Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтық емге сенесіз бе?

Халықтық емге сенесіз бе?
Ашық Дереккөз
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында халық емінің орны ерекше. Сырқаттанып қалсақ, ата-бабаларымыздың тәжірибесімен алдымен дәрігерге емес, халық еміне жүгінетініміз де жасырын емес. Әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде ел-жұрт арасында түрлі халық емдері кеңінен қолданылды. Яғни бүгінгі медицина көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатса да жұртшылықтың халықтық емге сенімі әлі де күшті. Дегенмен халық еміне жүгіну қаншалықты дұрыс?

Жалпы дәстүрлі медицина мен халық емінің арасында айырмашылық көп десек те болады. Осыған орай халық арасында сауалнама жүргізген едік.

– Шыны керек, қол шығып, аяқ сынса, омыртқамыз қисайған кезде сынықшы іздейміз. Тараз қаласына жақын Қырғыз ауылында сынықшы апа тұрады. Көпшілік «Қырғыз апа» деп атап кеткен. Талай мәрте алдына бардым. Белімді көтере алмай жатқанымда «Қырғыз апаның» емінің арқасында аяққа тұрдым.Одан кейін иммунитетті көтеру үшін қымыз, шұбат ішетініміз ше? Қолда бар табиғи дүниеден де кейде жазылып жатамыз ғой. Ең бастысы сол, адамның жазылуға деген сенімі деп ойлаймын, – дейді Айдана Шымыртайқызы.

Маржан Сатыпалдықызы – журналист. Бүгінде декреттік демалыстағы көпбалалы ана кейде халықтық емге жүгінетінін айтады.

– Халықтық емге сенбеймін деп түбегейлі кесіп айта алмаймын. Расында, халықтық емдердің көмектесетін түрі аз емес. Алайда әрқашан дәстүрлі медицинаға жүгіну маңызды. Себебі ғылыми тұрғыда дәлелденген және қауіпсіздік тұрғыдан тексерілген. Сондықтан халықтық емді қосымша әдіс ретінде қарастыру керек, бірақ негізгі ем ретінде емес.Халықтық емнің кейбір әдістері ғасырлар бойы қолданылып, өз тиімділігін дәлелдеген.Мысалы, шөптерді пайдалану, табиғи өнімдермен емдеу кейде шынымен де жақсы нәтиже береді. Алайда мұндай емдерді толық сеніммен қабылдамаймын. Себебі олардың әсері әр адамға әртүрлі болуы мүмкін және кейде зиян келтіруі ықтимал.

Мысалы, суық тиіп ауырғанда шайға бал мен лимон қосып ішіп, жазылып кетуім мүмкін.Егер тұмауым асқынып тұрса, міндетті түрде дәрігерге жүгінемін.Осылайша мен үшін ең маңыздысы – денсаулыққа деген кешенді көзқарас. Халықтық ем мен дәстүрлі медицинаның үйлесімділігі арқылы ең жақсы нәтижеге жетуге тырысамын.Яғни мен үшін халықтық ем дәстүрлі медицинаны толықтырушы құрал ретінде ғана тиімді, – дейді Маржан. 

Қазақтың халық медицинасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Кезінде халық медицинасы жөнінде жазылған еңбектерге назар аударатын болсақ, олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелікке толы. Мысалы, А.Алекторовтың «Болезни киргизов и средства врачевания их» атты көлемді мақаласында қазақтардың негізгі аурулары мен оны емдеу шаралары жазылған. Автор өз еңбегінде қазақтарда кездесетін тері аурулары, бас ауруы, жұқпалы өкпе ауруы және тағы басқа ауру түрін атай келіп, оның емделу жолдарына мән береді.

Мақалада аталған дерттерден молданың, бақсының, тәуіптің көмегімен емделетінін көрсетеді. Қазақтың рухани құндылықтарының ішінде орны ерекше, шоқтығы биік сала көп. Әсіресе дәстүрлі қазақ емшілігінің жөні бөлек. Емшілікті медицинамен байланыстырмай, неге рухани құндылық қатарына қосып отырмыз? Жалпы қазақ емшілігі жоғарыда аталған екі салаға да ортақ. Өйткені көбінде емшілікті ұстанғандар халықты рухани тұрғыда емделуге шақырады.

