжыта алатынын дәлелдеген көрінеді. Мәселен, аталған серіктестік тың технологияға сүйеніп, жүйелі жұмыс жүргізіп әрі әлеуметтік жауапкершілікті назарда ұстай отырып, қант қызылшасы өндірісінің қайта жандануына серпін берген екен. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде.
– Былтыр Жамбыл облысының шаруалары 700 мың тоннаға жуық қант қызылшасын, яғни рекордтық өнім жинады. Бірақ қолда бар қант зауытының қабылдау қуаты тәулігіне небәрі 4 мың тонна болғандықтан, ұзын-сонар кезек пайда болып, өнімнің бір бөлігі зая кету қаупі төнді. Осы тұста жағдайды «Qyzylsha Zher» компаниясы реттеді десем артық айтқандығым емес. Өйткені біз қызылша өңдейтін тиісті зауытқа өзіміздің «Holmer Terra Felis 2» маркалы техникамызды ұсынып, қабылдау қуатын бірнеше есе арттырдық. 1980 жылдары Қазақстан жылына 1 миллион тоннаға дейін қант қызылшасын өндіріп, отандық зауыттарды толықтай өз шикізатымен қамтамасыз ете алатын. Сол кезде ондаған қызылша совхоздары мен қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп тұрды. Бұл сала республикадағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тіректерінің бірі еді. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Бүгінде елдегі қанттың шамамен 90 пайызы сырттан әкелінеді, дегенмен Қазақстан өз-өзін толық қамтуға қауқарлы. Бұған бірнеше себеп бар. Мысалы, Кеңес Одағы тарағаннан кейін ел ішінде де, өзге мемлекеттермен де арадағы логистикалық байланыстар үзіліп, инвестицияның жетіспеушілігі орын алды. Өңдеу өнеркәсіптері жабылып, ауылшаруашылығы инфрақұрылымы тозды және климаттық қиындықтар пайда болды. Осы факторлардың бәрі елді сыртқы нарыққа тәуелді етіп, валюта бағамының құбылуына, геосаяси шектеулерге ұрындырды. Мұндай қиындық елімізде 2022 жылы да байқалған болатын. Осыдан кейін «К-Агроның» бастамасы ұлттық маңызы бар стратегиялық бағыт ретінде мәнін арттыра түсті. Әсіресе «Qyzylsha Zher» компаниясының жұмысы ерекше мәнге ие болып отыр. 2024 жылы осы компания ауданда 50 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинады. Бұл көрсеткіш еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қалпына келтірудегі стратегиялық үлес болып саналады. «Qyzylsha Zher» толыққанды заманауи агроинфрақұрылымға кіріктірілген жоғары технологиялы өндіріс орны болып есептеледі. Компания қант қызылшасын негізгі дақыл етіп, 2000 гектардан астам жерге егін егіп, басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруде кешенді тәсіл қолдануда. Компанияның басты артықшылығы серіктестіктің терең механизациясында болып тұр. Бүгінде бізде 200-ден аса техника бар. Оның ішінде «John Deere», «Zoomlion», «Mazzotti» және «Holmer» маркалы тракторлар мен комбайндар егін салу, жинау науқанын жеделдетіп, жерді өңдеуде жоғары тиімділікті қамтамасыз етіп отыр, – дейді ол.
Аталған серіктестік судың әр тамшысын үнемдеуге айрықша көңіл бөлуде. Егістікте «Valley» фирмасының 37 суару жүйесі орнатылыпты. Осы арқылы 2000 гектар алқап су үнемдеу технологиясымен түгел қамтылған көрінеді. Дегенмен кейбір ерекшелігі бар жерлерге арнайы спринклерлік суару әдісі қолданылады екен. Мұндай тәсіл суды үнемді пайдаланып қана қоймай, жердің құнарын сақтап, экожүйеге түсетін салмақты азайтуда. Әсіресе климаты жыл өткен сайын қуаң тартып бара жатқан оңтүстік өңірлер үшін мұның маңызы зор болмақ.
