Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ауыл аманаты» ауылдықтардың еңсесін тіктеуде

«Ауыл аманаты» ауылдықтардың еңсесін тіктеуде
Автор
Ауылдағы ағайынның күнделікті күйбең тіршілігі ауылшаруашылық саласымен тікелей байланысты. Себебі ауыл тұрғындарының дені ырзығын есігінің алдындағы азғантай жердегі бау-бақшадан, тағы бірі қорасындағы 5-10 тұяқ малдан айырып отыр. Кезінде осы ауыл тұрғындарының тұрмысын «Қайтсек жақсартамыз?» деген ниетпен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын.

Бүгінде Қазақстан халқының үштен бірі ауылда тұрады екен. Сол ауылдағы ағайынның табысы артып, тұрмысы жақсарса, ол осы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы орындалып жатқаны анық. Өйткені бұл жоба алғаш 2019 жылы біздің облыста жүзеге асырылып, ауылдағы ел-жұрттың кәсіп бастауына, қорасындағы малын көбейтуіне, егін егіп, тірлігін тіктеуіне мол мүмкіндік берді. Осыдан кейін әулиеаталықтардың тәжірибесі 2023 жылдан бастап ел аумағына таратылған еді.

Жалпы жобаның артықшылығы жеңілдетілген несиемен байланысты екені анық. Жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайызды құрайтын қаражатты қайтару мерзімі – 5 жылға дейін. Негізі малшаруашылығына қатысты жобалар үшін бұл мерзім 7 жылға дейінгі уақытты құрайды. Қаржы көлемі де аз емес, бір адамға 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, ал кооператив құрылса 8 мың АЕК-ке дейін несие алуға мүмкіндік бар. Бұл ауыл халқы үшін үлкен демеу екенін айта кетуіміз керек.

2023-2024 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлініпті. Сол қаражаттың арқасында ауыл адамдарына 107,9 миллиард теңгеге 16 мыңнан аса шағын несие беріліп, 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған екен. Ал осы жылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 50 миллиард теңге қарастырылып, ол шетінен үлестірілуде. Соның арқасында ауылдық жерлерде 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі пайда болған.

Айтқандай, осы жобаға қатысты биылғы жылдың жақсы жаңалығы – несие алу талабының жеңілдей түсуі. Бұл ретте арнайы ақпараттық жүйені іске қосудың қолға алынуы да құптарлық жайт. Ол жүйе өтінімдерді қабылдауды біріздендіріп, барлық істі ашық жүргізуге, бүкіл деректерді қадағалап отыруға мүмкіндік беруде. Мемлекеттік деректер базасымен тікелей байланыс орнатылатындықтан, құжат жинап сабылу азая түспек. Сөйтіп ауыл тұрғыны өтінім беріп, несие алу процесін бұрынғыдан да тез әрі ыңғайлы атқара алу мүмкіндігіне ие болуда.

Бағдарлама басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде 540-тан астам ауылшаруашылығы кооперативі құрылыпты. Соның ішінде 537 кооперативке 12,1 миллиард теңге бөлініп, олар өз ісін жандандырған. Яғни, ауылдағы адамдар бірігіп, кооператив құру арқылы үлкен істі қолға алып, табысқа қол жеткізуде. Бұл жобаның ерекшелігі қарапайым ауыл тұрғыны үшін ыңғайлы «айналмалы несие» жүйесі, яғни алынған қарыз қайтарылған сайын сол қаражат қайтадан басқа біреуге несие ретінде берілуінде. Осының арқасында ауыл халқы үшін тағы да 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, мыңға тарта шағын несие үлестіріліпті. Бағдарламаға қатысқан шаруалар мен кәсіпкерлер салық ретінде 1,2 миллиард теңге төлеген. Бұл ретте Ақтөбе, Түркістан және Әулиеата өңірлері көш басында келеді.

Президенттің тапсырмасымен ауыл мен шағын қалаларда тауарлық несие беру тетігі іске қосылған болатын. Мысалы, ауыл тұрғынына мал, ауылшаруашылығына қажетті техника және басқа да құрал-жабдықтар тауарлық несие ретінде беріледі. Мұны орта және ірі шаруашылық иелері өз жауапкершілігі аясында ауыл адамдарына жеткізуде. Ең бастысы мұндай көмекті жұмыссыз жүргендер де, тіпті кепіл қоятын мүлкі жоқ, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар да алуда. Мәселен, осы жылдың басында-ақ ел аумағында тауарлық несие аясында 300-ге жуық жылқы, 1600-ден аса ірі қара, 4,5 мыңнан астам қой-ешкі үлестіріліпті.

2019-2023 жылдар аралығында облыс аудандарынан ауылшаруашылық саласы бойынша 62 ауылдық округ жобаға қатысса, оның ішінде Мойынқұм ауданынан 8 ауылдық округтен 448 аула қамтылған. Былтыр Мойынқұм ауылынан 2, биыл 7 адам қолдауға ие болыпты.