Әрі рухани жағынан емделуге баса мән береді.Ертеде ел ішінде даланың түрлі шөптері арқылы түрлі вирустарды жойып, ауруларға ем тапқан бақсы-балгерлер, тәуіп-молдалар, көріпкел-әулиелер көп болған.Халық емшілері қазір де ел ішінде бар, бірақ жұртшылық жұмысына сенімсіздікпен қарайды немесе аса назар аудармайды. Алайда бабалардың жолын жалғастырып жүрген емшілердің қолынан емделіп, сауығып жатқан адамдар да аз емес.

Сондай ел алғысын арқалап жүрген емшінің бірі – Марат Ахметов. Марат Мекемтасұлының қолынан бүгінге дейін 200-ден аса адам ем алған. Кейіпкеріміз емшілік қасиет атаның күші, ананың сүті арқылы сүйегіне дарығанын айтады.

– Анам Сайлауқан Ырысдәулетқызы отбасымыздың берекесін де, мерекесін де кіргізген жан болатын. Анамыздың бойындағы қазақы мінез саналы тәрбие алып өсуімізге әсерін тигізді. Анам: «Адам баласына қиянат жасамаңдар, жақсылық жасаңдар. Ал жақсылықтың басы дұрыс сәлемдесуден басталады. Адамдардың алғысы мен батасына бөленген жан ешқашан жаман болмайды», – деп отыратын. Сол қасиетінен болса керек, анамды бүкіл ауыл құрметтеп, ардақтады. Анамның адам емдейтін қасиеті де болды. Сондықтан да шығар, үйімізден халықтың қарасы үзілмейтін. Ал менің бойымда бірер адамға тән қасиеттердің артықшылығы болса, ол менің бойыма анамның тәрбиесімен келіп қонған кие деп түсінемін, – дейді емші.

Марат Ахметов әлеуметтік желіде де белсенді. Өзінің жасайтын ем-домын көбіне жеке парақшасында бөлісіп отырады.

– Ауылда «не дейсің, пәленшенің баласы тәп-тәуір адам емдей алады екен» деген атқа ие болып жүрген кезім. Бір күні бастық бір көкеміз көршілерден «Қолы тисе, қомсынбаса келіп, бір қарап берер ме екен?!» деп өтініш-сәлемдеме айтып жіберіпті. Содан көрші ауылдағы көкеміздің үйіне сайлы-қырлы жерлермен төтелетіп жаяу тарттым. Ол кісінің үйі ауылдың шеткі жағында орналасқан еді. Межелі жерге жақындап та қалдым. Бір дөңнен ассам, шақыртқан кісінің үйі шығады.

Алыстан қарағанда есігінің алдында қараң-құраң біреулер жүргендей болып көрінген. Сөйтсем, солардың бірі көкеміздің өзі екен.Дарбазадан кірген бойда көкеміз таудай денесін лезде көтеріп: «Ай, айналайын, інім-ай, аруағыңнан айналдым. Жолыңа қарап отыр едім. Бағана сенің төбең көрінгеннен-ақ езіліп отырған еңсем бірден көтеріліп сала берді», – деді.

Аң-таң болып қалдым. Содан аз-кем амандық сұрасқаннан кейін үйге кіріп, ем жүргіздім. Айтуына қарағанда, жұмыс барысындағы келеңсіздіктер жүйкесіне салмақ түсірсе керек. Ешнәрсеге зауқы жоқ болып, бойкүйездікке бой алдыра бастаған екен. Мен бір қолымды маңдайына, екінші қолымды шүйдесіне қойып, он-он бес минуттай ем жүргізіп едім, ағамыз қалғып бара жатып селк етіп оянды. «Тух, тегі, жанымның жай тапқаны соншалық, сәбиге ұқсап ұйқыға кетіп бара жатыр екенмін.

Алақаның неткен жайлы, жылы еді. Адам болдым да қалдым ғой. Кеше ғана өмірден баз кешіп отыр едім. Ал қазір еңсемді басқан дәнеңені де сезініп тұрған жоқпын», – деп алғысын жаудырды. Азды-көпті емшілік жолымда науқастың денесіне қолым тимей жатып, яғни төбемді көргеннен еңсесі көтеріліп, жағдайы жақсара бастаған осы оқиға ерекше есімде қалыпты, – деп өткен-кеткенді еске алды емші ағамыз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар