Мысалы, қандай да бір нысан құрылысы жүргізілсе, оған құрылысшы және құрылыс маманы ретінде көптеген адам еңбекке тартылады. Салынған нысан мектеп, балабақша, аурухана, фабрика, зауыт болса, онда ол жерге жергілікті адамдар тұрақты жұмысқа орналасады. Демек, құрылыс саласы басқа саланың да дамуына айрықша ықпал етеді. Ең маңыздысы, аталған сала тұрғын үй құрылысы арқылы халықтың баспанаға деген қажеттілігін өтейді.Негізі жұртшылықтың тұрмыстық жағдайының түзелуі, тәуір тұрмыс кешуі халықтың лайықты баспанамен қамтылуына тікелей байланысты. Сол үшін елімізде тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделі әзірленіп, тиімді жұмыс істеуде. Оның басты артықшылығын сөз етсек, аталған жүйе арқылы қазіргі таңда әлеуметтік әлсіз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі жақсара түсті. Одан бөлек қандай да бір табиғи апат орын алып, салдарынан тұрғындардың баспанасы жарамсыз болып қалса, олар мемлекет қамқорлығы арқылы жаңа баспанамен қамтылады. Бұл елімізде кез келген азаматтың далада қалмайтынын көрсетеді.
Мәселен, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындар бүгінде біртіндеп баспанамен қамтылуда. Оған дәлел, өткен аптаның соңында аудан орталығы Ырғызда 51 үйдің ел игілігіне берілуі. Ала жаздай салынған барлық үйдің ауданы, сырт келбеті, бөлмесіне дейін арнайы бекітілген үлгі бойынша салынған. Үш бөлмелі үйлердің ауданы – 80 шаршы метрден кем емес.Жалпы бұл ауданда тасқын судан кейін барлығы 120 үй салынуы қажет болған екен. Бұл ретте тұрғын үй құрылысын жүргізумен айналысатын 16 компания Ырғызда – 51, Нұра ауылының Сарыоба жерінде – 63, Мамырда 6 үй салуды міндеттеріне алған болатын. Ол үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік көрсеткен. Сондай-ақ 41 ырғыздық тұрғын екінші нарықтан үй сатып алса, 7 отбасыға баспаналарын жөндеуге арнайы қаржы бөлінген көрінеді. Аталған облыста су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек тиісті деңгейде көрсетілген. Ол үшін бірінші және қайталама нарықтағы пәтерлер де сатып алынған. Одан бөлек 500 тұрғын үй салынған. Бұл ретте табиғи апаттан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлердің де жомарттығын айта кетуіміз керек.
Ақтөбе өңірінде күні бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен 513 отбасыға үй берілген. 4 мыңнан аса отбасыға 1,6 миллиард теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3 495 отбасының мүліктік шығындары өтеліпті.Осы тектес мәселені өз облысымыздан мысалға келтіруге болады. Мәселен, көктемде көлбеу су Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғындарын да әбігерге салғаны есте. Сол кезде 13 көшедегі 400-ден аса үйдің ауласы мен 56 үйдің ішін су алып кеткен еді. Салдарынан 53 жеке тұрғын үйге зақым келіп, ол бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 жеке тұрғын үй қатты зақымдалып, онда адамдардың тұруы мүмкін болмағандықтан бір жеке тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған болатын. 2 жеке тұрғын үйдің иелеріне үй сатып алып беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Осы тектес тұрғын үй салу ісінің өзі бірнеше бағытты қамтиды. Коммерциялық құрылыс сауда орталықтары, офистер және қонақүйлер салу секілді бағыттарда жүзеге асырылса, инфрақұрылымдық құрылыс жол, көпірлер, теміржол, әуежай, жылу, ауызсу, газ құбыры, электр желісін тарту секілді жұмыстарға қатысты жүргізіледі. Өндірістік құрылысқа зауыттар мен өндірістік кешендер, цехтар салу жатады.
КӨРСЕТКІШ КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ
Жалпы осы саланы дамыту үшін технологиялық инновация және құрылысқа қатысты заманауи тәжірибелермен қоса мемлекеттің де қолдауы қажет. Сол кезде ғана құрылыс саласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсарады. Мәселен, облыс әкімдігі құрылыс басқармасы 2 әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке тікелей жауапты. Олар – құрылыс жұмыстарының көлемі мен пайдалануға берілетін тұрғын үйлер. Аталған басқарманың басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, бірінші көрсеткіш бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан 750 мың шаршы метр немесе 3,3 пайызға асыра орындау межесі бекітіліпті. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 726 мың шаршы метрді құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан.
– Көппәтерлі тұрғын үй 258 мың шаршы метр болса, оның ішінде 224,7 мың шаршы метрді бюджет қаражаты есебінен салу көзделуде. Жеке тұрғын үй құрылысы 492 мың шаршы метрді құрайды.2023 жылдың қорытындысымен барлық қаражат көздері есебінен 726 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 4,7 пайызға асыра орындалды. Оның ішінде 151,5 мың шаршы метрі (20,9 пайыз) көппәтерлі тұрғын үй. 574,5 мың шаршы метрі, яғни 79,1 пайызы жеке тұрғын үйлер. Қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен меже 100,6 пайызға орындалды (392,1 мың шаршы метр).Бүгінде Қордай және Байзақ ауданы бойынша бекітілген меженің орындалмай қалу қаупі бар. Себебі 2023 жылы бюджет қаражаты есебінен Байзақ ауданында 14,4 мың шаршы метр 4 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, осы жылы тұрғын үйдің құрылысы былтырғы жылдан 2 есе төмен. Ал Қордай ауданында 2020 жылмен салыстырылғанда соңғы 3 жылда (2021-2023 жылдары) пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемінің 40 мың шаршы метрге өскені көрсетілген.Екінші көрсеткіш, яғни «1.3 Құрылыс, құрылыс саласы және инфрақұрылымдық даму» көрсеткіші бойынша 291,9 миллиард теңгеге инвестиция тарту межеленіп, құрылыс жұмыстарының көлемін 102 пайызға орындау жоспарлануда (2023жылы – 280,3 миллиард теңге, 118,7 пайыз). Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі 110,2 пайыз межені белгіледі (315,4 миллиард теңге). Десе де 8 айдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 108,4 пайызға асыра орындалды (148,2 миллиард теңге).Атап өтер бір проблемалық мәселе, өткен жылы облыс бойынша бірқатар ірі жоба іске асырылды. Мысалы, жүзеге асырылған республикалық маңызы бар 4 жобаның өзіне 2023 жылы республикалық бюджет және Ұлттық қордың, сондай-ақ индустрияландыруға жеке инвестициялар есебінен 104 миллиард теңге қаражат салынып, бұл жалпы жылдық көлемнің 38 пайызын (2023 жылы – 280,3 миллиард теңге) құрады.
«Қазақмыс» корпорациясының Шу ауданындағы «Шатыркөл» кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу ісі 54,9 миллиард теңге (жалпы құны – 67,0 миллиард теңге, мердігер – «ААEngineering GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) болды. Республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылысы (7-267 шақырым) 31 миллиард теңге болса (жалпы құны – 80 миллиард теңге), Мойынқұм ауданы аумағына қытайлық компания тарапынан «Синохайдро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18 миллиард теңгенің, Меркі ауданында «Синьсин» ЖШС 12,6 миллиард теңгенің, Шу ауданында 0,4 миллиард теңгенің жұмысы жүргізілді.«GMP» тиісті өндірістік практикасының халықаралық талаптарына сәйкес иммунобиологиялық препараттарды шығару бойынша биозауыт (BSL-3) салу және «OtarBioPharm» ЖШС-на тиесілі инфрақұрылым тарту (КС-35/10, физикалық қорғау кешені, BSL – 3 өндірістік цехы) 10 миллиард теңгені (жалпы құны – 44,0 миллиард теңге) құрады.
Сарысу ауданындағы жел электр стансасының құрылысы 8 миллиард теңгені құрады. 2024 жылы облыстың даму бюджеті 110 миллиард теңге деңгейінде бекітілді (республикалық бюджеттен бірқатар бюджеттік жоба қолдау таппады). Егер 1 КС статистикалық есептілікке орта есеппен 20 пайызды құрайтын жабдық кірмейтінін ескерсек, онда үлестік арақатынаста бюджет есебінен іске асырылатын нысан қаражаттары құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық жоспарының (290,4 миллиард теңге) тек 30 пайызын ғана (90 миллиард теңге) құрайды. Қалған 70 пайызды 2-3-бюджеттен тыс инвестициялар есебінен орындау қажет. Осыған байланысты аталған міндетке қол жеткізу қиындықтар туындатуда, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРУДЕ
Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Былтыр жалпы 1 964 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті.Жалпы халықты баспанамен қамтуда нарық талабы бойынша үйлер әлеуметтік, кредиттік, арендалық тұрғын үй деп бөлінетіні белгілі. Бұл тұрғын үйдің әртүрлі екенін, олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері мен артықшылықтары бар екенін білдіреді.Мысалы, әлеуметтік тұрғын үй – мемлекеттік немесе жергілікті орган тарапынан әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға арналып салынатын тұрғын үй. Бұл тұрғын үй түрі негізінен табысы төмен азаматтарға немесе көпбалалы отбасыларға беріледі. Әлеуметтік тұрғын үйлердегі пәтер бағасы төмендетіледі немесе мұқтаж адамға тегін беріледі.Кредиттік тұрғын үй – тұрғын үйді сатып алу үшін банк немесе басқа қаржы ұйымдары арқылы берілетін несие негізінде ұсынылады. Бұл жағдайда сатып алушы тұрғын үйді несиеге алады және оны белгілі бір мерзім ішінде төлеуге міндеттеледі. Кредиттік тұрғын үйді пәтердің иесі ақысын өтеп біткенде жекеменшігіне алады.Арендалық тұрғын үй – тұрғын үйді жалға алу негізінде пайдаланылады. Аренда шарттары бойынша, тұрғын үйді жалға алушы ай сайын немесе басқа да мерзімдер бойынша ақы төлейді. Бұл тұрғын үйлер негізі сатылмайды, иесі оны уақытша тегін пайдаланады.
Бүгінгі күнге облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 38 503 азамат тіркелген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 9 344 болса, әлеуметтік осал топтағылардың саны – 15 950. Ал жетім балалар 3 008-ді құраса, бюджет қызметкерлері –10 198, үйі апатты жағдайдағы отбасы саны – 3.2024 жылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 12,3 миллиард теңгеге 2 909 пәтерлі 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,1 миллиард теңге құнды қағаз есебінен болса, 1,2 миллиард теңге облыстық бюджет есебінен қарастырылыпты.
– Тараз қаласында 2 531 пәтерлі 50 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2 231 пәтерлі 45 үй әлеуметтік-кредиттік тұрғын үй, 300 пәтерлі 5 үй арендалық. Қордай ауданында 120 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй құрылысы қолға алынса, Сарысу ауданында 90 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтуде. Талас ауданында 88 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй қайта жаңғыртылып жатса, Шу ауданында 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.Бұдан бөлек Тараз қаласының автобекет маңындағы «Әулиеата», яғни 14-ықшамауданда 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылысын осы жылы бастау үшін 5,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күнде мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылды.Осы жылдың қорытындысымен 2 569 пәтерлі 51 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олар «Ұлы дала» ықшамауданындағы 30 үй, Асқаров көшесіндегі 16 үй мен аудандардағы – 5 үй. 2024 жылдың 8 айында бюджет қаражаты есебінен 389 пәтерлі 9 үй және жекеменшік инвестиция есебінен 855 пәтерлі 20 үйдің құрылысы аяқталды, – дейді Е.Орынбаев.
АУКЦИОНҒА ШЫҒАРЫЛҒАН
ПӘТЕРЛЕР КӨП
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,7 миллиард теңгеге сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілетін 354 пәтер сатып алыныпты. Республикалық бюджет бойынша ірілендірілген көрсеткіш 315 816 теңге болса, оның 70 пайызы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен қарастырылған. Қазіргі уақытта Тараз қаласы 162 пәтерді сатып алуға 2 148,3 миллион теңге, Байзақ ауданы 60 пәтерді алуға 795,7 миллион теңге қарастырған. Жамбыл ауданы 265,2 миллион теңгеге 20, нақ осындай көлемдегі қаржыға 20 пәтерді Қордай ауданы, 159,1 миллион теңгеге 12 пәтерді Мойынқұм ауданы, 397,8 миллион теңгеге 30 пәтерді Сарысу ауданы сатып алмақ. Сонымен қатар Байзақ ауданы үнемделген 142,2 миллион теңге қаражатқа 11 пәтер сатып алады екен.Шу ауданы 50 пәтерді сатып алуға 663,1 миллион теңге бөлген.
Бүгінгі күнге республикалық бюджет есебінен 64 пәтердің жеңімпазы анықталыпты. Ол Тараз қаласы, Саңырақ батыр көшесіндегі құны 553,1 миллион теңгелік 42 пәтер және Сарысу ауданындағы құны 204,6 миллион теңге болатын 8 пәтерлі 2 үй мен Мойынқұм ауданындағы 79,6 миллион теңгенің 2 пәтерлі 3 үйі. Сонымен қатар 86 пәтер сатып алу конкурсына шығарылыпты.
Мойынқұм ауданындағы 6 пәтер 79,6 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсына беріліп, бірақ конкурсқа ешкім түспепті. Қордай ауданы 20 пәтерді 265,3 миллион теңгеге шілде айында конкурсқа шығарып, нәтижесін күтіп отырса керек. Байзақ ауданы 60 пәтерді 733,5 миллион теңгеге конкурсқа шығарған.
Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы есебінен жекешелендіру құқығымен жалға берілетін 1 221 пәтерді сатып алуға 18 509,4 миллион теңге қаражат қаралыпты. Бүгінгі күнге жоспарланған қаражатты қала және аудан қажеттілігіне қарай бөліп, тұрғын үй салуға қабілеттілігі бар жекеменшік мердігерлер оның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Мысалы, Тараз қаласы 507 пәтерді сатып алуға 7 685,7 миллион теңге, Байзақ ауданы 60 пәтерге 909,6 миллион теңге, Жамбыл ауданы 20 пәтерді сатып алуға 303,2 миллион теңге, Жуалы ауданы 60 пәтер үшін 909,6 миллион теңге бөлген. Қордай ауданында 100 пәтерге 1 515,9 миллион теңге, Меркі ауданы 30 пәтер үшін 454,8 миллион теңге, Т.Рысқұлов ауданы 60 пәтерді сатып алуға 909,6 миллион теңге, Сарысу ауданы 154 пәтер үшін 2 273,9 миллион теңге қарастырыпты. Талас ауданы үнемделген 408,4 миллион теңгеге 30 пәтер сатып алмақшы.
Сондай-ақ Талас ауданында 180 пәтерді сатып алуға 2 728,6 миллион теңге, Шу ауданында 50 пәтерді сатып алуға 757,9 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күнге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 134 пәтердің жеңімпазы анықталған екен. Оның барлығы Тараз қаласына тиесілі. Сарысу ауданында 82 пәтер сатып алынған. Сонымен қатар 204 пәтер сатып алу конкурсына шығарылған.Тараз қаласында 65 пәтер конкурсқа берілсе. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз тарапынан шілдеде 35, тамызда 57 пәтерді конкурсқа ұсынған. Т.Рысқұлов ауданы 60 пәтерді сатылымға шығарған. Жамбыл ауданында 2 пәтерлі бес үйден 10 пәтер, Шу ауданында 12 пәтер сатылымға шыққан.Жалпы биыл сатып алу тетігі арқылы осал топтағы 1 575 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылмақ. Былтырғы жылмен салыстырғанда пәтер 2 есеге, ал қаражат көлемі 3 есеге артыпты.
– Құрылысқа бағытталған даму бюджетінің 49,7 пайызы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қаражат тиімді игерілуде. Осы жылы бюджет қаражаты есебінен 77 инженерлік инфрақұрылым жобасының құрылысына 12 миллиард теңге қаражат қаралды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы үшін 9 тұрғын алқапта 4,5 миллиард теңгеге 13 инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жүргізіліп, жыл қортындысымен Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 351 жер телімі елге таратуға дайын болады.Тараз қаласы, Асқаров көшесінің соңына газ, су, жол, кәріз жүйелері жүргізілуде.
Тараз қаласының «Хамукат» тұрғын алқабына су, «Қарасу», «Құмшағал» тұрғын алқаптарына қиыршықты тасжол салынуда. Қордай ауданындағы Ауқатты ауылына су, электр жүйесі жүргізіліп жатса, Жамбыл ауданының Аса ауылында электр жүйесі наурыз айында пайдалануға қабылданды. Меркі ауданының Мыңқазан ауылында электр жүйесі, 2 тұрғын алқапқа су құбыры тартылды. Сарысу ауданындағы «Құрылысшы-Горняк», «Фосфорит» тұрғын алқаптарына да жаңадан су құбыры жүргізілді. Кеңейту жұмыстарына 2,9 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде 2 жоба 2025 жылға өтпелі.Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданының ішкікварталдық инженерлік желілері, яғни ауызсу, газ, электр, кәріз, жылу желісіне және магистральдік желілерін ұлғайтуға 1 657,4 миллион теңге жұмсалды.
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында қуаты 2х16000 кВА ВЛ-35 кВ 35/10 кВ болатын қосалқы стансасының 2 тізбекті желісінің 35 кВ құрылысы 229,1 миллион теңгеге салынып, нысан шілде айының екінші онкүндігінде пайдалануға қабылданды. Облыстағы Гвардейск қалашығының «Отарфарм» 35/10 кВ қосалқы стансасы құрылысына 171,2 миллион теңге жұмсалды. Қордай ауданының Қордай ауылындағы «Батыс» ВЛ-35 кВ электрмен жабдықтаудың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы, Меркі ауданындағы 77 және 32 гектар, Тескентоғандағы 37,9 гектар, Аққайнардағы 45 гектар тұрғын алаптарына 35/10 кВ 2 станса, 2 тізбекті әлеуметтік желілер бойынша 35 кВ электр желілері жұмысы жүргізілді.
5 жобадан тұратын Қаратау қаласындағы республикалық маңызы бар «Тараз» индустриялық аймағының жобаларына 700 миллиард теңге бөлінді. Оның 4 жобасы 2025 жылға өтпелі. 47 ішкіалаңдық желі құрлысына 1,4 миллиард теңге қаражат қаралған. Бүгінгі күнге 3 жобаның құрылысмонтаждау жұмыстары аяқаталды, - дейді Ерлан Орынбаев.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2,4 миллиард теңгеге 7 мектептің инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым жұмыстарының құрылысы жүргізіліп жатыр екен. 2023 жылы бюджет есебінен 106 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрлысына 13 миллиард теңге қаралыпты.Оның ішінде 17 алқапта 5,2 миллиард теңгеге 23 инфрақұрылым жобасының құрылыс жұмысы атқарылған. Жамбыл ауданының Аса ауылында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 жаңа тұрғын алқапта 5,2 миллиард теңгеге 23 инфрақұрылым жобасының құрылыс жұмысы атқарылған. Жамбыл ауданының Аса ауылында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 жаңа тұрғын алқапта 811 жер телімі елге үлестіріліп жатса, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы "Құрылысшы" тұрғын алқабында 58 жер телімі таратуға дайындалған.Міне, бұл өңірдегі құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Құрылыс саласын дамыту арқылы экономиканы ілгерілетуге ықпал ететін көрсеткіштерге қол жеткізу алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Халықтық емге сенесіз бе?
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024