– Жалпы Мойынқұм ауданында жобаның 5 бағытын іске асыруға 2,328 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осылайша жоба Кеңес, Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтерін қамтыды. Ауылдың жағдайы түзелсе, халықтың тұрмысы да жақсарады, ал бұл бүкіл елдің экономикасын нығайтады. Ауылдан бастау алған әрбір іс Қазақстанның өркендеуі мен дамуына қосылған қомақты үлкен үлес деп білемін. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы Кеңес ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алған болатын. Жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін 10,7 миллион теңге берілген. Жобаның екінші бағытымен 139 тұрғын 382 миллион теңгеге 1700 мал сатып алды. Оның ішінде 920-сы мүйізді ірі қара, 200-і қой, 580-і жылқы. Жобаның үшінші бағытымен ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 24 миллион теңге бөлінді. Жобаның төртінші бағыты аясында«Айдарлы Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 78,9 миллион теңгеге 12 техника, яғни 1 комбайн, 3 трактор,8 тіркеме агрегаттарын сатып алды. Бесінші бағыт бойынша несиелендіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Алынып, игерілген қаражат көлемі 495,6 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда «Айдарлы Агро» кооперативінің барлығы 30 миллион теңге берешегі бар. Оның барлығы да ауылшаруашылығы техникалары бойынша алынған несие қарызы. 2023 жылы Бірлік ауылдық округінің 67 тұрғыны 340,2 миллион теңгеге 440 сиыр, 180 уақ мал, 254 жылқы сатып алды. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 20 миллион теңге берілді. «Байбара Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 120 миллион теңгеге 17 техника алды. Игерілген қаражат көлемі – 480,2 миллион теңге, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Айдос Дакман.

Бұрнағы жылы Қызылтал ауылдық округінде 51 тұрғын «Ауыл аманаты» жобасының екінші бағыты бойынша 240 миллион 800 мың теңгеге 465 бас ірі қара, 95 ұсақ мал және 183 қылқұйрықты сатып алған екен. Сол сияқты «Көкжелек Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 20 миллион 400 мың теңгеге 5 техника алып, өндірісін дамытқан. Барлық игерілген қаражат көлемі 261 миллион 200 мың теңгені құраған. Қызылотау ауылдық округінде 23 адам жоба бойынша 94 миллион 600 мың теңгеге 169 бас ірі қара және 120 бас жылқы сатып алған. Сонымен қатар «Күшаман Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 29 миллион 600 мың теңгеге бес техникаға қол жеткізген. Жалпы осы округте игерілген қаражат көлемі 124 миллион 200 мың теңгеге жеткен. Жамбыл ауылдық округінде 42 адам екінші бағыт бойынша 242 миллион 600 мың теңгеге 469 бас ірі қара мен 164 бас жылқы алыпты.

Ал «Тұлпар» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 17 миллион 200 мың теңгені екі техника сатып алуға жұмсаған. Осы ауылдық округте барлығы 259 миллион 800 мың теңгеге игерілген. Қылышбай ауылдық округінде 24 адам 133 миллион 600 мың теңгеге 279 ірі қара, 95 бас қой және 92 жылқы алған. «Талды Өзек» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 5 техниканы 29 миллион 600 мың теңгеге алған. Жалпы қаражат көлемі 124 миллион 200 мың теңгеге жеткен. Қарабөгет ауылдық округінде 204 миллион теңге 379 ірі қара, 120 қой және 155 жылқы сатып алуға 35 адамға берілген. «Алмат-2023» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 29 миллион 600 мың теңгеге бес техника алған. Барлығы 233 миллион 600 мың теңге игерілген.

– Бағдарлама ауыл тұрғындарына мал өсіруге және техниканы жаңартуға нақты көмек болып, олардың кәсібін дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдың өмірін жандандыруға септігін тигізуде. Жалпы Мойынқұм ауданы бойынша үй іргесіндегі жерді игеру мақсатында 1 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 10,7 миллион теңгеге айналым қаражатын алды. Аудан бойынша жобаның екінші бағытымен 1,864 миллиард теңгеге 4194 мүйізді ірі қара, 860 қой, 1813 жылқы алынды. Жобаның үшінші бағытымен ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 3 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне 59,8 миллион теңге берілді. Төртінші бағыт бойынша 8 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі ашылып 387,1 миллион теңгеге 66 техника мен құрал жабдықтар сатып алынды. Бесінші бағыт бойынша 6,6 миллион теңге несие алып, 1 тұрғын жеке кәсібін ашты, – дейді Айдос Жанкелдіұлы.

Биназар ауылдық округі жобаға 2022 жылы қатысқан екен. Ауылдық округ әкімі Қамбар Атаев Биназар ауылында 260 үй болса, ауылдың 67 тұрғынына 226 миллион теңге несие берілгенін айтады.