– Президент жақында халыққа арнаған Жолдауында кез келген саланы цифрландыру қажеттігіне айрықша тоқталды. Менің айтайын дегенім, біздің егісті суару жүйеміз және өндірістік процестер де толықтай цифрландырылған. Агромониторинг, есеп және талдау жүйелері тыңайтқышты жоспарлауға, өнімділікті болжауға, зиянкестер мен ауа райының қолайсыз әсеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Компанияда тұрақты түрде 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Маусым кезінде олардың қатарына тағы да жүзге тарта адам қосылады. Жұмыс кестесі ауылшаруашылығындағы қарбалас науқанға лайықталған. Түнгі уақытта тыңайтқыш енгізілсе, күндіз егістікке күтім жасалып, бақылау жүргізіледі. Осылайша жыл он екі ай жұмыс ешбір тоқтамай, тиімділігі жоғары деңгейде сақталады. «Qyzylsha Zher» компаниясы тұрақты дамуды өз стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Өңірде алғашқылардың бірі болып біз «Халық» қоры ұйымдастырған «GreenAct» экологиялық челленджіне қосылдық. Содан бері аграрлық салада «ESG» қағидаларын жүйелі түрде енгізіп келеміз. Компанияның басты басымдықтарының қатарында жер мен су ресурстарына ұқыпты қарау, ауыл шаруашылығының табиғатқа түсіретін салмағын азайту және ескірген, экологияға зиянды әдістерден бас тарту міндеті бар. Зиянкестерге қарсы күресте заманауи әрі тиімді технологиялар қолданылады. Бұл биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ база мен жатақхана аумағына ағаштар отырғызылып, алдағы жылдары жасыл аймақ қалыптасады деп күтілуде. Бұл жұмысшылар мен қонақтарға қолайлы орта жасайды. Компания үшін адам капиталы мен еңбек жағдайларын дамыту да маңызды рөл атқарады. Қызметкерлерге тегін ас беріледі, жолға арнайы көлік ұйымдастырылған. Кезекшіліктен кейін қалып қоятын немесе басқа өңірден келгендерге жатақханадан орын ұсынылуда. Кешен аумағында асхана, монша мен кір жуу бөлімі, демалыс бөлмелері, сауна және спорт зал бар. Бұл шаруалардың іс басындағы жағдайын жайлы етудің қамы үшін қолға алынған. «Qyzylsha Zher» ЖШС маңайға нақ осы салада жалақысы ең жоғары, үстемақылары мен сыйақысы ашық төленетін жұмыс беруші ретінде танылған. Осының арқасында командадағы тұрақтылық сақталып, маусымдық кадр алмасуы азайды. Мұндай тәсіл мамандарды ұстап қалуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына үлес қосуға жол ашуда, – дейді Р.Тұраров.
Бізбен әңгімесінде серіктестік өкілі кадр мәселесіне де кеңінен тоқталды. Қазақстан агросекторы үшін басты қиындықтардың бірі білікті мамандардың жетіспеушілігі екенін баса айтты. «Qyzylsha Zher» мен «К-Агро» холдингі ұзақмерзімді жоспар ретінде адам капиталына инвестиция құюды қолға алыпты.
– «Халық» қайырымдылық қорымен бірлесіп, ауқымды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағдарлама жас мамандарды ғана емес, ауылдағы шаруаларды да қамтуда. Мысалы, Шу қаласындағы №10 колледжде серіктестердің қолдауымен аграрлық технологиялар зертханасы ашылды. Ол агрохимия, агротехника және суару ісін оқытуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен бірге жаңадан агрономия мамандығы енгізілді. Бұл өңірде болашақ мамандарды дайындаудың тірек орталығына айналмақ. Бұдан бөлек, Шу ауданынан шыққан төрт өрен Түркияның Конья қаласында білім алып жүр. Олар екінші оқу жылын аяқтап, заманауи егіншілік пен агроинженерияның озық әдістерін меңгеруде. Оқуын аяқтағаннан кейін олар елге оралып, алған білімдерін тікелей өндіріске енгізетін болады. Жаңа тәсілдер арқылы суаруды жақсартып, өндірістік процестерді цифрландыруға үлес қосады. Ал жұмыс істеп жүрген шаруалар үшін «AGRO Ustaz» жобасы аясында оқыту сессиялары ұйымдастырылуда. Мұнда қант қызылшасын заманауи өсіру әдістері, қаржылық сауаттылық, шаруашылықты басқару тақырыптары қамтылады. Бұл бастама тек өнімділікті арттырып қана қоймай, бүкіл өңірде тиімділікке, экологиялық жауапкершілікке және тұрақты дамуға бағытталған жаңа агробизнес мәдениетін қалыптастыруға көмектесуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жаңа Жолдауында: «Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе» деген еді. Расында да жер – саланың инвестициялық тартымдылығын айқындайтын басты фактор. Егер жер пайдаланушы адал еңбектеніп, инвестиция құйып отырса, оның жұмыс істеп тұрған өндірісін тоқтатуға болмайды. Сонымен бірге ауылдарды абаттандыру, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту міндеті де назарда болуы тиіс. Мемлекет алдында тұрған басты міндет – азаматтардың өнімді әрі заңды жұмыспен қамтылуын ынталандыру. Сонда ғана адамдар өз болашағын өзі құруға белсенді араласады. «Qyzylsha Zher» ЖШС осы ұстанымға толық сәйкес еңбек етіп келеді. Компания тек аграрлық өндіруші ғана емес, Шу ауданындағы әлеуметтік тірек орталығының рөлін атқарып отыр. Негізгі жұмыс берушілердің бірі ретінде тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, жалақы деңгейін жоғарылатып, еңбек жағдайын жақсарта түсуде. Қазіргі урбанизация кезеңінде мұндай көзқарас өңірлердегі ауыл өмірін сақтап қалуда аса маңызды. Компанияның жергілікті қауымдастықпен байланысы өндірістік қарым-қатынастан әлдеқайда кең. Мәселен, біз Белбасар ауылындағы спорт кешеніне автобус сыйға тарттық. Бұл ауыл балаларының жарыстарға барып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 60-қа жуық балаға оқу құралдары мен киім-кешек таратамыз. Бұл олардың жаңа оқу жылын ойдағыдай бастауына көмектеседі. Сонымен бірге ұлттық спорт пен дәстүрді жаңғыртуға да үлес қосып жүрміз. Жыл сайын үлкен көкпар турнирі ұйымдастырылады, қасиетті Рамазан айында ауызашар беріледі, ал Құрбан айт мерекесінде ауыл халқы үшін мейрам ұйымдастырылып, мұқтаждарға ас-су таратылады. «К-Агро» холдингі ашық түрде өз миссиясын жариялаған. Мақсат – тек экономикалық мүдде емес, ортақ құндылықтармен ұйысқан жаңа буын фермерлер қауымдастығын құру. Ол құндылықтар – еңбекке құрмет, табиғатты аялау, білімге ұмтылу және ынтымақ деген ұғымға негізделген. Мұндай модельді тұрақты дамуға ұмтылған өзге агроөндіріс орындары үшін үлгі ретінде қарастыруға болады. «Qyzylsha Zher» компаниясының тәжірибесі көрсеткендей жүйелі әрі мақсатты жұмыстар тұтас бір саланың қайта жандануына түрткі бола алады. Осындай ұстаным арқылы кез келген шаруашылық табысты шаруашылық атанумен қатар жаңа дәуірдегі агробизнестің моделін қалыптастыра алады. Мұнда технология, білім, экология және әлеуметтік жауапкершілік тоғысқан. Жалпы табыстың басты кілті бизнес пен мемлекет және қоғам арасындағы үйлесімге байланысты. «Халық» қорының қолдауы, білім беру мекемелерімен әріптестік, «ESG» қағидаларын енгізу және жергілікті қауымға құрмет, осының бәрі бұрын қол жетпестей көрінген нәтижелерге кенелтіп отыр. Егер осындай бастамалар кеңейтіліп, институционалды қолдау тапса, Қазақстан бұрынғы аграрлық әлеуетін қалпына келтіріп қана қоймай, өңірде тұрақты агроөндірістің көшбасшысына айналар еді, – дейді Руслан Тұраров.
Қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Сайып келгенде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауылдың болашағына тікелей ықпал ететін бірден-бір тетік. «Qyzylsha Zher» компаниясының осы мәселені қаперде ұстауы көңіл көншітеді. Демек, Шу ауданындағы іргелі шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер «біз өнім өндірушілерміз» деп қарап отырмай, ауыл халқына әлеуметтік жағынан пайдасы тиер игі істерге атсалысып отыр деуге болады. Мұндай игі істің басы-қасында, бел ортасында жүру арқылы елдің еңсесінің көтерілуіне, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына үлес қосқан азаматтарға қоғам құрметпен қарауы керек. Сонда ғана әр ауданда бизнесін адал еңбекпен ұштастыра отырып әлеуметтік жауапкершілікке түсіністікпен қарайтындар қатары көбейеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