– Ауылда жобаның екінші бағытымен 1073 сиыр, 170 қой, 265 жылқы сатып алынды. Үй іргесін тиімді пайдалану үшін несиелендіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 15,8 миллион теңге берілді. Сондай-ақ «Биназар Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 61,8 миллион теңгеге 15 техника сатып алды. Бесінші бағыт бойынша 1 азамат 6,6 миллион теңге несие алып, наубайхана ашса, одан кейінгі жылдары бір азамат сыйымдылығы 50 адамға дейінгі асхана ашты, – деді Қамбар Сманғалиұлы.

Биназар ауылынан жобаға қатысқан үйдің бірі Берікбай Исаевтың әулиеті. Оның қазір екі үйір жылқысы бар. Көктем шыға қара күзге дейін 4-5 бие байлап, қымызын сатса, күзге қарай 4-5 тайды бордақылап сатумен айналысуда.

– Осы ауылдық округте ақсақалдар кеңесінің төрағасымын. Алғашында жобаға өзім қатыспақшы болып құжат жинап жүрсем, зейнеткерлерге болмайды екен, жасым қазір 68-де. Осыдан кейін 15 күн вақталық әдіспен «Шатыркөл» кен орнында жұмыс істеп жүрген қолымдағы кенже ұлым Бауыржан Қиясов өз атынан құжат жинап, жобаға қатысты. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірсек, оның барлығы да жоғары оқу бітірген. Барлығы да үйлі-баранды. Бір қызым Таразда, тағы бірі Қаскелеңде, біреуі осында тұрады. Үшеуі де мұғалім. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7-8 миллион теңге алдық. Ол қаржының барлығына бие сатып алдым. Қазір сол жылқы екі үйір болды. Өзіміздің 10 гектар суармалы жеріміз бар, жемшөпті сол жерден дайндаймыз, негізінен онда жоңышқа егіледі. Шөптің артылғанын маңайдағы елге сатып, қажетімізге жаратып отырмыз. Одан бөлек, қорамызда бірнеше сиыр мен уақ мал бар. Жалпы ауылда тұрған адамның малы болмаса қиын. Бұл ретте «Ауыл аманатының» тұрғындарға тигізген пайдасы айрықша болып тұр. Біз соғымға бір қараны жығып, бала-шағамызбен бөліп аламыз. Мысалы, жақында ғана бір тайды күздік үшін сойып алып, ұл-қыздың тиісті сыбағасын жөнелттік. Негізінде бие құлындағаннан кейін оның ішіндегі еркек тайларды байлап, саудасы келгенде сатып жібереміз, ал ұрғашы тайлар үйірде қалады. Олар жылқыны төлі есебінен көбейту үшін қажет. «Кейбіреулер «жылқының жауы көп» деп одан гөрі сиыр, қой ұстағанды қолайлы көреді. Негізінде жылқыдан асқан пайдалы мал жоқ, сатсаң әжептәуір пұл, ішсең ас, мінсең көлік. Тек көз жазып қалмай күнделікті қадағалап, түгендеп отырсаң болады. Ауылымызда 300-ден аса үй бар. Көшелер бүгінде жарықтандырылған, жөндеуден өткен. Тұрғындардың дені бақуатты тұрады. Ауыл әкімі осы ауылдың тумасы. Ол Алматы қаласында тұратын. Бірақ осыдан 4-5 жыл бұрын ауылға көшіп келіп, ауыл іргесінен 5 гектар жер алып, алма бақ өсірумен айналысты. Сауаты бар, іске пысық жігіт болғаннан кейін ауыл халқы оны екі-үш жыл бұрын ауыл әкімі етіп сайлады. Мұны айтып отырған себебім, Президент «Әділетті Қазақстан» құру жүйесін қолға алды ғой, біз соны ауылда сол кезде іске асыруды бастап кеткенбіз. Бұрын ауылымызға қаржы бөлінуі қиын еді, Бүгінде «Биназар» каналы да тазартылып, жөнделіп, шаруалардың жерін ылғалдандыруға септігін тигізуде. Алдағы жылдары ауылдың шетінен бас жоспар бойынша бір көше түсетін болды. Себебі ауыл жастары отау құрғанда олардың бөлек шығатын баспанасы мәселе тудырып тұр. Ауылда сатылатын үй жоқ, жастардың дені ауылда қалып, тіршілік етуде. Бұл біз секілді қарияларды қуантуда, өйткен елге-жерге ие болатын солар, – дейді Берікбай Қиясұлы.

Қарияның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы расында да ауылдағы ағайынға сүйеніш болып отыр. Осы жобаға қатысу арқылы Биназарлықтардың көбісінің малшаруашылығына ден қоюы орынды-ақ. Себебі Мойынқұмның жері малшаруашылығына қолайлы, одан бөлек қазақ «Малдының беті жарық, малсыздың беті көн шарық» деген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Мойынқұм ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар